Цифрлық теңдеуді түрлендіру – жоғары технология теңдігінің мүмкіндіктерін ашу

2023 ж. 6 March

2023 жылы «DigitALL: Гендерлік теңдікке жеткізетін инновациялар мен технологиялар» тақырыбына арналған Халықаралық әйелдер күні ескі гендерлік түсініктерді жойып, гендерлік теңдік күн тәртібіне жаңаша көз салудың шұғыл қажеттілігіне баса назар аударады. Айтылмақ ой нақты: цифрлық технологияларды әйелдер мен ерлердің ортақ игілігіне пайдалану үшін олардың қол жетімділігі ғана емес, сонымен қатар осы цифрлық «сапарда» тиісті білім мен әділ қатысу мүмкіндіктерін беру қажет.

Бүгінгі таңда жаһандық технологиялық беталыстар мен түсініктер біркелкі емес: олар инновациялар саласында әйелдерге жаңа перспективалар ашып отырса да, осы сәтті пайдаланып, гендерлік алшақтықты жою үшін бар мүмкіндікті пайдаланған жөн.

 

Цифрлық алшақтық теңсіздіктің жаңа көрінісіне айналды – атап айтқанда, дүние жүзі халқының шамамен 37 проценті әлі де Интернетке қол жеткізе алмайды. Айтарлықтай гендерлік айырмашылықтар цифрлық технологиялар мен цифрлық дағдыларға қол жетімділікте сақталып отыр: Интернетті ер адамдардың 69 проценті, ал әйелдердің 63 проценті пайдаланады. Алайда, цифрлық алшақтық адам әлеуетіне нұқсан келтіретін физикалық инфрақұрылыммен ғана байланысты емес. Адами тұрғыдан алғанда, бүкіл әлемде әйелдер STEM саласындағы жұмыс күшінің небәрі 28 процентін құрап, олардың ғылым мен технологияға қатысты салаларда ғылыми дәрежеге ие болу ықтималдығы ер адамдарға қарағанда шамалы.

Теңсіздіктің түпкі себептерін ықтиярсыз көзқарастар мен зиянды гендерлік стереотиптерден табуға болады. Зерттеушілер мұндай нормалар балалардың санасына мектеп жасына дейін-ақ әсер ете бастайды деседі. Кейінірек мектеп жасында STEM саласындағы жетістіктер табанды еңбекке емес, гендерлік сипаттарға байланысты деген жалпы пікір қалыптасады. Нәтижесінде әйелдер тіпті STEM оқулықтарында, содан соң жоғары технологиялық компаниялардың басшылығында сирек кездеседі. Жақында жүргізілген зерттеуге сүйенсек, Web3 саласындағы компаниялардың негізін қалаушылары мен инвесторлары арасында әйелдердің үлесі айтарлықтай төмен және олар толығымен ер адамдар жұмыс істейтін компанияларға қарағанда төрт есе аз қаржы тартады. Мұндай тенденциялармен институционалдық өзгерістер мен әлеуметтік нормаларды өзгерту арқылы күресу қажет.

Қазақстан гендерлік теңдік сатысымен көтерілді

Соңғы жылдары Қазақстан гендерлік теңдік саласындағы күн тәртібін іске асыруда біршама жетістіктерге жетті. Жаһандық гендерлік алшақтық туралы соңғы баяндамаға сәйкес, ел бұл рейтингте 65-ші орынға көтерілді – бұл соңғы онжылдықтағы тамаша жетістік. Елдегі мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қомақты қаражат салынды. Жақында Қазақстан 2022 жылғы Электрондық үкіметтің даму индексінде 28-ші орынға ие болды. Интернетпен қамту деңгейі де өте жоғары – 85,9 процент, оған әйелдердің 84,9 проценті қол жеткізіп отыр.

Алайда, Қазақстан халқының 38 проценті тұратын және олардың тең жартысын әйелдер құрайтын ауылдық аудандарда Интернетке кең жолақты қолжетімділік біркелкі емес және бұл өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін шектейді. 

Бұл орайда халық Интернетпен тұрақты қамтылған күнде де ол цифрлық алшақтықты қысқартуға әкелмеуі мүмкін екендігін айта кеткен жөн. Пайдаланушыларға Интернет қызметтері қымбат болуы, олардың қауіпсіз онлайн коммуникациялар туралы білімі болмауы немесе олар киберқауіпсіздік, құпиялылық пен жалған ақпарат салаларындағы түрлі тәуекелдердің алдында осал болуы мүмкін. Көпшілік қауым үшін цифрлық технологиялардың колжетімділігін арттыру қауіпсіз цифрлық контент пен қызметтердің артықшылықтарын пайдалану мүмкіндігімен тығыз байланысты.

БҰҰДБ гендерлік цифрлық алшақтықты жоюға шынайы берілген

2022–2025 жылдарға арналған БҰҰДБ Цифрлық стратегиясының басты ой өзегі «цифрлық технологиялар – өзгерістерге жетелейтін негізгі күш» дегенге саяды. Стратегияда цифрландыру инклюзивті болуға және құқыққа негізделуге, сондай-ақ, бүкіл қоғамның қатысуымен жүзеге асырылуға, атап айтқанда, ешкімді назардан тыс қалдырмауға тиіс деген көзқараспен қарастырылады.

Қазақстандағы БҰҰДБ цифрлық гендерлік алшақтықты жоюға және цифрландыруды гендерлік зорлық-зомбылық проблемасын шешу мен әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін пайдалануға ұмтылысын тоқтатпайды. Себебі:

Әйелдердің цифрлық экономикаға қатысуы олардың тәуелсіздігі мен елдердің өсуі үшін өте маңызды. Оларды цифрлық кеңістікке қатыстырмау терең экономикалық салдарларға әкеп соғады. Ресми құжаттаманың жоқтығы мен біржақты әлеуметтік нормалардың үстіне ұялы байланысқа шектеулі қолжетімділік, цифрлық дағдылар мен қарапайым қаржылық сауаттылықтың болмауы гендерлік цифрлық қаржылық алшақтықты қолдайтын факторлар болып табылады.

Digital and ICT skills
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

БҰҰДБ дүние жүзі бойынша жаңашыл әйелдер мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді жалғастыруда. Мысалы, 2021 жылы Қазақстандағы БҰҰДБ Қазақстанның шалғай аудандарындағы әйелдердің технологиялық секторда жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін жақсарту үшін олардың арасында цифрлық технологиялардың колжетімділігін арттыру мен көшбасшылықты ілгерілетуге бағытталған «Алға!» атты жобаны жүргізді. АКТ мен STEM салаларында жұмыс істейтін әйелдің мысалдары қатысушылардың XXI ғасырға қажетті дағдылар туралы хабардарлығын арттыру үшін үлгі ретінде ұсынылды.

Цифрландыру қоғамдық тауарлар мен қызметтерді жеткізуде мүмкіндіктер туғыза отырып, сонымен қатар қиындықтарға да алып келеді. Цифрлық дәуірде дәстүрлі қызмет көрсету механизмдері жеткіліксіздік танытатындықтан көптеген үкіметтер үшін мемлекеттік секторларды цифрлық экожүйелерге бейімдеу басымдық болып отыр. Қазақстандағы БҰҰДБ осал отбасыларға жедел әрі тиімді мемлекеттік қолдау көрсетуге көмектесетін инновациялық шешім – Отбасылық цифрлық картаны әзірлеп енгізуде Қазақстан үкіметіне қолдау көрсеткенін мақтан тұтады.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда Отбасылық цифрлық картаны енгізу мен пайдалану үкіметтің халыққа сапалы қолдау көрсету тиімділігін арттырып, әлеуметтік қорғау мен қауіпсіздікке тең қол жеткізу жолындағы «көпірдің» қызметін атқарады.

 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

БҰҰДБ цифрлық қоғамдық пікірталас кеңістігіндегі әйелдердің құқықтарын қорғау жұмысына қосылады

Бір ескерту: цифрландыру ашатын көптеген мүмкіндіктермен бірге онлайн зорлық-зомбылық қаупі де туындайды. Цифрлық қоғамдық пікірталас кеңістігі мен саяси өмірдегі зорлық-зомбылықтың бұл түрі бүкіл әлемдегі әйелдердің қатысуына, психикалық денсаулығы мен амандығына қауіп төндіреді. Цифрлық қоғамдық пікірталас кеңістігіндегі әйелдердің құқықтарын қорғау стандарттарындағы, құқықтық базасы мен құқық қолдану жұмысындағы ағаттықтар әйелдердің құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеледі.

Осыған байланысты Қазақстандағы БҰҰДБ әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық пен алымсақтықты тоқтату үшін технологияларды қолдануға жастарды тарту арқылы белсенді ұстанымды ұстанады. «Жарық сәулесі» аймақтық бастамасы аясында өткізілген идеялар марафонының арқасында Орталық Азияның бес елінің жастары аймақтағы гендерлік зорлық-зомбылықпен күресудің 58 шешімін әзірледі. Бұл – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды сәт.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Осылайша, инновациялық күн тәртібін қалыптастырудағы әйелдер мен қыздардың негізгі рөлін қалыптандыра отырып қана біз гендерлік цифрлық алшақтықтан бастап трансформациялық технологиялар мен цифрлық білім беруді ілгерілету үшін әйелдердің дауысын күшейтуге дейінгі қазіргі уақытта әлемде кездесетін күрделі экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктерді жеңе аламыз.

БҰҰДБ теңдеудің екі жағын да ескере отырып, әйелдер мен қыздарды олардың іске асырылмай отырған әлеуеті жоғары технологиялық экономиканың дамуына серпін бере алатындай өмірдің барлық салаларына белсенді түрде қатыстыруға ұмтылады.

 

Мақала astanatimes.com-мен серіктестікте дайындалған.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ