Ілгерілеушілікке ұмтылыс: Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарына жететін жолы
2023 ж. 20 September
Осы күндері БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Тұрақты даму мақсаттарына арналған Саммит өтіп жатқанда әр жерден үміт, дәме мұндалайтын іспетті. Аталмыш Саммит ТМД-ға жетуге деген ортақ ұмтылысымызда басты рөл атқарады, 2030 жылға қарай іс-қимылдарды түрлендіру мен үдету бағытын белгілейді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы шақырған Саммит Тұрақты даму жоспарын 2030 жылға дейін жүзеге асыруда жарты жолдан өттік дегенді білдіреді. Саммит Бас Ассамблеяның Жоғары деңгейдегі апталығының негізгі бөлігі болғандықтан, оның маңыздылығын жете бағаламауға болмайды.
Біздің әлем өзара байланысты және дереу назар аударуды қажет ететін көптеген күрделі мәселелермен бетпе-бет келді: климаттық дағдарыстан теңсіздікке дейін, денсаулық сақтаудағы төтенше жағдайлардан бейбітшілік орнату шараларына дейін. Осы дағдарыстардың салдары ғаламшардың әр түкпірінде сезіледі. 2023 жылғы ТДМ Саммиті — сын-қатерлерге бірлесіп қайтарған жауабымыз және оларға қарсы тұруға деген табанды міндетіміз.
Саммит тек дағдарыстарға қатысты шара қолдануды ғана емес, сондай-ақ әрекетке үндеуді, жолдағы қиындықтарға қарамастан, табандылығымыз бен бірлігіміз кез келген кедергіні жеңуге көмектесетінін еске салуды да көздейді.
Осы тұста мен Қазақстанның ТДМ аясында жеткен жетістіктеріне, сондай-ақ ел әлі де тап болып жатқан сын-қатерлерге тоқталып, талдау жасағым келеді.
Қазақстандағы ТДМ: деректердің қолжетімділігіне, институттарды нығайтуға және қаржыландыруға ден қою
Қазақстан ТМД-ға жету жолында елеулі жетістіктерге жетті. Ел ТДМ-ны, атап айтқанда оның 87 негізгі көрсеткіштерін өзінің мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кіріктіру арқылы мықты заңнамалық негіз қалады. Аталмыш көрсеткіштер Ұлттық жобаларға және Өңірлерді дамыту бағдарламаларына толығымен кіріктірілген — бұл елдің ТДМ-ға қалай жетуге ниетті екенін айқын түсінуге мүмкіндік береді. 2025 жылға қарай барлық 87 көрсеткіш бойынша мақсатты мәндерді белгілей отырып, Қазақстан институционалдық тетіктер мен заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ жеткілікті қаржыландыру деңгейіне тәуелді жетістіктерге жетуді қамтамасыз етуді мақсат тұтып отыр.
Қазақстанда 2030 жылға қарай ТДМ-ға ойдағыдай қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бюджеттік жоспарлардың сол мақсаттарға жетуге керек болатын нақты қажеттіліктерді көрсетуіне кепіл болу қажет. Демек, қаражатты үлестіру ТДМ басымдықтарына сай болуы тиіс. Осы тәсілдің көмегімен біз қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді келешекте ТДМ-ға қол жеткізудегі ілгерілеуді демеу және жеделдету үшін бюджет ресурстарының тиімді игерілуіне көз жеткізе аламыз.
Қазақстандағы ТДМ мақсаттарына сай,әмбебап тәсіл
БҰҰ мен Қазақстан үкіметі арасындағы ынтымақтастық ТДМ-ға жету процесі аясында зор мәнге ие. Біз кешенді шешімдерді қолдану арқылы ілгерілеуді үдету үшін күш біріктіріп жұмыс істейміз. Біз әрбір ТДМ-ны жеке-дара қарастырмаймыз, керісінше, оларды қалай өзара байланыстыруға болатынына ден қоямыз, себебі, мұның табысқа жетуімізге көмектесетінін жақсы түсінеміз. ТДМ-ға жетудің маңызды факторы әртүрлі мемлекеттік органдар мен халықаралық қоғамдастық арасындағы ынтымақтастық пен үйлестіруді жеңілдеткен Үкімет жасаған икемді әрі тиімді жүйе болды.
Тиімді үйлестіру тетіктері елдегі БҰҰ ұжымына Үкіметтің басымдықтарына жедел ден қоюға және ең оңтайлы шешімдер ұсынуға мүмкіндік берді.
ТДМ-ны кіріктіруді, қаржы саясатының тиімділігін және басқа да тұстарды бағалау үшін инновациялық құралдарды пайдалану бізге Қазақстанның ТДМ-ға жету жолында жасап жатқан қадамдарының қаншалықты сәтті екенін жақсырақ түсінуге, оған кедергі келтіретін олқылықтар мен шектеулерді анықтауға мүмкіндік берді. Осының арқасында біз Үкіметке атаулы техникалық көмек көрсете аламыз. Нәтижесінде шешім қабылдау үшін ТДМ-ға жетуді жеделдетуге қажетті құралдарды жылдам алуға мүмкіндік туады.
2021-2022 жылдары Қазақстандағы БҰҰДБ Экономикалық зерттеулер институтымен бірлесе отырып, ұлттық бюджет аясында 17 Тұрақты даму мақсатына, оның ішінде соған қатысты 169 міндетке жетудегі ілгерілеуге талдау жүргізді. Сарапшылар 2019-2021 жылдар аралығын сараптады. Талдау орта есеппен мемлекеттік бюджеттің 80%-ын қамтыды.
Нәтижелер қаржылық ресурстардың қаншалықты тиімді үлестірілетінін жақсырақ түсінуге мүмкіндік берді. 169 ТДМ міндеттерінің арасында тек 99 мақсат немесе 58,6%-ы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылды, қаражаттың негізгі бөлігі келесі ТДМ-ға бөлінді:
• Кедейлікті жою (ТДМ 1) – мемлекеттік бюджеттің 23%;
• Сапалы білім (ТДМ 4) – мемлекеттік бюджеттің 16,1%;
• Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым (ТДМ 9) – мемлекеттік бюджеттің 12,1%.
Қазіргі уақыттағы басымдықтарымыздың бірі — жергілікті және өңірлік билік органдарының рөлін күшейтуге баса назар аудара отырып, ТМД-ны одан әрі жергіліктендіру. Құзыреттілікті дамыту семинарлары арқылы біз 150 мемлекеттік қызметкерді сарамандық дағдылармен қамтамасыз еттік және осының арқасында жергілікті даму стратегиялары мен бағдарламаларын ТДМ-ға сәйкес әзірлеуге мүмкіндік бердік.
Тиімді қаржылық және бюджеттік басқару — ТДМ-ны жергіліктендірудің ажырамас бөлігі. Бюджет жасау тиімділігін арттыру үшін біз Қаржы министрлігімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Түпкі мақсатымыз – дағдарыс кездерінде басым бастамаларға дер кезінде қолдау көрсетуді және қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ететін өзін-өзі басқаратын қаржылық құрылым құру.
Біз биліктің заң шығарушы тармағымен белсенді жұмыс істейміз, Парламенттік комиссияның құрылуына жәрдемдесеміз. Аталмыш комиссия заңнамалық үдерістер аясында тұрақты даму саласындағы іс-шараларды, соның ішінде бюджетті ТДМ-ға сай жасауды қадағалайды және үйлестіреді.
Ақпараттандырылған шешім қабылдауды қолдау үшін біз ресурстарды үлестіру және шешім қабылдау процестерінің ашықтығын қамтамасыз ететін бірегей құралды – ТДМ қаржыландыру бойынша ақпараттық тақтаны әзірледік. Ол барлық мемлекеттік органдарға, ҮЕҰ-ға, ТДМ шеңберінде мемлекеттік бюджетке қаражаттың үлестірілуін қадағалайтын басқа да мүдделі құрылымдарға қолжетімді болады.
Орталық Азияға арналған ТДМ платформасын құру
Орталық Азия елдері (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан) 2030 жылға қарай Тұрақты даму мақсаттарына жету және оларды ұлттық жоспарларына кіріктіру міндеттемесін мойнына алды. Орталық Азия елдерініңТДМ-ға деген ортақ көзқарасы Еуропалық Одақ қаржыландыратын Аймақтық ТДМ платформасы атты маңызды аймақтық бастамаға жол ашты. ТДМ платформасының басты назары екі мәселеде: Орталық Азия елдері арасында білім алмасуды арттыру және саясат саласындағы реформалар үшін ортақ түйіткілді мәселелер мен озық тәжірибелерді анықтау. Екеуінің де ортақ мақсаты бар – аймақта ТДМ-ға қол жеткізуді жеделдету.
Орталық Азияға арналған ТДМ платформасы үрдістер мониторингін, ТДМ саясатын, Мақсаттар арасындағы өзара байланысты, ТДМ-ды қаржыландыруды және басқа да мәселелерді байланыстыра отырып, жан-жақты аймақтық шолуды жүзеге асырады. Платформа Орталық Азия елдеріндегі үрдістер мен қиындық тудыратын салаларды анықтауға мүмкіндік беретін ТМД бойынша ілгерілеудің негізгі көрсеткіштері туралы мәліметтерді қамтиды. Осылайша ерекше назар аударуды қажет ететін осалдықтар мен салаларды анықтауға болады.
Жаңа бюджеттік тәсілдер мен қаржылық стратегияларды қолдану арқылы ТДМ үшін ресурстарды қайта үлестіру
Жеткен жетістіктерге қарамастан, әлі де қарастыратын мәселелер бар. 2023 жылдың нәтижесі бойынша Қазақстан ТДМ индексінде 100 ұпайдан 71,6 ұпай жинап, барлығы 166 елдің арасында 66-шы орында тұр. 2021 жылмен салыстырғанда жеті орынға төмен түсу бюджетті ТДМ мақсаттарымен сәйкестендіруге анағұрлым көп күш салу қажет екенін көрсетеді.
ТДМ-ға қол жеткізудегі ілгерілеушілік тұрғысынан Қазақстандағы «қызыл аймақта» тұрған салалар ерекше алаңдаушылық туғызады, яғни, күрделі мәселелерді көрсетеді: ТДМ 2 «Аштықты жою», ТДМ 7 «Арзан және таза энергия», ТДМ 13 «Климаттың өзгеруімен күрес», ТДМ 15 «Құрлық экожүйелерін сақтау», ТДМ 16 «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар». ТДМ 16 қоспағанда, бұлар —ең аз қаржыландырылатын ТДМ-лар.
Соңғы жылдары әлем үкіметтері жасыл бюджет, аман-саулық бюджеті және гендерлік бюджет сияқты әр түрлі бюджет жасау тәсілдерін қолдана бастады. Мұндай тәсілдер ресурстарды басым бағыттардың пайдасына қайта үлестіріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. ТДМ үшін бөлінетін бюджет те ресурс бөлуді стратегиялық даму мақсаттарымен қиыстыруға, бытыраңқылықты жеңуге және ел ішіндегі саясат пен әрекеттердің өзара үйлесімділігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Алға жылжыған сайын Қазақстанның ТДМ бойынша міндеттемелері осы жаһандық мақсаттардың өзара байланысын ескеретін және оларды іске асыруды ұлттық бюджет аясында басымдыққа айналдыратын орнықты қаржылық стратегияны талап етеді. Мұндай тәсіл тұрақты даму мен бюджет басымдықтарын біріктіруге ұмтылатын өзге елдер үшін ілгері басуға, үлгі боларлық іс көрсетуге септігін тигізеді.
Қорытындылай келе баршаңызды ТДМ-ға деген ортақ адалдығымызды тағы бір мәрте растауға үндеймін. Осынау түрлену мен жеделдетілген іс-қимылдар жолында ісіміз сөзімізден де мәнді екенін көрсетейік. Бірлігіміз бен жігеріміздің арқасында әр алуан алшақтықты жоюға және әлемге сондай қажет ілгерілеушілікке қол жеткізе аламыз.