Мүмкіндіктер жолы: Қазақстандағы БҰҰДБ-мен саяхат

2023 ж. 16 June
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Ес білгелі мені өз өмірімді қандай іске арнасам екен, не нәрсеге бейім екенмін деген ой толғантқан еді. Шамамен бес жыл бұрын мен әлдебір өзгерістерді күтіп отырудың орнына әрекет етудің уақыты келді деп шештім. Жұмысқа әншейін барып қана қоймай, мені әрекет етуге, өзімді жетілдіруге шабыттандыратын, көшбасшылық қасиеттерімді дамытуға және жанымның жайбарақаттығына жетуге мүмкіндік беретін нәрселермен айналысқым келді.

Ол уақытта мен жергілікті компанияда қаржыгер-талдаушы болып жұмыс істейтінмін, менің жеке кабинетім мен айтарлықтай жоғары жалақым болды. Оған қоса, білім мен тәжірибеден басқа мен ағылшын тілін де біршама меңгеріп, әжептәуір қарым-қатынас дағдыларына ие болғам. Өз түйіндемемді талдап алған соң мен, менің ойымша, өз әлеуетімді толық жүзеге асыруға мүмкіндік бере алатын халықаралық ұйымдарда жұмыс іздей бастадым.

Менің ізденісім БҰҰ сайтында бос жұмыс орындарын көргенде аяқталды. Менің әкімшілік басқару, сатып алуды ұйымдастыру және қаржылық есептемені жүргізу саласындағы білімім жоба ассистенттеріне қойылатын негізгі талаптарға сәйкес келетін болып шықты. Солайша мен Қазақстандағы бірнеше бос орынға өтініш бердім.

Бұл жерде мен үшін ең маңыздысы халықаралық ұйымда жұмыс істеу мүмкіндігі мен жұмыс тәжірибесіне ие болу болғанын және мені тіпті жалақы деңгейі мен лауазым аса қызықтырмағанын айта кеткен жөн. Және, ең бастысы, менің отбасым осы ойымды толығымен қолдады.

Алғашқы топтық сұхбат онлайн режимінде өтіп, менің ойымша, сол сәтте мен өз мүмкіндіктерімді толық аша алмадым, бірақ олар өздері үшін кейбір нәрселерді түртіп алған сияқты. Маған БҰҰДБ-ға құжаттарды не үшін тапсырғаным туралы үйреншікті сұрақ қойылды. Сол кезде де, қазір де жауабым: «Мен бұл әлемді жақсартуға үлес қосқым келеді».

Одан кейін тағы бірнеше іріктеу кезеңі болды, алайда мен бұл лауазымға өтпедім. Осы тәжірибенің арқасында мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін одан әрі іске асыру стратегиясын анықтай алдым.

«Ештеңе етпейді!», деген оймен мен жұмысымды жалғастыра бердім. Араға біраз уақыт сала маған қоңырау шалып, Қазақстандағы БҰҰДБ жобаларының біріндегі келісімшарт мерзімі жарты жылға тең лауазымға келісер ме едім деген сұрақ қойды. Жарты жыл! Әйтсе де, неліктен көрмеске?

Бұл күн менің өмірімді мәңгілікке өзгертті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

БҰҰДБ деген не?

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) БҰҰ бөлімшелерінің бірі болып табылады және 30 жылдан бері қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды іске асырып келеді. БҰҰДБ алғашында Мыңжылдық даму мақсаттарына және қазір Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес әлеуметтік, экономикалық салалардағы, мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту мақсатындағы, экология, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобаларды жүзеге асырады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Сонымен, менің БҰҰДБ жүйесіне кіру билетім «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін дамытуды қолдау» жобасы болды. Мені ең алдымен БҰҰДБ-дағы адамдардың корпоративтік мәдениеті, құндылықтары мен этикалық мінез-құлқы аса қатты таңғалдырды.

Алғашқы айда маған курстардың екі түрінен – кіріспе және міндетті курстан өту қажет болды. Кіріспе курс бизнес-процестер мен ішкі процедураларда жөн табуға көмектеседі. Міндетті курстар БҰҰ корпоративтік мәдениетін, этикалық нормаларын, құндылықтарын, сондай-ақ саясаттарын түсіну үшін өте пайдалы. Осылайша сіз жаңа келген адам білуі керек нәрсенің бәрін бірден үйренесіз.

Жарты жылдық келісімшартым аяқталып, мен қайтадан ізденіс жолына түстім. Тәжірибем болғандықтан мен ұқсас лауазымдарға құжат тапсырдым. Көп рет тапсырып, көп рет қабылданбасам да, ақыр аяғында жолым болды!

Менің жаңа саяхатым мониторингті, есептемені және верификацияны (МЕВ) жақсарту, саясатты қалыптастыру, реформаларды жүргізуге дайындық, елдің климаттың өзгеруі саласындағы әлеуетін арттыру жобасынан басталды.

Бұл жоба менің болашағымды алдын ала айқындады.

БҰҰДБ өмірді қалайша өзгертеді?

Түбегейлі!

Менің қатарынан бірнеше жобада, бірақ негізінен энергетика және қоршаған орта жобаларының портфелінде жоба ассистенті болып жұмыс істеп жүргеніме 3 жыл болды. Әріптестерімнің барлығы – жоғары деңгейлі кәсіпқойлар және жобадағы әрбір адам өз функциясын атқарса да, сонымен бір уақытта біз бір-бірімізге көмектесіп, қажет болған жағдайда қолдау көрсетеміз және қол ұшын береміз. Өзара қолдауға бағытталған мұндай көшбасшылық тәсіл оң жұмыс атмосферасын құруға жәрдемдеседі.

Осы жылдар ішінде мен жұмысымның мазмұнды құрам бөлігіне көбірек уақыт бөле бастадым. Оның ішінде, мысалы, парниктік газдар саласындағы есеп беру, климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарларын жұмсарту мәселелері, сондай-ақ жаңартылатын энергия мәселелері.

Сонымен қатар, БҰҰДБ-да тақырыптық іс-шараларға қатысуға, тренингтер мен семинарларда оқуға бірегей мүмкіндік бар. Мен климаттың өзгеруі бойынша көптеген тренингтерге қатысып, тіпті парниктік газдарды түгендеу саласындағы алғашқы халықаралық сертификатыма ие болдым!

БҰҰДБ мені алға ұмтылуға шабыттандырды

Кенеттен сіз өзіңіздің үлкен өзгерістерге қатысып, елдің экологиялық мәселелерін шешуге өз үлесіңізді қосатыныңызды түсінесіз. Күн сайын мен Қазақстандағы экология саласының дамуы, климаттың өзгеруі, адам қызметінің қоршаған ортаға әсері туралы, оның ішінде оны сақтауға арналған жаңа технологиялық шешімдер туралы көптеген жаңа ақпарат аламын.

Экология және климаттың өзгеруі тақырыбы қызықты болғаны соншалық, мен оқуымды енді басқа деңгейде жалғастыру туралы шешім қабылдадым. Бірнеше айлық мұқият дайындықтан кейін ұлттық жоғары оқу орнының магистратурасына «Қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғау» мамандығы бойынша грантқа ие болдым. Жұмыс пен оқуды біріктіру оңай болмаса да, өте қызықты!

Университетте бізге теория оқытылса, жұмыста менде алған білімімді экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы шұғылданушы сарапшылармен талқылаудың бірегей мүмкіндігі бар екенін атап өту маңызды. Оған қоса, әріптестерімнің әрқайсысы өз тәжірибесімен бөліседі, мен халықаралық тәжірибеге еркін қол жеткізе аламын, және осының бәрі мені одан да көбірек білуге, зерттеуге және зерделеуге шабыттандырады!

Менің мысалым ізденіс үстінде жүрген барлық адамдарды шабыттандырады деген үмітпен бес қарапайым кеңес бергім келеді:

  1. Өзіңе сенімсіз болуды доғар. Арманыңның орындалуына көмектесу үшін бүкіл әлем барын салатынына кәміл сен.

  2. Мүмкіндіктерді тек айналаңнан ғана емес, тіпті өзіңді мүлде елестетпейтін жерден де ізде. Қалыптасып қалған әдеттен тыс ойла. (Thinking out of the box)

  3. Осы мезетте әрекет ет те, алысқа көз таста. Тактика да, стратегия да маңызды.

  4. Жаңа бағыттарды үйренуді баста, әрқашан ізденіп, зертте.

  5. Ешқашан жеңілдім деме.