
Астанада су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің II отырысы өтті. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың төрағалығымен өткен іс-шараға халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының, шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен бизнестің өкілдері қатысты. Отырыста Су ресурстары және ирригация министрлігі, оған ведомстволық қарасты ұйымдар мен бірқатар халықаралық серіктес арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бес құжатқа қол қою рәсімі өтті.
Қатысушылар Үйлестіру кеңесінің жартыжылдық жұмысын қорытындылап, су ресурстарын орнықты басқарудың басым бағыттарын талқылады. 2024 жылдың қыркүйегінде бекітілген 2024 – 2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасын одан әрі іске асыруға, сондай-ақ серіктестіктерді нығайтуға ерекше назар аударылды.
Су серіктестігі бастамасы шеңберінде жұмылдырылған қолдаудың жиынтық көлемі озық технологияларды енгізуді және су инфрақұрылымын жаңғыртуды, сондай-ақ оқыту мен техникалық консультациялық көмекті қоса алғанда, сараптамалық сүйемелдеуді қамтиды.

«Бүгінгі таңда Үйлестіру кеңесі өзін мемлекеттік, халықаралық және жеке секторлар арасындағы әріптестікті қалыптастыру үшін тиімді алаң ретінде өзін көрсетті. Жарты жыл ішінде біз нақты келісімдерге қол жеткізіп, бірқатар серіктес елмен, даму институттарымен, қаржы ұйымдарымен және ірі компаниялармен жаңа жобаларды іске қостық. Министрлік Нидерланды, Франция, Германия, Испания, АҚШ, Израиль, ҚХР, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі мен БҰҰДБ сияқты халықаралық әріптестерімен үш келісім мен 16 меморандум жасасты», –деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Министрлік Испанияның Xcalibur Smart Mapping компаниясымен Қазақстанның батысындағы жер асты суларының кен орындарын картаға түсіру жобасы бойынша келісімге қол қойды. Құжат екі жақтың еліміздің жер асты су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті зерттеуді жүргізуге келісімін растайды.
Министрлік, Ислам даму банкі және БҰҰДБ ниет туралы мәлімдемеге қол қойды. Құжат Қазақстанның су саласындағы техникалық әлеуетін бірлесіп нығайтуды, цифрландыруды ілгерілетуді, су тасқынын болжау жүйесін және климаттың өзгеруіне төзімділікті жетілдіруді, су саясатын дамытуды көздейді.
Су ресурстарының Ақпараттық-талдау орталығы мен Еуразиялық даму банкі су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруға грант бөлу туралы келісімге қол қойды. Жоба 2026 жылы аяқталады. Оның мақсаты - Қазақстанның су ресурстарын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, шығындарды азайту және олардың ұтымды бөлінуін қамтамасыз ету.
«Қазсушар» кәсіпорны мен қытайлық PowerChina International компаниясы қазіргі ынтымақтастық және оны одан әрі нығайту туралы келісімге қол қойды. Атап айтқанда, тараптар қазақстандық су шаруашылығы мамандары үшін Қытайда оқыту семинарларын өткізуге келісті. 30 адамнан тұратын бірінші топ Қытайда екі апталық оқуды бастап кеткенін қоса кетейік.
Сондай-ақ «Қазсушар» «Primus Capital Almaty» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат республикалық мемлекеттік кәсіпорынның гидротехникалық құрылыстарында шағын гидроэлектр станцияларын салу саласындағы серіктестікті дамытуға бағытталған.

«Бірнеше айдың ішінде бұл Кеңестің идеядан нақты нәтижелері бар жұмыс істейтін платформаға айналғанын көру қуантады. Платформа Қазақстанның су секторының басымдықтарын қолдау үшін ұлттық және халықаралық мүдделі тараптардың кең ауқымын біріктірді. Біз Қазақстан Республикасының су секторының орнықтылығын арттыруға бағытталған жаңа бастамалар мен серіктестіктердің іске асырылып жатқанын көріп отырмыз», -деп Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа атап өтті.
Су секторын дамыту жөніндегі серіктестердің Үйлестіру кеңесі былтыр қыркүйек айында Су ресурстары және ирригация министрлігінің және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының бастамасымен құрылды. Қазіргі уақытта кеңестің құрамында 35 серіктес бар.
