БҰҰДБ Қазақстанда стратегиялық жоспарлауға бейімделу мәселелерін интеграциялау жөніндегі жобаны іске қосады
2024 ж. 5 July
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Экология және табиғи ресурстар министрлігімен серіктестікте және Жасыл климаттық қордың (ЖКҚ) қаржылық қолдауымен Қазақстандағы стратегиялық жоспарлауға климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін интеграциялау жөніндегі жобаны іске қосады.
Климаттың өзгеруі қоғам өмірінің түрлі аспектілеріне әсер етеді әрі әлеуметтік және гендерлік теңсіздікті күшейте түседі. Бұл ауылшаруашылық өндірісі, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, су және энергетика, көші-қон, құрылыс және т.б. салалардағы әйелдер мен ерлерге әртүрлі әсер етеді. Климаттың өзгеруіне бейімделу климаттың өзгеруіне ұзақ мерзімді ден қоюдың, ұлттардың, жергілікті қоғамдастықтар мен экожүйелердің орнықты экономикалық дамуы мен әлеуметтік әл-ауқатының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазақстан климаттық өзгерістерге өзінің орнықтылығын арттыру үшін белсенді жұмыс істеуде. Notre Dame жаһандық бейімделу индексіне сәйкес, 2021 жылы Қазақстан климаттың өзгеруіне бейімделу тиімділігі бойынша 185 елдің ішінде 36-шы орынды иеленді.
Қазақстан Үкіметі экономиканың барлық секторларында экологиялық тәсілді қабылдады. Климаттың өзгеруі мәселесі бірқатар басты стратегияларда, саясаттарда және тұжырымдамаларда көрініс тапты. Климаттың өзгеруіне бейімделу тақырыбы алғаш рет Қазақстан Республикасының заңнамасында Экологиялық кодекстің «Климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы мемлекеттік басқару» жаңа тарауында жарияланды. Бұл тарауда климаттың өзгеруіне бейімделу нормалары мен процестері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жаңа құзыреттері баяндалған.
«Климаттың өзгеруіне бейімделудің одан әрі процесі өңірлік деңгейде де жүзеге асырылуы керек және бүгінгі жоба климаттың өзгеруіне орнықтылық пен бейімделуді жақсарту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Жоба аясында біз экономикамыз бен қоғамымыздың әртүрлі секторлары үшін климаттың өзгеруінің салдарын жою жөніндегі барлық стратегиялар мен іс-қимылдарды баяндайтын кешенді құжатты, ұлттық бейімделу жоспарын бірлесіп әзірлейміз. Жоспарда көрсетілген мақсаттарды қамтамасыз ету үшін барлық деңгейлерде үйлестіру, коммуникация және ынтымақтастық қажет», -деп атап өтті Гүлмира Галиева, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаменті директорының орынбасары.
Климаттың өзгеруімен күресу қомақты қаржылық инвестицияларды қажет етеді. БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) шеңберінде жүргізілген талдау 78 елдің «Ұлттық деңгейде айқындалатын салымдар» (ҰДАС) деп аталатын климаттың өзгеруіне қарсы ұлттық жоспарларда көрсетілген қаржыландыру қажеттіліктері 2030 жылға дейін шамамен 5.8 триллион АҚШ долларын құрайтынын көрсетті. Орташа алғанда, бұл жылына шамамен 600 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл жобада бейімделу шараларын іске асыру үшін жеке секторды және ұлттық және халықаралық қаржыландыруды тартуға ерекше назар аударылады.
«Бейімделу барлық елдердің алдында тұрған жаһандық сын-қатерді білдіреді. БҰҰДБ интеграцияланған және көп салалы шешімдерді ұсына отырып, үкіметтермен барлық деңгейде ынтымақтасады. Бұл жобада Қазақстан үкіметімен бірлесе отырып, біз климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарын дайындау бойынша ауқымды жұмыс жүргіземіз. Біз орман, су және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ азаматтық қорғау сияқты салалардағы ұлттық заңнаманы талдаймыз. Бұдан басқа, ұлттық және аумақтық даму жоспарларына бейімделуді интеграциялау үшін жағдай жасай отырып, тәуекелдерді анықтау үшін осалдықты бағалау жүргізілетін болады», –деп атап өтті Әсел Нұрбекова, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Энергетика және қоршаған орта департаментінің басшысы.
БҰҰДБ елдердің бейімделу саласындағы қызметті жүзеге асыру және Париж келісімінің 7-бабының мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі күш-жігерін қолдайды. Ұлттық бейімделу жоспарларын әзірлеу процесі елдерге тәуекелдерді жан-жақты басқаруға, бейімделудің орта және ұзақ мерзімді қажеттіліктерінің шешімдерін табуға әрі ішкі және донорлар қолдайтын ресурстардың үйлестірілген дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін практикалық тәсілді білдіреді.
2017 жылдан бастап БҰҰДБ Жасыл климаттық қордың дайындық бағдарламасының қаржылық қолдауымен Ұлттық бейімделу жоспарларын ілгерілету жөніндегі көпжылдық жобаларға қатысатындығын естеріңізге сала кетейік. Бүгінгі таңда 53 ел БҰҰ КӨНК-ке өздерінің Ұлттық бейімделу жоспарларын ұсынды, олардың 32-сі БҰҰДБ-дан техникалық қолдау алды.