БҰҰДБ мен Қазақстан Тұрақты даму жөніндегі Жоғары деңгейдегі БҰҰ саяси форумында өздерінің табысты әріптестіктерін атап өтуде

2023 ж. 17 July
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігімен әріптестікте «Өзгерістер жолындағы әріптестік: Қазақстандағы теңсіздікпен күрес пен цифрлық дамуды ілгерілету» атты жоғары деңгейдегі қосымша іс-шараны ұйымдастырды.

Тұрақты даму жөніндегі Жоғары деңгейдегі саяси форумның (ЖДСФ) аясында өткізілген қосымша іс-шара БҰҰДБ мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігіне арналып, трансформациялық бастамаларға, теңсіздіктерді жоюға, институттарды жаңғыртуға және төмен көміртекті дамуға жәрдемдесуге алып келген жемісті ынтымақтастықты атап өтті.

Қосымша іс-шарада Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі ретінде елге ТДМ-ға жетуге көмектесуге бағытталған БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасын бірлесіп қаржыландыру тетігі ұсынылды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен берік әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Бұл жаңа тетік өңірлерді және Қазақстан Үкіметінің басым және ұзақ мерзімді реформаларын қолдау үшін қажетті жобалар пулын және техникалық көмек ауқымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бөлінген қаражат Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын қоса алғандағы ел өңірлерін дамыту үшін, экономиканың «жасыл» секторларын ілгерілету үшін және Қазақстандағы келешек институционалдық реформаларды қолдау үшін пайдаланылатын болады», –
деді Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Іс-шара шеңберінде сондай-ақ осы әріптестіктің флагмандық бастамасы – тиімді қызмет көрсетуді және ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін бүкіл үкіметтік тәсіл арқылы теңсіздік мәселелерін шешуге арналған инновациялық платформа – Отбасының цифрлық картасы ұсынылды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Инклюзивті цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды құру теңсіздікті азайту, мемлекеттік басқаруды жақсарту және қоғамдық сенімді қайтаруды қоса алғанда, ТДМ-ға жетудегі прогреске ықпал ете алады. БҰҰДБ дүние жүзіндегі үкіметтерге цифрлық технологиялардың трансформациялық күшін пайдалануға көмектесу құрметіне ие, және Қазақстан мұндағы айрықша үлгі болып табылады. Бүгін ұсынылған Отбасының цифрлық картасы технологиялар, әріптестік пен көреген көшбасшылық үйлесімінің мысалы бола отырып, сансыз мұқтаж адамдардың өміріндегі өзгерістерге алып келеді. Ол инклюзивті даму мен әлеуметтік прогреске жету жолындағы маңызды қадамның көрінісі және ешкімнің шетте қалмауын қамтамасыз етеді», –
деді БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ әкімшісінің көмекшісі және Еуропа және ТМД елдері бойынша БҰҰДБ аймақтық бюросының директоры Ивана Живкович.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Іс-шараның шарықтау шегі Отбасының цифрлық картасының трансформациялық күшін көрнекі көрсететін бірегей виртуалды шындық (VR) тәжірибесі болды. 

Іс-шараға қазақстандық және шетелдік үкіметтердің, БҰҰ агенттіктерінің, донорлардың, БАҚ пен ғылыми қауымдастықтың өкілдері сияқты әр-алуан әлеумет қатысты.

Жылда өтетін 2023 жылғы Жоғары деңгейдегі саяси форум (ЖДСФ) биыл «Коронавирустық аурудан (COVID-19) кейін қалпына келтіруді жеделдету және барлық деңгейлерде 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін толық іске асыру» тақырыбымен Нью-Йоркте 10-19 шілде аралығында өтеді және ондағы басты назар 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған жаһандық даму күн тәртібі мен ТДМ-ды іске асырудағы одан арғы прогреске, оның ішінде ТДМ 17-ге (Тұрақты даму мүдделеріндегі әріптестік) ерекше назар аударылады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ