БҰҰДБ және Денсаулық сақтау министрлігі өзара ынтымақтастығын нығайтады

2024 ж. 26 September
a group of people sitting at a table in a room
Фото: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгін Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесіп, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылады. Кездесуде СК «Фармация» компаниясымен бірлескен жобаның сәтті шыққаны атап өтілді, аталмыш жоба аясында әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек сатып алуға, денсаулық сақтауды цифрландыру перспективаларына, сондай-ақ сектор алдында тұрған заңнамалық мәселелерге ерекше көңіл бөлінген болатын.

СК «Фармация» компаниясымен 2018 жылдан бері жалғасып келе жатқан серіктестік өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді сатып алуға тиімді қолғабыс етіп келеді. Министр Әлназарова ынтымақтастық үшін, атап айтқанда, БҰҰДБ-ның сатып алуды жоспарлаудың үш жылдық моделі аясында қолжетімді дәрілік заттардың ассортиментін кеңейтудегі өзара ынтымақтастық үшін алғысын білдірді. Мұндай стратегиялық тәсіл Қазақстан халқын аса маңызды дәрі-дәрмектермен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.

a group of people sitting at a table
Фото: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Вавьерниа ханым барынша қолайлы нәтижеге қол жеткізу үшін тиімді жоспарлау мен болжау маңызды екенін ерекше атап өтті. Ол алдағы үш жылда қажет болатын дәрі-дәрмектің көлемі туралы егжей-тегжейлі ақпараттың болуы жабдықтаушылармен тиімдірек баға туралы келіссөздер жүргізу үшін шешуші мәнге ие екенін жеткізді.

Осы бастамаға қолдау көрсету үшін БҰҰДБ SMILE атты медициналық өнімдер логистикасын басқаруға арналған ашық бастапқы коды бар инновациялық электрондық ақпараттық жүйесін ұсынды, аталмыш жүйе Индонезиядағы БҰҰДБ кеңсесінің тәжірибесін пайдалана отырып әзірленген екенОсы құрал өнім қорына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу және шұғыл сұрауларға жылдам жауап беру есебінен жеткізу тізбегінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Осы тұрғыда Вавьерниа ханым әлеуметтік қызметтерді түрлендіру үшін БҰҰДБ цифрландыру мен инновацияларды пайдалануға ынталы екеніне тоқталып, осал отбасыларды анықтайтын және қолдау көрсететін отбасының цифрлық картасы бастамасын мысалға келтірді. 

a group of people sitting at a table
Фото: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Пандемия қоры бастамасы аясында жақында қол қойылған келісімнің маңыздылығын тілге тиек етті. Бұл серіктестік денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге, Қазақстанның және одан тысқары елдердің денсаулық сақтау жүйесін қолдауды күшейтуге бағытталған. БҰҰДБ денсаулық сақтау саласының тұрақтылығын және болашақ күйзелістерге және пандемияларға дайындығын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүдделі тараптардың бірлескен тәжірибесі мен ресурстарын пайдалануға тырысады.

Қорытындылай келе, қос тарап барлық азаматтардың денсаулығын жақсартуға жол сала отырып, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін инновациялық шешімдер және стратегиялық ынтымақтастық арқылы дамыту ниетін растады.