Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарына жабайы табиғаттың жай-күйін бақылауға арналған арнайы автомобильдер берілді

2025 ж. 13 February
A delivery truck parked beside a banner and stacked boxes on a table.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Либерчук

Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті (ОШЖДК) «Ұлытау» ұлттық паркі мен «Іле-Балқаш» табиғи резерватына екі арнайы ауыр жүк көлігін тапсырды. Бұл көліктерді тапсыру рәсімі БҰҰДБ мен Қазақстан Үкіметінің бірлескен жобасы аясында жүзеге асырылды. Жоба Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру үшін жағдай жасауға, сондай-ақ Ұлытау таулы аймағының табиғи және тарихи-мәдени мұраларын сақтауға бағытталған. Заманауи көліктердің өтімділігі жоғары, бұл қорғалатын табиғи аумақтарда (ҚТА) санитарлық жұмыстар жүргізу сияқты биотехникалық шараларды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.

«Қорғалатын табиғи аумақтарға материалдық-техникалық қолдау көрсету – БҰҰДБ-ның биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі кең ауқымды күш-жігерінің бір бөлігі. Бұл бастамалар Қазақстандағы ҚТА желісін дамытуға, табиғатты қорғау саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, ормандарды – ғаламдық маңызы бар экожүйелердің бір бөлігін қалпына келтіруге, сондай-ақ шалғайдағы жергілікті қауымдастықтарға қолдау көрсетуге бағытталған. Осы шараларды жүзеге асыру Қазақстанға биоалуантүрлілік пен климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беріп, елдің дамуына өз үлесін қосады»,
– деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ-ның Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев үкімет пен БҰҰДБ-ның жануарлар мен өсімдіктердің негізгі түрлерін, сондай-ақ экожүйелерді сақтау мақсатында ҚТА желісін дамыту және олардың техникалық әлеуетін арттыру бойынша ынтымақтастығын жалғастырып жатқанын айтты.

A man speaks into a microphone outdoors, with trucks and a banner in the background.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Либерчук
«Бүгінгі таңда 470.000 гектардан астам аумақты қамтитын екі пилоттық ҚТА-да биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Үш жыл ішінде жоба аясында «Ұлытау» ұлттық паркінің басқару жоспары әзірленіп, экотуризмді дамыту арқылы ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құрудың негізі қаланды. «Іле-Балқаш» табиғи резерваты аумағында Тұран жолбарысын қайта жерсіндіруге қажетті жағдайлар жасалып жатыр: өзен жайылмасының ормандары қалпына келтіріліп, жабайы тұяқты жануарлар популяциясы көбейтілуде. ҚТА-ларды заманауи көліктермен қамтамасыз ету – осы және басқа да өңірлік даму бастамаларын жүзеге асыруға қосылған маңызды үлес», –
деді Данияр Тұрғамбаев.

БҰҰДБ мен Қазақстан Үкіметінің бұл жобасы 2021 жылдан бері жүзеге асырылып, Алматы және Ұлытау облыстарын қамтиды. Қазіргі таңда пилоттық ҚТА аумағында туристік соқпақтар жасалып, ауыл кәсіпкерлеріне арналған экотуризм негіздері бойынша тренингтер өткізіліп жатыр. Сонымен қатар Іле өзені бойындағы, Оңтүстік Балқаш өңірі мен Ұлытау тау бөктеріндегі туғай ормандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өрт және басқа да табиғи апаттарға қарсы күресу үшін жоба аясында өртке қарсы жабдықтар беріліп, SMART-патрульдеу жүйесі енгізілді. БҰҰДБ қолдауымен «Іле-Балқаш» табиғи резерваты аумағына 100 құлан қайта жерсіндірілді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Либерчук