2019 жылғы 28 ақпанда БҰҰДБ Қазақстанның Энергетика министрлігі мен БҰҰ-ның Жасыл экономика мүдделеріндегі іс-қимыл әріптестігі (PAGE) ұйымдастырған «Қазақстандағы жасыл экономика» семинарына қатысты.
Семинар барысында қатысушылар Қазақстанда орын алып жатқан «жасыл» дамуға байланысты соңғы жаңалықтармен, бағдарламалар мен бастамалармен бөлісті. Олар, сондай-ақ, «жасыл» дамудың негізгі басымдықтарын, саяси үдерістер мен Қазақстан үкіметі үшін араласу шараларын қолдану салаларын айқындады.
Энергетикалық теңгерімдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайту, энергия тиімділігі мен ресурс тиімділігін арттыру, судың қол жетімділігі мен тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы секторының өнімділігін арттыру – «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған негізгі даму мақсаттарының кейбірі, міне, осылар.
Жасыл экономика мүдделеріндегі іс-қимыл әріптестігінің (PAGE) мақсаты – тұрақты дамуды экономикалық саясаттың орталығына қою. PAGE әріптестігі саясат мәселелеріне қатысты кеңестерді, бағалау жүргізу қызметтері мен бағалау құралдарын ұсына отырып, мүше елдердің жасыл экономика саласындағы инклюзивті бастамаларын қолдауға қабілетті түрлі БҰҰ мекемелерінің құзыреттерін, тәжірибелері мен желілерін біріктіреді.
2018 жылдың шілде айында Қазақстан PAGE әріптестігіне қосылған жаңа елдердің бірі болды. Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға өтуі экологиялық таза технологиялар, энергия тиімділігін арттыру және табиғи ресурстарды қалпына келтіру, сондай-ақ тұрақты басқаруға бағытталған шаралар негізінде ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз ету жолын айқындайды. PAGE әріптестігі Энергетика министрлігімен және басқа да әріптестермен бірге Қазақстан үкіметінің негізгі басым салаларда жасыл экономиканы ілгерілету жөніндегі күш-жігерін қолдау үшін жұмыс істеуді көздеп отыр.
Энергетика Вице-министрі Сәбит Нұрлыбай Қазақстанның осы жаңа бастамаға бейілділігі мен мүдделілігін және PAGE мекемелерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайындығын растады.