Құрметті әріптестер,
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы атынан бүгін сіздерді аса маңызды мәселе болып табылатын тұрақты қаржыландыру және оның Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) жетуді үдетудегі рөлін талқылауға арналған кездесузе көруге қуаныштымын.
Ең алдымен қаржылық донорымыз Еуропалық Одаққа өз ресурстарын БҰҰДБ-ға сеніп тапсырып, Ақпаратты ашу және орнықты дамуды басқару (SDMH) бағдарламасы сияқты тиімді бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бергені үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді.
Сондай-ақ қаржылық ресурстардың адамдар үшін де, планета үшін де елеулі нәтиже беретін бастамаларға бағытталуын қамтамасыз етіп, қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік берген негізгі донорларымызға да алғыс айтамын.
2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы күн тәртібі кедейлік, теңсіздік, климаттың өзгеруі және басқару сияқты жаһандық мәселелерді шешудің нақты және кезек күттірмейтін жол картасы болып табылады. Алайда, қанша күш салсақ та, ОДМ-ға қол жеткізуден әлі де алыспыз. Біршама прогресс бар, бірақ көптеген көрсеткіштер тоқырауды немесе тіпті регрессияны көрсетіп жатыр. Бұл шындық шешім қабылдауға және ресурс бөлуге деген көзқарасымызда трансформациялық өзгерістер қажет екенін айқын көрсетеді.
Біз БҰҰДБ-да қаржы қазіргі уақытта адамдар немесе планета үшін жұмыс істемей жатқанын мойындаймыз. Жаһандық байлық 430 триллион доллардан асса да, орнықты қаржыландыру саласындағы жұмыс бытыраңқы күйінде қалып отыр әрі нақты ықпал ету үшін қажетті ауқымы да жоқ. Біздің алдымызда тұрған міндет ресурстар емес, жұмылдыру, өзара келісу және стратегиялық тұрғыдан жүзеге асыру болып табылады.
Осы мәселені шешу үшін БҰҰДБ Орнықты қаржыландыру орталығын (Sustainable Finance Hub — SFH) құрды, ол — біздің кең ауқымды желімізді және бүкіл әлемдегі 150 сарапшыдан тұратын командамызды пайдаланатын арнайы платформа. SFH арқылы БҰҰДБ қызметтердің тұтас бір кешенін ұсынады, соның ішінде ОДМ-ын мемлекеттік қаржыландыру, ОДМ әсерін басқару, біріктірілген ұлттық қаржылық құрылымдар, әлеуетті арттыру және капиталды жұмылдыру, сонымен қатар ОДМ үшін бизнес операцияларын үйлестендіру.
SFH шеңберінде БҰҰДБ көптеген желілерді басқарады, солардың ішінде ең бірегей және пәрменді бастамалардың бірі — Орнықты даму қаржы орталықтары немесе FC4S. Нарықтық капиталдандыру сомасы 76,4 триллион АҚШ долларына тең дүниежүзілік акциялар нарығының 82%-ын бақылайтын 45 қаржы орталығымен осы желі орнықты қаржыландыруды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады.
Бұл трансформацияда Қазақстан шешуші рөл атқарады. Біз, БҰҰДБ, «жасыл» қаржы нарығы қалыптастыру мақсатында қолайлы жағдай жасау үшін он жылдан астам уақыт бойы Қазақстан Үкіметімен белсенді жұмыс істеп келеміз. Энергия тиімділігі мен жаңғырмалы энергия көздері саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру, несиелерді кепілдендіру схемалары және алғашқы «жасыл» облигациялар шығарылымы қосымша қаржыландыруды ойдағыдай жұмылдыруға мүмкіндік беріп, донорлық қаржыландырудың әрбір долларын 3-10 АҚШ доллары арасындағы жеке меншік инвестиция тарту үшін пайдаланды.
Орталық Азияның негізгі қаржылық және экономикалық орталықтарының бірі ретінде Қазақстан өзінің тұрақты қаржылық экожүйесін белсенді қалыптастырып жатыр. Үкіметпен, қаржы институттарымен және реттеуші органдармен ынтымақтастығымыздың арқасында біз капитал ағынының ұзақ мерзімді даму мақсаттарына сай болуын қамтамасыз ете отырып, тұрақтылықты қаржылық құрылымдарға кіріктіру жағынан жұмыс істеп жатырмыз.
Осындай тәсілдің нақты мысалы Ақпаратты ашу және орнықты дамуды басқару орталықтары (Sustainability Management and Disclosure Hub — SDMH) бағдарламасы болып табылады, ол — ЕО Орныұты қаржыландыру жөніндегі консультативтік орталығы аясында БҰҰДБ басшылық ететін жаһандық бастама. Аталмыш бағдарлама халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз ету, сондай-ақ нақты елдердің қажеттіліктерін қанағаттандыру арқылы тұрақтылықты басқару мен есеп беру практикасын күшейту саласындағы ұлттық іс-шараларға қолдау көрсетеді.
SDMH бағдарламасы мемлекеттік мекемелер, реттеуші органдар, қаржы институттары және халықаралық стандарт әзірлеушілер арасындағы ынтымақтастыққа ықпал етеді. Бұл жай ғана концептуалдық бастама емес, шығындар тұрғысынан нақты пайда әкелетін прагматикалық тәсіл. Бизнес стратегияларына, басқаруға және басқару практикаларына тұрақтылықты енгізу арқылы біз бір реттік шаралар аясынан шығып, құрылымды, стратегиялық және тиімді үлгіге көшеміз.
Ісіміз алға басқан сайын орнықты қаржыландыру тек нормативтік талап емес, ортақ болашағымызға инвестиция екенін мойындауымыз керек. Үкіметтер, кәсіпорындар мен қаржы институттары қысқа мерзімді табыстан гөрі ұзақ мерзімді құндылыққа басымдық беру үшін, инвестиция ағындарын орнықтылық императивтерімен сәйкестендіру және жүйелік өзгерістерді қамшылау үшін бірлесіп жұмыс істеуі тиіс.
Ұлттық және халықаралық мүдделі тараптармен серіктестікте Қазақстанда атқарып жатқан жұмысымыз осы жаһандық қозғалысқа елеулі үлес қосады. Күш біріктірсек, ОДМ-на жетуді жеделдету, икемді экономикалар құру және әділ әрі орнықты әлем орнату үшін орнықты қаржыландыруды қуатты құрал ретінде пайдалану мүмкіндігіне ие боламыз.
Құрметті серіктестерімізге, осы бастаманың елдегі көшбасшысы болып табылатын Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, сондай-ақ басқа да көптеген жергілікті және халықаралық серіктестерге, соның ішінде ХҚЕС, GRI, ISO, GSG Impact және басқа да көптеген әріптестерге осындай маңызды бастаманы ілгері бастыруда қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді.
Бірге Қазақстанның орнықты дамуын нығайтуға бір кісідей үлес қоса алатынымызға сенімдімін.
Бүгін баршамызға нәтижелі тренинг тілеймін!
Көп рахмет!