БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың құттықтау сөзі

DREI жобасын аяқтау іс-шарасында Жасыл энергетикаға инвестициялау: жетістіктер мен перспективалар

2024 ж. 13 August
a woman standing in front of a building

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерния DREI жобасын аяқтау іс-шарасында Жасыл энергетикаға инвестициялау: жетістіктер мен перспективалар

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Саламат Аязбай

Қадірлі ханымдар мен мырзалар!

БҰҰ Даму бағдарламасы атынан Сіздерді жаңартылатын энергетика саласындағы бірлескен бастамамыздың елеулі жетістіктеріне арналған іс-шарамызда көргеніме қуаныштымын.

Бүгінгі таңда үшжақты ғаламшарлық дағдарысты, яғни климаттың өзгеруі, биоәртүрліліктің жоғалуы және ластану деңгейінің жоғарылауы  сияқты өзара байланысты түйткілдерді — таза және қолжетімді энергия тікелей шеше алатын маңызды шешімге айналуда.

Энергия ресурстарына қолжетімділікті кеңейту БҰҰДБ-ның 2022–2025 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында ерекше орын алады. Жаһандық деңгейде 2025 жылға қарай халықтың ең осал топтарына ерекше назар аудара отырып, 500 миллион адам үшін орнықты, қолжетімді және сенімді энергияға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін серіктестерді тартуға міндеттеме алдық.

Қазба отындары энергетикалық теңгерімде үстем болған жағдайда, Қазақстан Орталық Азиядағы CO2 шығарындыларының ең ірі көзі болып табылады, яғни ЖІӨ-нің көміртегі сыйымдылығы әлемдік орта деңгейден 70 пайызға жоғары. Энергетика секторының үлесі жалпы ұлттық парниктік газдар шығарындыларының 85 пайызын құрады, тек электр энергиясы мен жылу өндірісі энергетика секторындағы CO2 шығарындыларының жартысынан көбін құрайды. Осыған байланысты ұлттық энергетикалық жүйені трансформациялау бүгінгі таңда ең маңызды міндет болып табылады.

Бұл тұрғыда біз ел Үкіметінің төмен көміртекті даму мәселелеріндегі көзқарасы мен саяси ерік-жігерін жоғары бағалаймыз. Қазақстанның орнықты трансформациясы үшін маңызды негіздер қазірдің өзінде Көміртекті бейтараптық стратегиясында нақты белгіленгеніне сенімдіміз.

Энергетикалық жүйенің декарбонизациясы «жасыл» трансформацияның негізінде жатыр. Энергетикалық сектордың «жасыл» әлеуетін ашу және ауысуға жәрдемдесу үшін БҰҰДБ Жаһандық Экологиялық Қордың қаржылық қолдауымен және ұлттық мүдделі тараптармен әріптестікте Қазақстанның төмен көміртекті дамуы үшін орнықты шешімдер табуға көмектеседі.

Біз жаңа қолдау құралдарын енгізу үшін жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялау тәуекелдерін азайту әдіснамасын бейімдедік. Бұл әдіснама стратегиялық шараларды әзірлеуге және елдегі сенімді, экологиялық таза әрі қолжетімді энергетикалық шешімдерді қамтамасыз ету үшін жеке инвестицияларды тартуға ықпал ететін «тәуекел-кірістілік» профилін құруға бағытталған.

Қазақстанда жаңартылатын энергетиканың ауқымды жобаларын дамытуға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін 2019 жылы нақты объектілерге бағдарланған жаңартылатын энергия бойынша аукциондар жүйесі енгізілді. Бүгінгі таңда бұл тетік Қазақстанның жаңартылатын энергетикасының ландшафтын өзгертіп, ірі жобалардың неғұрлым реттелген және тиімді дамуына ықпал ете отырып едәуір әсер етуде.

Жаңартылатын энергетика саласындағы шағын ауқымды жобаларға келетін болсақ, БҰҰДБ Қазақстанда жаңартылатын энергияның шағын ауқымды көздерінің өсуін ынталандыруға бағытталған заңнамалық түзетулерді ілгерілетуде Энергетика министрлігін қолдаған санаулы ұйымдардың бірі болды. Бұл күш-жігердің әсері елеулі. Бүкіл ел бойынша үй шаруашылықтарының тек 5-10 пайызы шатырларға күн панельдерін орнатуы, ірі жылу электр станциясының 500-1.000 МВт энергиясын өндіруге тең деп есептеледі.

Сонымен қатар, «жасыл» қаржыландыруға қолжетімділікті жақсарту үшін стратегиялық серіктестеріміздің бірі — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп, біз қаржылық қолдаудың түрлі тетіктерін енгізіп, сынақтан өткіздік. (Мүмкіндікті пайдалана отырып, Гаухар Бөрібаева ханымға көшбасшылығы мен тұрақты қолдауы үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.) Бұл қаржы құралдары жасыл технологияларды енгізуге бағытталған жалпы инвестиция көлемі 3.9 миллиард теңгені құрайтын 60-тан астам шағын және орта бизнес жобалары үшін «жасыл» қаржыландыруға қолжетімділікті едәуір жақсартты. Бұл жобалар Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында сәтті жүзеге асырылғандығын айта кету керек.

БҰҰДБ жаңа бастамаларымызды ілгерілету үшін қаржы нарығымен одан әрі ынтымақтастыққа нық бейілді болып қала береді. Біз Қазақстанда орнықты даму саласындағы басқару және ақпаратты ашу орталықтарының алдағы уақытта іске қосылатынына қуаныштымыз, бұл біздің ашықтықты ілгерілету және орнықты есептілік практикасын енгізу жөніндегі күш-жігерімізді нығайтады.

Әртүрлі мүдделі тараптарды біріктіре отырып, БҰҰДБ «жасыл» күн тәртібін ілгерілететін және орнықты даму саласындағы жалпы міндеттерді шешетін диалогты, білім алмасуды және әріптестікті одан әрі дамытуға дайын.

Көп рахмет!