Жылумен жабдықтау шығындары және СО2 шығарындыларын қысқарту жолы: Қазақстандағы мектептің тәжірибесі
2024 ж. 1 February
Жүз жылдан астам уақыт бұрын, 1913 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылында шағын екі сыныпты мектеп ашылды. Бүгінде бұл мектеп дайындық сыныптарын, орта мектепті, колледжді және тіпті студенттер де тұра алатын интернатты қамтитын білім беру кешеніне айналды. Жылы өткелдермен қосылған төрт ғимарат 7.000 шаршы метр аумақта орналасқан. Қазір мектеп пен колледжде 5 пен 18 жас аралығындағы 1025 бала оқиды және 169 мұғалім мен басқа қызметкерлер жұмыс істейді.
Солтүстік Қазақстан облысының климаты қатал, бұл қыс мезгілінде мектеп үй-жайларының температурасына әсер етеді. Білім беру мекемесінің басшысы Татьяна Мишкина оқушылар мен қызметкерлердің жайлылығын қамтамасыз ету үшін бәрін жасайтынын, бірақ қыста бұл оңай еместігін айтты. «Біз жайлылық пен жылулық орнатуға тырысамыз, бірақ әр қыс мезгілі сайын төмен температура проблемасына тап боламыз, кейде температура 15°C дейін төмендейді. Орталық жылыту қажетті режимді қамтамасыз етпейді», – дейді ол.
Мектепте жылуды сақтау мақсатында терезелер ауыстырылып, есік пен жақтаулар бекітілді. Бүйірлік кіреберістер де жөнделді. Бірақ бұл проблеманы толығымен шешпеді.
БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен серіктестікте жүзеге асыратын «Төмен көміртекті даму үшін орнықты қалалар» жобасы аясында мектепте биомассамен жағылатын модульдік қазандық орнатылды.
Модульдік қазандық сүрек жаңқасын жағуға арналған қазандықтан, отын жинақтағыштан және қазандыққа автоматты түрде отын беру жүйесінен, сондай-ақ қазандық пен күлді тазарту жүйелерінен тұрады. Зияткерлік басқару жүйесімен жабдықталған, ол қажетті температураны автоматты түрде ұстап тұруға, отын беру және жану процесін бақылауға мүмкіндік береді. Қазандық екі апта бойы дербес жұмыс істей алады, қызметкерлер тек бақылауды жүзеге асырады. Ауа-райының өзгеруіне байланысты жүйе жылыту температурасын автоматты түрде реттейді.
Жылу және электрмен жабдықтау шығындары білім беру мекемелері бюджетінің едәуір бөлігін құрайды. Бескөл мектеп-колледжінде жылыту маусымында жылыту шығындары жылына шамамен 16 миллион теңгені құраған болатын. Ал жаңғырту жылына 12.5 миллион теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берді,
бұл жалпы соманың 80 пайызға жуығы.
Мектеп-колледж жаңа жабдықты алуға 92 миллион теңге жұмсады. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі, яғни 73 миллион теңге, қазандық қондырғысын сатып алуға жұмсалды. Осы соманың қырық пайызы БҰҰДБ-ның қаржылық қолдауы есебінен жабылды. Қосымша бөлінген 19 миллион теңге есептегішті сатып алуға және қазандық пен отын сақтауға арналған арнайы үй-жай салуға жұмсалды.
БҰҰДБ сарапшыларының болжамынша, Бескөл мектеп-колледжіндегі жаңа қазандық көмірқышқыл газының шығарындыларын жыл сайын шамамен 900 тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл жылына шамамен 200-300 автомобиль шығаратын шығарындылар көлеміне тең.
«Біз «жасыл» технологияларды енгізу және көміртегі ізін азайту арқылы біздің мектеп климатқа әсерді азайту бойынша жаһандық күш-жігерге үлес қосатынын мақтан тұтамыз. Білім беру мақсаттары тұрғысынан мұндай бастамалар білім алушыларды шабыттандырады және іс жүзінде экологиялық таза технологиялардың маңыздылығын көрсетеді. Бұл болашақ ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді, оларды анағұрлым орнықты әлемді құрудағы белсенді рөлге дайындайды», –дейді Татьяна.
Энергетикалық ауысу жағдайында «жасыл» технологияларды енгізу көміртегі бейтараптығына қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. БҰҰДБ мен Қазақстан Үкіметінің Бескөл мектеп-колледжіндегі бастамасы парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал етіп, жылыту шығындарын едәуір қысқартуды қамтамасыз етеді. Мұндай бастамалардың экологиялық орнықты шешімдер жасауға белсенді қатысуға ынталандыратыны және жастар арасында экологиялық мәдениеттің дамуына ықпал ететіні де маңызды.