Жапония мен БҰҰДБ Орталық Азиядағы зорлықшыл экстремизмнің алдын алуға бағытталған жаңа бастаманы жолға қойды
2022 ж. 13 December
2022 жылғы 13 желтоқсан, Астана, Қазақстан – Жапония мен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) бүгін бюджеті 584 миллион жапон йенасы (4,1 миллион доллар) құрайтын «Орталық Азияда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу үшін қоғамдастықтың тұрақтылығын және аймақтық ынтымақтастықты нығайту» атты жаңа бірлескен жобаны іске қосу туралы келісімге қол қойды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстанда қоғамдастық деңгейінде алғашқы өңірлік іске асыру (2018-2021 жж.) нәтижелеріне сүйенетін бұл бастама өңір елдеріндегі жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге және әлеуметтік ауызбірлікті нығайтуға бағытталған.
Зорлықшыл экстремизмнің өсуі мен халықаралық деңгейде таралуы Орталық Азия елдерінде алаңдаушылық туғызып, соңғы отыз жылдағы даму жетістіктеріне қауіп төндіріп отыр. Кедейлік, теңсіздік, сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік қызметтер мен әділдікке қолжетімділіктің шектеулілігі, сондай-ақ жеке тұлғасын дамыту мүмкіндіктерінің тапшылығы тәуекелдері жоғары қауымдастықтар арасында радикалдану мен зорлықшыл экстремизмге жетелей алатын осалдық сезімін тудыруға ықпал етеді.
«Жаңа жоба зорлықшыл экстремизм қаупіне алдын ала жауап беруге бағытталған. Ол жастардың энергиясын, ұтқырлығын, ашық көзқарасы мен серпінін мақсатты қауымдастықтардағы зорлықшыл экстремистік әсерлер мен әңгімелердің алдын алу үшін оң күш ретінде жұмылдыруға бағытталған», –деді Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.
Соңғы жылдары олардың саны азайғанымен, бұл өңірден шыққан 5000-нан астам адам шет елдерге, әсіресе Сирия мен Ираққа қақтығыстарға қатысу үшін барған.
Орталық Азия елдерінің үкіметтері өз азаматтарын қақтығыс аймақтарынан репатриациялау, оңалту және қайта интеграциялау бойынша күш-жігердің алдыңғы шебінде десе болады, алайда бұл шаралар нақты стратегиялар мен техникалық тәсілдерді әзірлеуден бастап оңалту және реинтеграция процестерін жүзеге асыру үшін қабылдаушы қауымдастықтардағы алдыңғы қатарлы қызмет көрсетушілердің шектеулі әлеуетін арттыруға дейінгі мәселелердің бірегей жиынтығын тудырып отыр.
Жоба физикалық инфрақұрылымға, әлеуметтік инфрақұрылымға және алдын алу әлеуетіне инвестициялар салу арқылы бенефициарлардың кеңірек ауқымын қолдауға бағытталған. Мысалы, қауымдастықтардағы оң өзгерістерге мультипликативті әсер ететін қызмет көрсетушілер мен діни көшбасшылар сияқты қауымдастық деңгейіндегі қайраткерлер қауымдастықтың осал мүшелеріне шығып, оларға қолдау көрсету үшін орталық және жергілікті билік органдарымен және азаматтық қоғам ұйымдарымен жұмыс істейтін болады.
«Бұл біздің 2017 жылдан бері көрсетіп келе жатқан екінші гранттық көмегіміз. Бұрыннан бері бізден қолдау көріп келе жатқан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстанға енді, міне, Өзбекстан қосылды. Жапония БҰҰДБ арқылы зорлықшыл экстремизмнің алдын алу бойынша белсенді жұмысын әрі қарай жалғастырады», –деді Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік туралы 1325 қарарын жүзеге асыруды қолдау мақсаттарында бұл бастама сондай-ақ алдын алуға бағытталған күш-жігерге әйелдердің барлық деңгейдегі тең және мағыналы қатысуы мен олардың қоғамдастықтардың сілкіністерге төзімділігін нығайту жолындағы өзгерістерді таратушылар ретіндегі өкілдігін ұлғайтуға ықпал етеді. Гендерлік бағдардағы іс-шаралар кәсіпкерлік және цифрлық дағдыларды үйретуге, қаржылық сауаттылық пен қаржыға қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік кедергілер мен таптаурындарды еңсеруге бағытталатын болады.
БҰҰДБ бүкіл әлем бойынша саясат, бағдарламалар мен зерттеулер саласындағы, сондай-ақ Орталық Азиядағыларын қоса алғанда өзінің елдік кеңселері арқылы зорлықшыл экстремизмнің алдын алуға бағытталған күш-жігерде шешуші рөл атқарады. Бас хатшының Зорлықшыл экстремизмнің алдын алу жөніндегі іс-қимыл жоспары мен 16 ТДМ-ға сүйене отырып, БҰҰДБ Инклюзивті даму және төзімділік пен алуантүрлілікті құрметтеу арқылы зорлықшыл экстремизмнің алдын алу атты жан-жақты стратегиялық негізді әзірледі.