Қазақстанның ауылдық аудандары үшін орнықты жылыту

2023 ж. 17 November

Брикеттер

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Солтүстік Қазақстан облысы Булаев қаласының тұрғыны Юлия Андреевскаяның таңы сүрек өңдейтін машинаның шуымен атады. Өңірдің климаты суық болғандықтан жылыту кезеңі жарты жылға жуық уақытқа созылады. Отбасы тоңбас үшін Юлия отын мен көмірді пайдаланып келген еді. Қазір ол ағаш жоңқасы мен үгінділерін экологиялық таза отынға айналдыратын кәсіпорында жұмыс істеп, «жасыл» қала туралы армандайды.

2022 жылы БҰҰДБ сарапшылары аграрлық секторда және ауылдық жерлерде «жасыл» технологияларды пайдалану мүмкіндіктері бойынша кешенді зерттеу жүргізген еді. БҰҰДБ мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ортақ бастамасы аясында Солтүстік Қазақстан облысы жылыту үшін биомассадан жасалған брикеттерді енгізу бойынша пилоттық өңір ретінде таңдалды.

Юлия Андреевская кәсіпорында жұмыс істеп жатыр

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Кәсіпорынымызда айына 300 текше метрден астам ағаш өңделеді, нәтижесінде үгінділер түрінде жылына шамамен 100 тонна қалдық қалады. Біздегі ағаш кесу қалдықтарының үлесі орта есеппен алғанда 20% құрайды. Сонымен қатар оған алты орманшылықтың ағаш кесу барысында қалатын қалдығы қосылады, сондықтан біз оны лақтырып тастап, өртеудің орнына қайта өңдей алсақ, жақсы болар еді», –
дейді Юлия.

Юлия ағаш өндірісінде

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бірнеше шақырым жердегі Чкалово ауылының тұрғыны Галина Вайс та Юлияның пікірін қостайды. Галина, мал өсіруші ферма егістіктерін кезіп бара жатып, өз ауылы үшін орнықты жылу көзі ретінде сабан мен күнбағыс қалдықтарын пайдалануды елестетеді. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығы қалдықтарын отын брикеттері түрінде қайта өңдеу жергілікті тұрғындарға үйлерін жылыту үшін экологиялық тұрғыдан таза отынға көшуге көмектесетін, келешегі зор бағыт.

Галина Вайс сабан қалдықтарын бақылап отыр

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Өндірістен қайта өңделуі қиын қалдық көп қалады. Жаңа жабдық қалдықтарды қайта өңдеп, брикет жасап шығаруға мүмкіндік береді. Біз оларды ауданымыздағы мұқтаж жандарға таратуды жоспарлап отырмыз», –
дейді Галина.

Брикеттер – газ, көмір және ағашқа балама отын, яғни үгінділер, сабан, күнбағыс, қарақұмық қауызы, зығыр сабағы сияқты т.б. ауылшаруашылығы және ағаш қалдықтарынан жасалған, экологиялық тұрғыдан таза отын түрі. Оның бірқатар артықшылығы бар, мысалы, брикеттер жақсы жанады, түтінді аз шығарады және жану кезінде бір температураны ұстап тұрады. Бір брикет төрт сағат бойы жанады, ал оның жоғары жылу бөлу қасиеті көмірден бөлінетін жылумен бірдей. Осылайша, отын брикеттері тиімділігімен, тазалығымен, бөлінетін температураның орнықтылығымен және жоғары жылу бөлу қасиетімен ерекшеленеді.

2023 жылы БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ортақ бастамасының арқасында Юлия мен Галина жұмыс істейтін компаниялар биомасса қалдықтарын отын брикеттеріне қайта өңдеу жабдықтарына инвестициялау үшін қаржылық қолдауға қол жеткізді. Жергілікті шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған грант қалдықтардан брикет жасап шығару желілерін құруға, оларды нарыққа шығаруға және осы экологиялық таза баламаны халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтарына ұсынуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы қалдықтары негізінен тыңайтқыш, мал азығы және мал астына жайылатын төсеме ретінде пайдаланылады. Бұл қалдықтардың едәуір бөлігі табиғи түрде ыдырайды немесе өртеніп, қоршаған ортаға зиян келтіреді. Брикеттердің экологиялық және әлеуметтік артықшылықтары көп. Олар көмір мен сүрекке қарағанда ұзағырақ әрі таза жанып, көп жылу бөледі, сондай-ақ зиянды шығарындылардың азаюына әкеп, ауа сапасының жақсаруына ықпал етеді.

БҰҰДБ-ның брикеттерді жасап шығару жөніндегі бастамасы экономикалық пайдаға қол жеткізуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және Булаево мен Чкалово тұрғындары үшін орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталады.

Галина мен оның әріптесі сабан қалдықтарын қайта өңдеуге дайындауда

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Компаниямыз шағын, 15 адам жұмыс істейді, үш әйел адамбыз, күшіміз бірлікте. Алда әлі көп нәрсе күтіп тұр», –
деп атап өтті Галина.

Юлия компаниясы 100 млн теңгеден астам инвестиция салып, 100 жұмыс орнын ашқаны туралы айтқан болатын. Енді қайта өңдеу жабдықтарын орната отырып, компания жақын арада одан да көп адамды жұмыс орнымен қамтуды жоспарлап отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы Булаев қаласының тұрғыны Юлия Андреевская

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Бұл бастамаға дейін мен ағаш пен көмірден басқа нәрсені отын ретінде қарастырған емеспін. Енді жаңа технологияның көмегімен қаламыз адамдар үшін экологиялық тұрғыдан таза әрі қауіпсіз орынға айналуына үлес қоса аламыз», –
дейді Юлия.