2030 жылға дейінгі күн тәртібіне жету үшін: Қазақстан 2024 жылға арналған жоспарды бекітті
2024 ж. 5 January
Астанада Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі Үйлестіру кеңесінің 7-ші отырысы өтті. Талқылауға орталық мемлекеттік органдар басшылары, сондай-ақ БҰҰ, БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) және Еуропалық Одақ (ЕО) өкілдері қатысты. Күн тәртібі аясында ОДМ ұлттық индикаторларын жаңарту, ОДМ-ны жергіліктендіру және ОДМ-ны іске асыру бойынша Жылдық есеп даярлау мәселелері қаралды.
Отырыс барысында Премьер-Министр Смайылов ОДМ-нің негізгі мақсаты қазақстандықтардың өмір сүру сапасын озық халықаралық стандарттарды енгізу арқылы арттыру екенін атап өтті.
«Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ саммитіне қатысты. Президент өз сөзінде ОДМ-ға қол жеткізу біз үшін ұлттық басымдық болып табылатынын атап өтті. Сол себепті біз неғұрлым әділетті және орнықты әлемге ұмтылу жолында мүше мемлекеттердің барлығымен ынтымақтасуға әрқашан дайынбыз», —деді Премьер-Министр.
Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі м.а. Сухроб Ходжиматов құттықтау сөзінде 2023 жылы БҰҰДБ екі негізгі бағыт бойынша жұмыс істегенін атап өтті. Біріншіден, Орталық Азия елдері үшін ОДМ платформасын құру бойынша Еуропалық Одақ қаржыландыратын өңірлік жоба шеңберінде ОДМ-ны жергіліктендіру. Екіншіден, Қазақстан Парламенті Сенатына орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия құру бойынша қолдау көрсету.
Осы орайда Ходжиматов мырза Парламенттік комиссия отырыстарының бірінде айтылған, ОДМ ұлттық индикаторлары тізбесін қайта қарау жөніндегі ұсынысқа назар аударып, олардың көптігі мониторинг процесін қиындататынын айтып өтті. БҰҰДБ әрбір ОДМ үшін екі-үш негізгі индикаторды таңдап, оларды Қазақстанның стратегиялық бағдарламалары мен құжаттарына енгізіп, қалғандарын орталық және жергілікті органдарға үлестіруді ұсынды.
«Осылайша, тиімді, сапалы әрі нәтижеге бағытталған мониторинг жүйесін құруға болады. Қалған индикаторлар жергілікті сипатқа ие болып, инклюзивтілікті қамтамасыз етуге және жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кезде ОДМ-ның негізгі ұлттық индикаторлары кешенді болады. Мұндай құрылым екінші және үшінші деңгейдегі индикаторлар негізгі индикаторлар мен ОДМ-ға қол жеткізу үшін жұмыс істейтін жүйенің құрылуын қамтамасыз етеді», —деді Ходжиматов мырза.
Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур өз кезегінде 2024 жылы ЕО және оның мүше мемлекеттері Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап экономикаға көшу процесін қолдауға уәде беретінін атап өтті. Олар биыл бюджеті 20 миллион еуроны құрайтын, Орталық Азиядағы энергетика, су және климаттың өзгеруі жөніндегі Team Europe бастамасын жүзеге асыруға бастамашы болмақ. Бұл ынтымақтастық «жасыл» экономикаға көшуге және шығарындыларға берілетін квоталар саудасының қазақстандық жүйесін жаңартуға бағытталған жаңа екіжақты тетік шеңберінде кеңейтілетін болады.
Талқылау қорытындысы бойынша ОДМ жөніндегі Үйлестіру кеңесі 2024 жылға арналған жоспарды бекітті.