Жабайы жануарлардың қоныс аударуына желілік инфрақұрылымның тигізетін әсері туралы дөңгелек үстелде Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі орынбасарының алғысөзі

2024 ж. 12 June
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Құрметті қатысушылар,

БҰҰ Даму бағдарламасының атынан баршамыз үшін аса маңызды әрі елеулі шараға қош келдіңіздер дегім келеді. 

Бәрімізге белгілі, әлемнің табиғи капиталы тұрақты дамудың іргетасы іспетті, оның үстіне тіршілік көзі болып табылатын экожүйелік қызметтермен қамтамасыз етеді. БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) жартысын табиғаттан бөліп-жарып қарауға болмайды, оған қоса олар экожүйелердің аман-есен жұмыс істеуімен өте тығыз байланысты. 

Өкінішке орай, бүгінгі таңда әлем табиғаттан айырылумен, климаттың өзгеруімен, кедейлікпен, теңсіздікпен байланысты көп өлшемді, бүкіл планетаны шарпыған дағдарысқа тап болып отыр. Жердегі тіршілік көзі болып табылатын экологиялық жүйенің орнықтылығы мен тұрақтылығына қауіп төніп тұр.

Экожүйелік қызметтерден айырылу 2030 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-нің 2,7 триллион АҚШ долларына қысқаруына әкелуі мүмкін, оның әсері кірісі төмен және орташадан төмен елдерде ерекше ауыр болады, оның үстіне жаһандық жылыну қарқыны тек үдеп бара жатыр.

Осындай жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде 2022 жылдың желтоқсанында әлемдік қауымдастық жаһандық биоалуандылықты қолдауға бағытталған бағдарламалық құжатты - Куньмин-Монреаль шекті бағдарламасын қабылдады.

Құжатқа сәйкес Биоалуандылық туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер 2030 жылға дейін биоалуандылық мәселелерін саясатқа, нормативтік актілерге, жоспарлау және даму процестеріне, сондай-ақ барлық басқару деңгейлерінде және барлық секторларда қоршаған ортаға тиетін әсерді бағалауға жан-жақты енгізу міндеттемесін алды.

Қазақстанда экожүйелер, биологиялық түрлер орасан көп. Ел аумағының он пайыздан астамын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатыр. Осында дүние жүзіндегі ақбөкен популяциясының 90%-дан астамы шоғырланған, олар негізінен орталық және батыс Қазақстанға қоныс аударады. 
Елдің таулы аймақтарын қар барысы, арқар, ал шөлейтті аймақтарды қарақұйрық мекендейді, олар өздері мекендейтін орындар арасында әрлі-берлі қоныс аударып тұрады. Осы жануарлардың барлығы - экожүйенің саулығын көрсететін индикатор-түрлер.

Сонымен қатар Қазақстан - индустриалды ел, оның қолайлы географиялық жағдайы жоғары транзиттік және логистикалық әлеует береді. Ел арқылы батыс және шығыс аймақтарды (Еуропа-Азияны), солтүстік және оңтүстік аймақтарды (Еуропа-Үндістанды) өзара байланыстыратын ірі халықаралық көлік дәліздері өтеді. Жақын уақытта желілік инфрақұрылымның дами түсетінін сөзсіз, оның ауқымы тіпті жыл сайын ұлғая беретін болады.

Осы тұрғыда ірі инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде көлік жолдарын және темір жолдарды салуды жоспарлау және жүзеге асыру кезінде биоалуандылық пен жануарлар әлемін сақтау мәселелерін ескеру біз үшін бұрынғыдан да маңыздырақ.

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы осымен 20 жылдан бері биоалуандылықты сақтау мәселелерінде ел Үкіметінің басты серіктесі болып келеді. 2004 жылдан бері БҰҰДБ Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен, сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің өзара байланысты гранттары аясында осы салада 10 ауқымды бастаманы жүзеге асырып, 29 миллион АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция тартты. 

Халықаралық гранттық жобалар шеңберінде он жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылып, алты ерекше қорғалатын табиғи аумақтың аумағы кеңейтілді, олардың жалпы ауданы 3,5 миллион гектарға жуықтайды. Жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдарын сақтау үшін алғаш рет екі экологиялық дәліз - Қостанай облысында «Ырғыз-Торғай-Жыланшық» және Алматы мен Жетісу облыстарында «Қапшағай-Балқаш» құрылды.

БҰҰДБ серіктестік орнатуға және биоалуандылықты сақтау тәжірибесіне жаңа қаржылық механизмдерді енгізуге үлкен мән беретінін бөлек атап өткен жөн. Осылайша БИОФИН бастамасы аясында Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы есепке алынбаған ормандарды сақтау және тұрақты басқару үшін бизнестен 700 000 АҚШ долларынан астам қаражат жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта БҰҰДБ қолдауымен, халықаралық және ұлттық сарапшылардың қатысуымен биоалуандылықты сақтау саласында жаңаұлттық стратегиялық құжат әзірленіп жатыр. Бұл - бағалы жануар түрлерінің қоныс аударуына және мекендеу орындарына қауіп төндірмейтін жұмсақ «экологиялық таза» желілік инфрақұрылымды дамытудың негізін қалаудың бірегей мүмкіндігі.

Бүгінгі шараға қатысып отырған биоалуандылық, жабайы жануарлар, көлік және темір жолдарды басқару, жол құрылысы саласындағы тиісті сарапшылар, сондай-ақ үкіметтік емес экологиялық ұйымдардың өкілдері аталмыш Стратегияға өздерінің сындарлы ұсыныстарын қосады деп үміттенеміз.  

Қорытындылай келе, баршаңызға нәтижелі талқылау және пікір алмасу, ал алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Назарларыңызға рахмет.