ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, БҰҰДБ және Еуразиялық даму банкі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

2024 ж. 28 June

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ЕАДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің м.а. Сухроб Ходжиматов.

Бүгін Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы және Еуразиялық даму банкі өзара ниет туралы келісімге қол қойды. Ынтымақтастық мақсаты – су ресурстарын көп мақсатты басқару саласындағы бірлескен даму жобаларын іске асыру.

«Біздің министрліктің алдында көптеген маңызды міндеттер тұр, олардың бірі – еліміздің су ресурстарын басқару жүйесін жаңғырту және жетілдіру. Осы мақсатта Қазақстанның су инфрақұрылымын дамытудың нақты шаралары баяндалған тұжырымдама және соған қатысты кешенді жоспар және басқа да ауқымды жобалар әзірленіп, бекітілді. Біз халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен белсенді ынтымақтаса отырып, басқа елдердің озық тәжірибесін үйренуге, алдағы ондаған жылдар бойы пайдасын тигізетін ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ниеттіміз. Бүгінгі келісімге қол қою – осы бағыттағы тағы бір қадам», -
деп атап өтті Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі су тапшылығын ушықтырып, су тасқындарының, құрғақшылықтың және сумен байланысты басқа да табиғат апаттарының көбеюіне себепші болып отыр, ал жаһандық температура 1° С-қа көтерілген сайын жаңғырмалы су ресурстары 20 пайызға азаяды деп болжанған. Мамандардың бағалауынша, климат өзгеруінің салдарының 80 пайызы сумен байланысты.

Құрғақшылыққа байланысты қазірдің өзінде климат өзгерісіне шалдыққыш Орталық Азия климаттың өзгеруіне ең ұрымтал аймақтардың бірі болып табылады. Өңір су ресурстарына ерекше тәуелді, суды тұтынудың басым бөлігі тиімсіз суару мәселесіне тап болып отырған ауыл шаруашылығы секторына тиесілі.

Қазақстанда сондай-ақ сумен байланысты табиғат апаттары көбейіп барады, оған соңғы кездегі жойқын су тасқындары, сондай-ақ көршілес өңірлердегі жаңа инфрақұрылымдық жобалар нәтижесінде туындаған су тапшылығының артуы дәлел, болашақ қауіп-қатерлерді азайту үшін бұл мәселе суару және су ресурстарын басқару стратегияларын жетілдіруді талап етеді. 

«Орталық Азияда су тапшы болайын деп тұр, бұл – күрделі өңірлік мәселе, бірақ біз оны шешіп жатырмыз. Дәл осы үндеуді барлық мүдделі тараптарға жеткізгіміз келеді. Өте жылдам және бірлесіп әрекет етуіміз керек. Өңірді дайындап, ауыр су тапшылығының алдын алуға бізде небәрі бес жыл бар. Барлық мүдделі тараптарды дер кезінде хабардар ету үшін біз маңызды жұмыс атқардық, серіктестік желісін кеңейту арқылы сол жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз», -
деді ЕАДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов.

Аталмыш келісім аясында ЕАДБ техникалық қолдауымен 5,3 миллион АҚШ доллары көлемінде су секторын цифрландыру, суарудың заманауи технологиялары бойынша өңірлік оқу орталықтарын дамыту, суды үнемдеудің заманауи технологияларын пилоттық тәртіпте енгізу және су шаруашылығы саласының құқықтық және институционалдық негіздерін дамыту бойынша бірқатар бастамалар жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ЕАДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің м.а. Сухроб Ходжиматов.

«Жаһандық су секторы жеткіліксіз қаржыландырудан, жеткіліксіз инвестициядан зардап шегеді; бүгінде су инфрақұрылымына әлемдік инвестицияның 10 пайыздан да азы жұмсалады. Осы тұрғыда су ресурстарын басқару саласындағы кешенді мәселелерді шешуге, климатқа төзімділікті нығайтуға және суға қатысты күн тәртібі аясында Орталық Азия елдеріндегі аймақтық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетін осы серіктестік бізді барынша жігерлендіреді», -
деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің м.а. Сухроб Ходжиматов.