Бірінші мамыр күні өз мақсаттарымызға беріктігімізді қайта растаймыз: Ұйымның негізгі активі болып табылатын қызметкерлерін нығайту

2023 ж. 1 May
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

"Басқару сапасының көрсеткіші – ерекше

нәрселер жасайтын қарапайым адамдар” 

Питер Друкер

Бүгін біз Халықаралық еңбекшілердің бірлік және ынтымақ күнін, басқаша айтқанда, Бірінші мамырды атап өтеміз, бұл еңбекші қауым мен жұмысшылар қозғалысының адамзат дамуына қосқан үлесіне арналған дүниежүзілік мейрам. Еңбек қорғау күні деп те аталатын бұл күн бүкіл әлемде әділ еңбек етудің, еңбекшілердің құқықтары мен қызметкерлер үшін қолайлы орта құрудың маңыздылығы туралы жаппай хабардарлықты арттыру мүмкіндігі ретінде танымал.

Бұл мекемелердегі еңбек жағдайларына да қатысты, себебі ондағы саясат пен іс-тәжірибе қызметкерлердің амандығы мен өнімділігіне тікелей әсер етеді. Қызметкерлерге деген көзқарас әділ болған кезде олар қауіпсіз әрі алымсақтықтың кез келген түрлерінен ада ортада еңбек етіп, өздерін бағалайтынын сезінеді және пысық, шығармашыл әрі қажырлы түрде жұмыс істеуге ынталы болады. Еңбек жағдайлары нашар болса, қызметкерлер күйзеліске, шаршауға және басқа да жан мен тән ауруларына шалдығуы мүмкін.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қызметкерлер мен олардың нақты қажеттіліктерін ескеретін орта құру

XXI ғасырда Бірінші мамыр жаңа мағына мен нысанға ие болып отыр. БҰҰДБ-да 2019 жылы қабылданған "Адамдар 2030" стратегиясы мақсаттарының бірі басшылар мен қызметкерлерге өздерін бағалайтынын сезінуге және барын салып еңбек етуге көмектесетін заманауи, тиімді басқару құралдарын мен саясатты енгізу болып табылады. Бұл – даму саласындағы барынша үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін БҰҰДБ қызметкерлерінде, мәдениеті мен қабілеттерінде трансформациялық өзгерістерге қол жеткізуді көздейтін стратегияның басты мақсатының бір бөлігі.

БҰҰДБ-да қабылданғандай, адамның айналасында құрылатын жұмыс орны қызметкерлердің қажеттіліктері мен амандығын бірінші орынға қояды. Жұмыс ортасы ынтымақтастыққа, өзара қарым-қатынасқа және ашықтыққа жағдай жасауға бағытталған. Сенім, құрмет пен мейірімділік мәдениеті көтермеленіп, басшылық қызметкерлердің дамуы мен өсуіне инвестиция салудың құндылығын мойындайды.

Осындай жұмыс орнын құру арқылы ұйымдар өз қызметкерлерінің қанағаттану деңгейін өсіріп, кадрлардың тұрақтамауын азайта алады және өнімділік пен кірісті арттыра алады. "Бір жұдырық болып, барлық қиындықтарды еңсереміз!" деген ұран бүгінде ашықтық, үдеріс айқындылығы мен тең қолжетімділік қағидаттары негізінде жұмыс істейтін БҰҰДБ өкілдігінде жаңа мәнге ие болды. Бұл Қазақстандағы БҰҰДБ-ның ұлты мен шығу тегі алуан жұмыс күшіне оң әсер етіп отыр.

 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Адал жұмыс күшін құру жолындағы қадамдар

БҰҰДБ-да біз қызметкерлерімізді ең құнды активіміз деп білеміз. Өкілдік қауіпсіз әрі лайықты жұмыс ортасын құру үшін көп күш-жігер жұмсайды. Осы орайда қабылданған басты шара өкілдіктің әрбір қызметкерін тарта отырып, "Адамдар 2030" жаһандық стратегиясын жергілікті қажеттіліктерге бейімдеу болды.

Жаңа стратегия басымдықтарының бірі – жағымды атмосфера құру. Қазақстандағы БҰҰДБ қызметкерлерінің арасында жүргізілген соңғы сауалнама қызметкерлердің оларға жайлы еңбек жағдайлары ұнайды деп есептейтінін көрсетті, бұл шешімін қажет ететін бірқатар мәселелерге қарамастан, "Адамдар 2030" стратегиясының ойдағыдай жүзеге асырылып келе жатқанының айғағы.

Ондай мәселелердің ең бастысы – өкілдіктегі, соның ішінде жобалардағы түйінді лауазымдардың шектеулі саны, бұл өкілдіктегі жұмыс жүктемесі жыл бойы өте жоғары екенін білдіреді. Қызметкерлердің мерзімдерді сақтау үшін қосымша, оның ішінде жұмыс уақытынан тыс жұмыс істейтіні сирек емес. Бұл мәселені шешу үшін қызметкерлердің аман-саулығын қамтамасыз ету мен қолайлы жұмыс ортасын құру бойынша бірқатар шаралар қабылданды:

  • Икемді жұмыс кестесінің арқасында барлық қызметкерлер өздерінің жеке және кәсіби өмірлерін жақсырақ реттей алады. Бүгінгі таңда қызметкерлердің 90 проценті жергілікті жағдайларға бейімделген икемді жұмыс кестесін пайдаланады. Мысалы, қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлер жеке/отбасылық және жұмыс өмірлерін сәйкесінше реттей алады.

  • Кадрлар айналымын азайту мақсатында жергілікті нарықпен салыстырғанда бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеу үшін ұлттық қызметкерлердің жалақы кестесі үнемі қайта қаралады, бұл қызметкерлердің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

  • Қызметкерлерге жақсы әлеуметтік төлемдер пакетіне кепілдік беріледі. Медициналық және өмірді сақтандыру дүние жүзі бойынша әрекет етіп, қызметкер асырауындағы адамдарды қосқан жағдайда оларды да қамтиды.

  • Жоғары жұмыс жүктемесі мәселесін шешу және жас дарындарды тарту үшін өкілдік ақылы тағылымдамадан өту саясатын қабылдады. 2022 жылдың жазынан бастап біздің ұжымға жергілікті студенттер мен түлектердің де, халықаралық азаматтардың да қатарынан бес тағылымгер қосылды.

  • БҰҰДБ сонымен қатар жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жаңа түлектер мен кәсіби сарапшылардың арасынан БҰҰ Еріктілерін тартады. БҰҰ Еріктілері лайықты еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер алып, БҰҰДБ-да жұмыс істегеннен кейін жақсы мансап қуу мүмкіндіктеріне ие болады.

  • Қазақстандағы БҰҰДБ сондай-ақ Coursera және eCornell платформаларындағы электрондық жоғары білім туралы дипломдар мен сертификаттар беретін онлайн-курстар мен бағдарламаларға қатыстыру арқылы өз қызметкерлерінің кәсіби және мансаптық дамуына инвестиция салады. Жиі оқылатын курстарға мансап құру мен көшбасшылықты дамыту, мемлекеттік сатып алу, жобаларды басқару, цифрлық коммуникациялар және климаттың өзгеруімен қарсы күрес бағдарламалары жатады.

  • Әйелдер мен ер адамдардың әлеуетін тең ашу және өкілдікте алуантүрлілікке жағдай жасау үшін Қазақстандағы БҰҰДБ гендерлік аспектілерді ескеретін және барлығына бірдей мүмкіндіктер беретін дарынды кадрларды іріктеу және ұстап қалу стратегияларын іске асырады.

  • БҰҰДБ үшін қызметкерлердің физикалық денсаулығының маңыздылығы қолайлы жұмыс ортасын құрудың бір бөлігі болып табылатын ең басты мәселелердің бірі болып табылады. Өкілдіктің материалдық базасы мен жабдықтары қызметкерлерімізге өз міндеттерін кез келген жерден орындауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырылған спорт сабақтары – йога, волейбол, үстел теннисі – қызметкерлерге жұмыстан тыс қарым-қатынас орнатуға жағдай жасайды.

Елдегі өкілдіктің жүзеге асырып отырған іс-қимыл жоспары БҰҰДБ-ның басқа бөлімшелерінде де жүзеге асырылған көптеген идеяларға түрткі болды.

Еңбек қорғау күні еңбекшілерді қолдау мақсатында құрылғаннан бері еңбек жағдайлары түбегейлі өзгергеніне қарамастан, Бірінші мамыр бүгінде де өзектілігін жоғалтқан емес. Қызметкерлердің аман-саулығы, жұмыс пен өмірдің тепе-теңдігі ұйымның мақсаттарына неғұрлым тез жетуге ықпал ететін ынталы және адал ұжымға алып келеді. Қазақстандағы БҰҰДБ тарихы, міне, осындай: мұндағы басшылықтың мақсаты – қызметкерлерді өзгерістердің, дамудың оң нәтижелерінің таратушыларына айналдырып, Қазақстандағы әріптестік қатынастарды кеңейту. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: кемелдіктің шегі жоқ.