
Balkhash Lake
Су – 21 ғасырдың басты даму мәселелерінің бірі. Ауыз су тапшылығынан бастап су тасқыны мен құрғақшылық сияқты төтенше ауа райы құбылыстарына дейін судың қолжетімділігі мен сапасы бүкіл әлемде экономиканы, қоғамды және экожүйелерді қалыптастырады. Орталық Азияда, әсіресе Қазақстанда су қауіпсіздігіне климаттың өзгеруі, ескірген инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және үй шаруашылығын салаларында өзара бәсекелес талаптар барған сайын орны толмас нұқсан келтіріп жатыр. Аймақ осындай қиындықтармен күресіп жатқанда су ресурстарын оқшауланған түрде басқаруға болмайтыны түсінікті болды — оларды басқару, технологиялар, қаржы және экологиялық тұрақтылық үйлесетін өзара байланысты жүйе ретінде қарастыру керек.
Су тасқындары мен құрғақшылық тудырған қосарлы дағдарыс
Дүние жүзінде табиғи апаттардың 90 пайызы сумен байланысты. Мұндай апаттардың тамаша мысалдары болып табылатын су тасқыны мен құрғақшылық қарама-қарсы құбылыстар сияқты көрінгенімен, көбінесе бір мәселенің екі жағы болып табылады: су ресурстарын тиімсіз басқару. Соңғы жылдары Қазақстан жойқын су тасқынының да, ұзаққа созылған құрғақшылықтың да куәсі болды, олардың әрқайсысы миллиардтаған шығын әкеліп, мыңдаған адамдарды көшіруге мәжбүрледі. Мысалы, 2024 жылы бүкіл елдіжайлаған су тасқыны 96 000-нан астам адамды эвакуациялауға мәжбүр етіп, 450 млн долл астам шығын келтірді. Сонымен қатар 2021 жылдың жазында Қарағанды облысында 1000 га жер өртеніп, ондаған жылдардағы ең ауыр құрғақшылықтың біріне ұласып, бүкіл елде ауыл шаруашылығы шығыны және мал өлімі үрейлендіретін деңгейге жетті, мыңдаған отбасы зардап шекті.
Жүйелік көзқарас мұндай құбылыстар жай ғана табиғи апаттар емес, су ресурстарын басқарудағы, инфрақұрылымның тұрақтылығы мен климаттың өзгеруіне бейімделудегі тереңде жатқан осалдықтардың белгілері екенін мойындайды. Шешімдер апаттар кезінде әрекет етуді ғана емес, сонымен қатар суды сақтау , жақсырақ болжау және табиғатты қорғайтын шешімдер арасында тепе-теңдікті қамтамасыз ететін алдын алушы шараларды қамтиды.
Әрекет ету және оқыту арқылы төзімділікті нығайту
2024 жылы Германия, Испания, Бразилия, Пәкістан және басқа да көптеген елдер болжау жүйелеріндегі және су тасқынының алдын алу инфрақұрылымындағы айырмашылықтарға қарамастан, жойқын су тасқындарына тап болды. Су ресурстарын басқару жүйесінің жетілгендігі оның әрбір төтенше оқиғаны болжай алу қабілетімен емес, төтенше оқиға орны алғанда қаншалықты тиімді әрекет ететінімен және олардан қалай сабақ алатынымен өлшенеді. Тұрақты жүйе үшін нағыз сынақ болып оның дағдарыстан кейін алған сабақтарын болашақ саясат пен инфрақұрылымдық инвестицияларға енгізу арқылы бейімделу қабілеті болып табылады.
Қазақстан бұл мәселеде, атап айтқанда, су тасқыны қаупін басқаруды жетілдіру есебінен біраз ілгеріледі. Үкімет халықаралық серіктестердің қолдауымен мониторинг және болжау жүйелерін күшейту, бөгет инфрақұрылымын жаңарту және әрекет ету тетіктерінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар бастама көтерді. Ерте ескерту жүйелерінде әлі де олқылықтар бар, ал әрекет ету шараларын үйлестіру сенімдірек болуы керек. Су тасқыны қаупін картаға түсіруге, нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге және алдын ала ескерту жүйелеріне салынған инвестициялар экономикалық және адам шығынын азайта отырып, дайындықты және салдарды азайту бойынша шараларын айтарлықтай арттыра алады.
Үйлестіру маңызды мәнге ие: БҰҰДБ-ның Қазақстандағы су ресурстарын басқарудағы рөлі ?
Бытыраңқы басқару су ресурстарын тиімді басқаруға негізгі кедергі болуы мүмкін. Су ресурстары саясатының әртүрлі аспектілерін қадағалайтын бірқатар ведомство болғандықтан, олардың міндеттеріне қатысты жиі түсініксіздік туындайды. Осы мәселені шешу үшін Қазақстандағы БҰҰДБ үкіметтің, жеке меншік сектордың және азаматтық қоғамның негізгі мүдделі тараптарын біріктіретін Су секторын дамыту бойынша серіктестердің үйлестіру кеңесін құру арқылы Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігіне қолдау көрсетті. Аталмыш Үйлестіру кеңесі ынтымақтастыққа септесуге, шешім қабылдауды оңтайландыруға және барлық серіктестердің өзара келісілген ұлттық стратегиямен жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жақсы жұмыс істейтін үйлестіру механизмі ресурстарды тиімді үлестіруді қамтамасыз етеді, артық тұстарды азайтады және су ресурстарын кешенді басқаруға ықпал етеді. Қазақстанның жаңа Су кодексі мен Су секторын дамыту тұжырымдамасы саясаттарды құрастырып қана қоймай, сонымен қатар тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін осындай құрылымдалған диалогтың тек пайдасын ғана көретін болады.
Цифрландыру: шешім емес, құрал
Цифрландыру көбінесе су ресурстарын басқаруда тиімділікті, дәлдікті және бейімделуді арттыруға уәде беретін бетбұрысты шешім деп саналады. Алайда нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу жүйелері, предиктивті аналитика және жасанды интеллект негізіндегі болжау сияқты цифрлық құралдар шешім қабылдауды айтарлықтай жақсарта алса да, өз бетінше қолданылатын шешімдер емес. Мықты әдістемелік негізсіз, қолайлы инфрақұрылымсыз және қажетті білімі бар жұмыс күшінсіз цифрландыру жеткілікті пайдаланылмаған немесе дұрыс пайдаланылмаған ресурсқа айналуы әбден мүмкін.
Бұған нақты уақыт режимінде деректерді предиктивті алгоритмдерімен біріктіру арқылы болжау мүмкіндіктерін жақсартатын TALSIM атты күрделі гидрологиялық модельдеу құралы мысал бола алады. Мұндай құралдар су ресурстарын басқару үшін баға жетпес идеялар бере алса да, олардың тиімділігі сайып келгенде, оларды пайдаланатын мекемелер мен жеке тұлғаларға байланысты болады. Цифрлық платформа тек өзі өңдейтін деректер мен оларды түсіндіріп беретін мамандар сиқаншалықты мықты болса, соншалық мықты болады. Шынында да, цифрлық су шешімдері техникалық білім мен институционалдық қолдаудың жетіспеушілігінен жиі сәтсіздікке ұшырайды, сондықтан оқытуға және басқару құрылымдарына инвестиция барынша жақсы нәтиже шығару үшін технологиялық жетістіктермен қатар жүруі керек.
Болашақты қаржыландыру: «Көк» облигациялар және «Апаттық» облигациялар
Су инфрақұрылымын салу және күтіп ұстау құрылысқа, жаңғыртуға және күтіп ұстауға үздіксіз инвестиция салуды талап ететін елеулі қаржылық ауыртпалық болып табылады. Ескіретін құбырлар, суару жүйелері және гидротехникалық ғимараттар үнемі қызмет көрсетуді қажет етеді, ал климаттың өзгеруі және халық санының өсуі жаңа, бейімделгіш шешімдерді қажет етеді. Алайда осы қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін тек мемлекеттік қаржыландыруға сүйену көбінесе жеткіліксіз, сондықтан қаржыландырудың әртүрлі тетіктерін зерттеуді қажет етеді. Су ресурстарын заманауи басқару инвестиция саласындағы олқылықтарды жою және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін инновациялық қаржыландыру стратегияларын талап етеді. Қазақстанның тұрақты су жобаларын қолдайтын «көк» облигациялар және төтенше су тасқыны кезінде төлем жасауды қамтамасыз ететін «апаттық» (cat) облигациялар сияқты қаржылық құралдарды пайдаланатын мүмкіндігі бар.
Жаһандық «көк» облигациялар көптеп шығарылып жатыр, олардың жалпы шығарылымы 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша шамамен 6,8 млрд АҚШ долл құрады, осылайша тұрақты су инфрақұрылымына инвестиция салу үшін болашағы зор амалды ұсынады. Сонымен қатар «апаттық» (cat) облигациялар нарығының ауқымы АҚШ пен Жапония сияқты аймақтардағы негізінен дауыл мен жер сілкінісі қаупін қамтитын50 млрд долл. асты. Дегенмен дағдарыс кезінде жедел қаржылық көмек көрсету үшін су тасқыны қаупі бар аймақтарда, соның ішінде Орталық Азияда «cat» облигацияларын шығаруға қызығушылық артып келеді. Бұл құралдар мемлекеттік бюджетке тәуелділікті азайта отырып және қаржылық тұрақтылықты арттыра отырып, инфрақұрылымды қажетінше жаңартуға капитал жұмылдыра алады.
Кірісті су жобаларын жасай отырып, Қазақстан көбінесе тұрақты және ықпалды инвестиция салуды көздейтін халықаралық қаржы институттарынан, даму банктерінен және жеке инвесторлардан қаржы тарта алады. БҰҰДБ-ның Қазақстанда алғаш рет жасыл облигация шығарудағы табысына сүйене отырып, жаһандық тұрақтылық тұжырымдамалары мен тәуекелдерді азайту стратегияларына сәйкес жобаларды құрылымдау су ресурстарын тұрақты басқару жұмыстары қаржылық тұрғыдан өміршең болатынына және ұзақ мерзімді экономикалық дамуға ықпал ететініне кепілдік бола отырып, қаржыландырудың жаңа жолдарын аша алады деп сеніммен айтуға болады.
Климаттың өзгеруіне бейімделу және биоәртүрлілікті сақтау: жетіспейтін буындар
Су қауіпсіздігі климаттың өзгеруіне бейімделумен және биоалуантүрлілікті сақтаумен тығыз байланысты — әрбір элемент екіншісін күшейтетін цикл. Құрғап қалған өзен арналары, ормансызданған су айрықтары және шамадан тыс пайдаланылған сулы-батпақты жерлер сияқты құлдыраған экожүйелер су тапшылығын күшейтеді, су тасқыны қаупін арттырады және табиғи гидрологиялық циклдарды бұзады. Өз кезегінде су тапшылығы және дұрыс басқармау экожүйелердің құлдырауын жеделдетіп, шырғалаң шебер тудырады. Су ресурстарын тұрақты басқаруды, судың қолжетімділігін жақсарту және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін сулы-батпақты жерлерді қалпына келтіру, жер ресурстарын тұрақты басқару және ормандарды қалпына келтіру сияқты табиғатты қорғайтын тәсілдерді су саясатына кіріктіру жүйелі шешімдер жасап шығарудағы маңызды қадамдар болып табылады.
Қазақстанның кең байтақ дала, орман және тау экожүйелері жауын-шашынды сақтау, жер асты суларын толықтыру және эрозияны азайту арқылы су циклін реттеуде маңызды рөл атқарады. Осы ландшафттарды қорғау тек сақтау ғана емес, сонымен қатар су қауіпсіздігінің өзін қамтамасыз ету болып табылады. Тұрақты ауыл шаруашылығына, ормандарды қалпына келтіруге және жерді пайдалануды жоспарлауды жақсартуға ықпал ететін саясат су ресурстарын басқару тұрақты басқарудың күшейте алады, сонымен бірге климаттың өзгеруіне ауқымдырақ бейімделу және биоәртүрлілікті сақтау мақсаттарына жетуді де қолдау көрсете алады.
Мысалы, 2030 жылға қарай 1,5 млн га астам тозған жерді қалпына келтіруді көздейтін Қазақстанның орманды қалпына келтіру жөніндегі ұлттық бағдарламасы жер асты суларының қорын толықтыруға, топырақтың ылғалдылығын сақтауды жақсартуға және су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі. Инженерлік шешімдермен қатар экожүйеге негізделген тәсілдерге басымдық бере отырып, Қазақстан табиғат та, адамдар да бірге көркейетін, бейімделгіш, климатқа төзімді су ресурстарын тұрақты басқару жүйесін құра алады. Себебі, биоәртүрлілік пен су бір-бірімен тығыз байланысты — бірі екіншісінсіз дами алмайтын жүйе. Басқаша айтқанда Арыстан патша «Өмір шеңберінде» жырлағандай, бәрі бір-бірімен байланысты.
Қорытынды: жүйелі су стратегиясына беталым
Қазақстан су ресурстарын басқару жолында шешуші кезеңде тұр. Түйіткілді мәселелер орасан зор, бірақ мүмкіндіктер де дәл сондай. Басқаруды, технологияларды, қаржыны және жасыл шешімдерді біріктіретін жүйелік тәсілді қолдана отырып, Қазақстан су қауіпсіздігі қамтамасыз етілген болашаққа жетелейтін дұрыс бағыт-бағдар таба алады.
Су ресурстарын тұрақты басқаруға қол жеткізу тек техникалық білімді ғана емес, саяси ерік-жігерді, қоғамның қатысуын және тұрақты инвестицияны талап етеді. БҰҰДБ ынтымақтастыққа септесу, цифрлық әлеуетті нығайту және қаржылық ресурстарды жұмылдыру арқылы осындай трансформацияны барынша қолдайды. БКөреген стратегия мен ұжымдық күш-жігер арқасында Қазақстан тек әрекет етіп, шара қолдану шеңберінен шығып, қазіргі және болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыратын тұрақты, бейімделгіш және орнықты су ресурстарын басқару жүйесін құра алады.