Астанада Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын алу сапарларының қорытындысы бойынша Консолидацияланған есеп талқыланды
2024 ж. 8 November
Бүгін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың төрағалығымен Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қатысушыларының 2023 жылғы алдын алу сапарларының қорытындысы бойынша Консолидацияланған есептің таныстырылымы өтті.
Іс-шара дөңгелек үстел форматында онлайн және офлайн режимінде өтіп, шамамен 200 қатысушыны жинады. Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов, Қазақстандағы БҰҰДБ-ның Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азиядағы аймақтық өкілі Матильда Богнер, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру және сараптамалық кеңестердің мүшелері, ҰАТ мүшелері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болды.
Кіріспе сөзінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев өзінің жұмысында енгізілген өзгерістер жайлы ақпарат берді: егер мемлекеттік органдар ұсыныстарды орындамаса, Омбудсмен сәйкес министрліктерге жеке ұсыныстар енгізеді. Омбудсмен сонымен қатар аймақтық өкілдерінің азаптау мен қатыгез қарым-қатынастардың алдын алу бағытындағы жұмысындағы талпыныстарымен бөлісіп, ҰАТ жұмысының тәуелсіздігін ерекше атап өтті.
2023 жылы ҰАТ мүшелері 461 алдын алу сапарын өткізді, оның ішінде 422 жоспарлы және 33 арнайы сапар бар. ҰАТ мониторингімен жалпы 474 нысан қамтылды, олардың ішінде Ішкі істер министрлігі, Білім министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мекемелері бар. Мониторинг нәтижесінде мемлекеттік органдарға 3.000-нан астам ұсыныс енгізіліп, олардың жартысына жуығы (40 пайызы) орындалды. Ұсыныстар негізінен ұстау шарттары, қажетті заттарды сатып алу, құқықтық ағартушылық, медициналық көмек көрсету және санитарлық нормаларды сақтау мәселелеріне қатысты болды. Жабық мекемелерге жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша Уәкіл өкілдерінің ұсынысымен 258 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, ал ҰАТ мүшелерінің бастамасымен қосымша 17 лауазымды тұлғаға санкция қолданылды.
Айта кетейік, Ұлттық алдын алу тетігі жазалау шараларын жүзеге асыратын мекемелер мен органдарға баруды және азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жат немесе ар-намысқа тиетін қарым-қатынас пен жазалау түрлерінің алдын алу жүйесі ретінде жұмыс істеуді көздейді. 2014 жылдан бастап Қазақстандағы БҰҰДБ ҰАТ жұмысына әлеуетті арттыру, тәжірибе алмасу және институционалдық қолдау көрсету бойынша әртүрлі бастамалар арқылы қолдау көрсетіп келеді. БҰҰДБ және басқа халықаралық ұйымдар Қазақстанда ҰАТ құруға ықпал еткен заң жобасын іске асыруда маңызды рөл атқарды.