Ұлттық құқық қорғау институттарының бизнес саласындағы адам құқықтарын қорғау мәселелерін ілгерілетудегі рөлі

2024 ж. 29 October
a book on a table
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бизнестің қызметі әрбір адамның күнделікті өміріне ықпал етеді. Кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті инфрақұрылымның дамуына себептесу арқылы жергілікті экономикаға жағымды әсер етеді. Алайда кәсіпорындар өз қызметкерлері мен қызмет көрсетушілері, клиенттері, жеткізілім тізбегіндегі жұмысшылар, қауымдастықтар және олардың өнімдері мен қызметтерін тұтынушылардың адам құқықтарына жағымсыз әсер етуі ықтимал. Олар халықаралық деңгейде танылған адам құқықтарының айтарлықтай барлығына тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін деуге де болады.

Бизнестің адам құқықтарына жағымсыз әсеріне жауап шара ретінде, оның қызметін реттеу және есептілігін арттыру қажеттілігіне байланысты БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2011 жылы Адам құқықтары аясындағы кәсіпкерлік қызметтің басшылыққа алынатын қағидаттарын (БҰҰ басшылыққа алынатын қағидаттары) бірауыздан қабылдап, бизнес саласындағы жауапты әрекеттердің бірыңғай халықаралық стандартын құрды. 

БҰҰ басшылыққа алынатын қағидаттары III компонентті қамтиды, олар: 1) мемлекеттің адам құқықтарын қорғау міндеті, 2) адам құқықтарын сақтау үшін корпоративтік жауапкершілік және 3) құқықтық қорғау құралдарына қол жеткізу. 27-ші қағидатқа сәйкес «Адам құқықтары кәсіпкерлік қызмет нәтижесінде бұзылған жағдайда, мемлекеттер сот механизмдерімен қатар шағымдарды соттан тыс қараудың тиімді әрі тиісті механизмдерін қамтамасыз етуі тиіс, себебі олар құқықтық қорғаудың жалпы мемлекеттік жүйесінің бір бөлігі болып табылады». Бұл тұрғыда ұлттық құқық қорғау мекемелері (ҰҚҚМ) ерекше рөл атқарады. 

ҰҚҚМ адам құқықтарын, оның ішінде бизнес саласындағы адам құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. ҰҚҚМ өзінің ерекше мәртебесі арқасында бизнестегі адам құқықтарын сақтаудың стандарттары мен озық тәжірибелері туралы хабардарлықты арттыру, сол тақырып бойынша оқыту, бизнеспен және Үкіметпен өзара әрекеттесу, ұлттық іс-қимыл жоспарларын әзірлеу үдерістеріне қатысу, заңнамаға реформалар ұсыну, сонымен қатар азаматтық қоғам мен құқық иелерімен өзара әрекеттесу арқылы айтарлықтай ықпал ете алады. 

Мысалы, бизнесте адам құқықтарын қорғауды ілгерілету бағытында ҰҚҚМ келесі қызметтерді атқара алады:

  • Үкіметке мемлекет аумағында және құзіретінде бизнестің адам құқықтарына нақты және ықтимал әсері туралы кеңес беру, мысалы, Үкіметті белгілі бір саланың әсері туралы хабардар ету

  • Үкіметке корпоративтік құқық, экологиялық реттеу, кемсітушілікке қарсы, жер және мүлік заңнамасы сияқты бизнес пен адам құқықтарына қатысты заңдар мен ережелерді қайта қараудың тиімділігі және/немесе қажеттілігі туралы тиісті заңдар мен саясат мәселелеріне қатысты кеңес беру

  • Мемлекеттік және мемлекет бақылайтын кәсіпорындардың қызметінің тиісті түрде реттелуін қамтамасыз ету

  • Бизнес және адам құқықтары мәселелері бойынша негізгі ұлттық зерттеулерді, сондай-ақ бизнес және адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысу

  • Бизнес пен адам құқықтарына қатысты мәселелерді көтеру үшін БҰҰ-ның Әмбебап мерзімді шолуына және басқа да органдарының үдерісіне қатысу

  • Мемлекеттің құқықтық қорғау құралдарының қолжетімділігін қамтамасыз етуіне мониторинг жүргізу. Мысалы, сот қорғау құралдары туралы тиісті заңнамалық және әкімшілік ережелерді қайта қараудың тиімділігі және/немесе қажеттілігі туралы кеңес беру. Сонымен қатар, адам құқықтары кәсіпкерлік қызмет салдарынан бұзылған жағдайда, құқық иеленушілердің оларды қолдануын қамтамасыз ету.

 

Париж қағидаттары 

ҰҚҚМ БҰҰ Бас Ассамблеясының 1993 жылғы қарарымен қабылданған Париж қағидаттары негізінде құрылды. Париж қағидаттары ҰҚҚМ мәртебесі мен қызметінің ең төменгі халықаралық стандарттарын белгілеп, ҰҚҚМ қызметінің тиімділігін қамтамасыз ететін ҰҚҚМ мандаттарына енгізілуге тиісті міндеттерді көрсетеді. 

Париж қағидаттарында көзделген ҰҚҚМ мандаты бизнеске және адам құқықтарына байланысты қызметке қатысты қолданылады. Мысалы, ҰҚҚМ мүмкіндіктеріне тиісті заңдар мен саясаттың құқық иелерін бизнеске байланысты адам құқықтарының бұзылуынан қорғауын қамтамасыз ету мәселелері бойынша Үкіметке кеңес беру; азаматтық қоғам мен басқа да субъектілердің Үкіметтің тиісті міндеттері мен бизнестің адам құқықтарына қатысты жауапкершілігі туралы хабардарлығын арттыру; бизнеске байланысты адам құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдарды қарау жатады. ҰҚҚМ өз қызметі арқылы, сондай-ақ жанама түрде хабардарлық пен әлеуетті арттыру арқылы құқықтық қорғау құралдарына қол жеткізуге ықпал ете алады.

 

Эдинбург декларациясы 

ҰҚҚМ бизнес және адам құқықтары мәселелерімен айналысу жолдары Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің жаһандық альянсының оныншы жыл сайынғы конференциясында қабылданған Эдинбург декларациясында баяндалған. 

Эдинбург декларациясында ҰҚҚҰ Париж қағидаттарына сәйкес бизнес және адам құқықтары мәселелері бойынша жүзеге асыра алатын іс-шаралар да атап көрсетілген, оның ішінде: мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілердің адам құқықтарын сақтауын бақылау; барлық тиісті субъектілерге адам құқықтарының бұзылуына жол бермеу және бұзушылықтарды жоюға қатысты кеңес беру; соттық және/немесе соттан тыс құқықтық қорғау құралдарына қол жеткізуді қамтамасыз ету және/немесе жеңілдету; зерттеулер жүргізу және білім беру, насихаттау және ақпараттандыру саласында қызмет атқару; сондай-ақ халықаралық адам құқықтары органдарымен өзара әрекеттесу барысында бизнес пен адам құқықтары мәселелерін кіріктіру.

 

ҰҚҚМ-ның тиімді қызметінің мысалдары

Қазіргі таңда ҰҚҚМ-ның бизнес саласында адам құқықтарын қорғауға қатысты озық тәжірибесінің көптеген мысалдары бар:

Данияның адам құқықтары институты Даниядағы бизнес пен адам құқықтарына қатысты үйлестіруші және ықпал етуші рөл атқарады. Оның қызметіне Дания Үкіметіне саяси шаралар мен стратегиялар бойынша кеңес беру және мониторинг жүргізу; Дания бизнесін құрайтын ұйымдармен немесе тікелей даниялық компанияларымен құралдар мен әдістемені әзірлеу мәселелері бойынша өзара әрекеттесу; және даниялық азаматтық қоғам ұйымдарымен бизнес және адам құқықтары мәселелері бойынша өзара әрекеттесу жатады. Институт сондай-ақ адам құқықтарын іске асыруды бағалайтын әртүрлі бизнес құралдарды, бизнес пен адам құқықтарын ұлттық негізгі бағалау әдістемесін, білім беру вебинарлары мен курстарын әзірлеумен белсенді айналысады, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша бизнестегі адам құқықтары мәселелеріне қатысты әлеуетті арттыруға қатысты зерттеулер мен іс-шаралар жүргізеді. 

Нидерланд адам құқықтары институты (Netherlands Institute for Human Rights – NIHR) адам құқықтары тұрғысынан тәуекелі жоғары бизнес салаларын анықтауға бағытталған Үкімет тапсырған зерттеуді қолдады. Сонымен қатар NIHR Үкіметке 2013 жылы жарияланған Ұлттық бизнес және адам құқықтары жөніндегі іс-қимыл жоспары туралы пікірін білдіріп, мықты және әлсіз жақтарын көрсетті, сонымен қатар біраз кеңестер берді.

Францияда Үкімет Францияның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясына БҰҰ басшылыққа алынатын қағидаттарын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуге қатысты ұсыныстар жасауды сұрады. Комиссияның бұл салада үлкен тәжірибесі бар – ол 2008 жылы Францияның адам құқықтары саласындағы корпоративтік жауапкершілік стратегиясына, сондай-ақ Францияның осы саладағы ішкі және халықаралық бастамаларына қатысты 87 ұсынысты қамтитын қорытынды қабылдады.

2015-2016 жылдары Замбияның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссиясы бизнес және адам құқықтары мәселелері бойынша негізгі зерттеу жүргізді. Зерттеу аясында заңдар, нормативтік актілер, жағдайлар, есептер және бастамалар, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметпен байланысты адам құқықтарына тигізілетін әсер жете қарастырылды. Зерттеуде БҰҰ Басшылыққа алынатын қағидаттарының әрбір компоненті бойынша негізгі тұжырымдар жасалып, кеңестер берілді. Негізгі ұсыныстардың бірі бизнес және адам құқықтары жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын іске асыру болды. 

Канаданың Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы адам құқықтары мәселелері бойынша федералды реттелетін ұйымдардың хабардарлығын арттыру және оларға кеңес беру үшін бірнеше тексеру құралын әзірледі. Мысал ретінде ұйымдардағы кемсітушілікті жоюға бағытталған адам құқықтарына қол жеткізу моделін (Human Rights Maturity Model) келтіруге болады. 

Моңғолияның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссиясы тау-кен өнеркәсібінің адам құқықтарына әсеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, тиісті қауымдар мен жеке тұлғалармен кездесіп, сол мониторингтік сапарлардың нәтижелері туралы жария түрде есеп береді. Комиссия сондай-ақ ауылдық аймақтардағы тау-кен өндіру қызметінің экологиялық салдары туралы ғылыми зерттеулер жүргізуге қатысты.

Қазақстанда ҰҚҚҰ-ға Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдік етеді.  2022 жылдан бері мемлекетте Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 20 өкілі қызмет атқарады, олардың үшеуі республикалық маңызы бар қалаларда, ал 17-сі облыстарда жұмыс істейді.

АҚҰО ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысады. Осылай, ҚР Президентінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы Жарлығымен қол қойылған Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына ҰАҚО-ның төрт ұсынысы енгізілді, оларға «еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде «жұмыс орнындағы жыныстық алымсақтық» ұғымын анықтау, шағым жасау және оларды қарастыру тәртібін әзірлеу, сонымен қатар құқықтық қорғау құралдары мен ықпалшараларды қамтамасыз ету» кірді.

Қазақстанның Ұлттық адам құқықтары жөніндегі орталығы «Париж қағидаттарына ішінара сәйкестігін» білдіретін Ұлттық адам құқықтары институттарының жаһандық альянсының «B» мәртебесіне ие. 2023 жылдан бастап Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен Ұлттық адам құқықтары жөніндегі орталық бірлесіп орталықтың Париж қағидаттарына толық сәйкестігін білдіретін «А» мәртебесіне қол жеткізу және оның әлеуетін арттыру жұмысын жүргізуде. 

Ұлттық құқық қорғау мекемелері мониторинг, кеңес беру және хабардарлықты арттыру арқылы бизнесте адам құқықтарын қорғауды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Олардың жұмысы әділ әрі жауапты бизнес ортасын құруға себептеседі. 

ҰҚҚҰ-ның бизнес салдарынан бұзылған құқықтарды қалпына келтіруі үшін құқықтық қорғау құралдарын қамтамасыз етудегі тиімді жұмысы үшін ҰҚҚҰ-ның тиісті құзіреті, қаржылық және кадрлық мүмкіндіктері болуы тиіс. Шағымдарды қарастыру механизмінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ҰҚҚҰ-да адам құқықтарының бизнес тарапынан бұзылуын тұрақты түрде бақылау процестері, кеңес беру органының тиімді жұмысы, тергеу жүргізу бастамалары, зерттеулер, білім беру және басқа да қызметтері жөнге келтірілуі тиіс.