Болашақ көшбасшылардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту: Астанада STEMдегі әйелдерге арналған көшбасшылық бағдарламасы аяқталды.
2024 ж. 12 December
Бүгін Астанада STEMдегі әйелдерге арналған көшбасшылық бағдарламасы аяқталды. Оған Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан келген 12 қыз қатысты. Ozge Epic шығармашылық орталығы алаңында ұйымдастырылған іс-шара көшбасшылық қасиеттерді дамытуға және кәсіби байланыстарды нығайтуға бағытталды.
2024 жылы БҰҰДБ-ЭЫДҰ өңіраралық диалогы барысында Қазақстан қыз-келіншектеріне арналған STEM білім беруге белсенді инвестиция салатыны атап өтілді. Алайда БҰҰДБ мен БҰҰ Әйелдерге қатысты 2024 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың 54 пайызы STEMдегі мансап әйелдерге сай келмейді деп санайды. Бұл стереотиптер статистикадан да көрініс тапқан: инженерлік мамандықтарда оқитын студенттердің тек 8-15 пайызы ғана әйелдер.
БҰҰДБ-ның Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мақсатында тұрақты қоғамдастықтарға жәрдемдесуге бағытталған және Жапония үкіметі қаржыландыратын өңірлік бастамасы шеңберінде іске асырылған бұл бағдарлама STEMдегі гендерлік теңсіздікті жоюға бағытталды. Семинарлар, нетворкинг-сессиялар және менторлық жаттығулар арқылы қатысушылар STEM саласында көшбасшылық позицияларды иеленген әйелдермен кездесіп, қиындықтарды жеңу және мансабы өсіп, табысқа жету үшін қажетті білім мен дағдыларға ие болды.
«Әйелдер STEMде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша да аз ұсынылған. Осы екі күндік бағдарламаға Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан 12 талантты қыз келіп қатысты. STEM мамандықтары әлеуметтік өзгерістерге ықпал етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ғылым мен техника саласында жұмыс істейтін әрбір үшінші әйел таза суға қолжетімділікті арттыру, экологиялық таза көліктерді әзірлеу сияқты жобаларға белсенді түрде қатысады. Бұл көшбасшылық бағдарламасы біздің тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға деген ұмтылысымызды көрсетеді», —деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа ашылу салтанатында.
Ашылу салтанаты ерекше қонақ — Өндіруші өнеркәсіптегі ашықтық бастамасы (ӨСАБ) Басқармасының Төрағасы, Жаңа Зеландияның бұрынғы премьер-министрі (1999-2008) және БҰҰДБ әкімшісі (2009-2017) Хелен Кларктың қатысуымен есте қалды. Бағдарламаға қатысушылармен әңгімелесу барысында Хелен Кларк құнды білімін және бірегей тәжірибелерін ортаға салды:
«БҰҰДБ STEM саласында жұмыс істейтін әйелдерді біріктіретініне шын жүректен қуаныштымын. Біз алгоритмдер мен жасанды интеллект әлемге ықпал еткен түбегейлі өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жай ғана технологиялық сәт емес — бұл гендерлік теңдіктің маңызды мәселесі. Әйелдердің барлығы бұл салаларға қол жеткізе алуы керек, себебі олардың көзқарастары мен үлесі өте маңызды. Мен сіздерге, осы негізгі секторға батыл түрде қадам басып, оң өзгеріс енгізе бастаған әйелдерге таңданамын».
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне баруы көшбасшылық бағдарламасына қатысушылардың еліміздің заңнамалық бастамалары туралы тікелей депутаттардың өз аузынан білуіне мүмкіндік берді. Сапар Парламенттің дамуға, инклюзивтілікке және Қазақстанның гендерлік теңдік саласындағы халықаралық конвенциялар бойынша міндеттемелерін орындауға ықпал ететін саясат қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Сүлейменова да баса айтты:
«Қазақстан гендерлік теңдікті ілгерілетуде, оның ішінде басшылық лауазымдардағы әйелдер санын арттыру бойынша елеулі табыстарға қол жеткізді. Бірақ шешілмеген мәселелер де бар. Жүйелік кедергілерді жою және саяси процестерде толық өкілдікті қамтамасыз ету біздің ел үшін басымдық болып қала береді. Гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін үнемі табандылық пен батылдық қажет».
Бағдарламаның негізгі бөліктерінің бірі тәлімгерлік жаттығу болды. Қатысушылар STEM саласының әртүрлі бағыттары бойынша жетекші сарапшылармен жұптасып, жеке және мемлекеттік секторларда, ғылыми топтарда және ҮЕҰ жұмыс істеді. Бұл практикалық тәжірибе жас әйелдердің сенімділігі мен амбициясын нығайта отырып, мансаптық қиындықтар мен мүмкіндіктерді жақсы түсінуге мүмкіндік берді.
Бағдарлама жабылу салтанатымен аяқталды. Салтанатқа қытсушылар, жаттықтырушылар және тәлімгерлерлер қатысты. Жапония елшілігінің Қазақстандағы уақытша сенім өкілі Каната Томохиро гендерлік теңдік пен халықаралық ынтымақтастықтың алдына қойылар ортақ міндетті атап өтті:
«Жапония үкіметінің өкілі ретінде біз әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың кәсіби дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған жобалар әйелдер шешуші рөл атқаратын Қазақстан өңірлеріндегі оң өзгерістерге жәрдемдесетін маңызды құрал деп санаймыз».