15 жыл ішінде 25 елде көпөлшемді кедейлік екі есе азайса да, 1,1 миллиард адам әлі де кедей болып қалып отыр

COVID-19 пандемиясының әсері әлі толық білінбесе де, айқын прогреске қол жеткізілді.

2023 ж. 12 July
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Оксфорд университетінің жанындағы Кедейлікке қарсы күрес пен адам әлеуетін дамыту жөніндегі Оксфорд бастамасы (OPHI) 110 елге қатысты бағалауды қамтитын жаһандық көпөлшемді кедейлік индексінің (ККИ) соңғы жаңартуын жариялады. Баяндама кедейлікті азайту әбден мүмкін екендігін көрсетеді. Алайда, COVID-19 пандемиясына қатысты жан-жақты мәліметтің жоқтығы жақын болашақтағы жағдайды бағалауда қиындықтар туғызады.

Нақты уақыт кезеңі ішіндегі салыстырмалы деректері бар 81 елге бағытталған 2000–2022 жылдар аралығындағы тенденцияларды талдау 25 елдің 15 жыл ішінде жаһандық ККИ мәндерін табысты түрде екі есе қысқартқанын көрсетеді, бұл – жылдам прогрестің мүмкін екендігінің айғағы. Аталған елдердің арасында Вьетнам, Гондурас, Индонезия, Камбоджа, Конго, Қытай, Марокко, Сербия және Үндістан бар.

Атап айтқанда, Үндістанда кедейліктің айтарлықтай төмендеуі байқалған: бар болғаны 15 жыл ішінде 415 миллион адам кедейліктен құтылған (2005/6–19/21 жж.). Қытайда (2010 ж. – 14,69 миллион) және Индонезияда (2012 ж. – 17,8 миллион) көптеген адамдар кедейліктен құтылды.

Елдер 15 жыл ішінде ұлттық анықтамаларға сәйкес кедейлікті екі есе азайту жөніндегі Тұрақты даму мақсатының (ТДМ) орындылығын көрсете отырып, төрт жылдан 12 жылға дейінгі кезеңнің ішінде өздерінің ККИ көрсеткіштерін екі есе қысқартты. Осылайша, ұлттық кедейлік анықтамаларының көрсеткіші болып табылатын контекстке байланысты көпөлшемді кедейлік индекстерін ескеру өте маңызды, өйткені жаһандық ККИ индексін шығару үшін көпөлшемді кедейлік дәл осы әдістеме бойынша бағаланады.

Бұл үміттендіретін тенденцияларға қарамастан, жаһандық ККИ индексімен қамтылған 110 елдің көпшілігінде пандемиядан кейінгі кезең туралы деректердің болмауы пандемияның кедейлікке әсері туралы түсінігімізді шектейді.

«2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін жүзеге асыру кезеңінің ортасына жақындай келе біз пандемияға дейін көпөлшемді кедейлікті азайтуда тұрақты прогресс болғанын анық көре аламыз. Алайда, білім беру сияқты салалардағы пандемияның кері әсерлері айтарлықтай болып, олардың салдарлары ұзақ мерзімді болуы мүмкін. Сондықтан кедейлікпен күрестегі ілгерілеуімізді қалпына келтіру үшін кері әсерге ең қатты ұшыраған аспектілерді анықтауға күш салуымыз өте маңызды, бұл болса деректер жинауды және саяси күш-жігерді күшейтуді талап етеді», – деді БҰҰДБ-ның Адам дамуы туралы баяндамалар дайындау бөлімінің басшысы Педро Консейсао.

Деректері тек 2021 немесе 2022 жылдары жиналған бірнеше елге – Мексика, Мадагаскар, Камбоджа, Перу және Нигерияға қарасақ, бұларда кедейлікті азайту серпіні пандемия кезінде де сақталса керек. Камбоджа, Перу мен Нигерияда соңғы кезеңдерде кедейлік көрсеткіштері айтарлықтай төмендеп, прогрестің әлі де мүмкін екендігіне үміт ұялатады. Бұлардың арасындағы жетістіктері ең үміттендіретін Камбоджада бар-жоғы 7,5 жыл ішінде, соның ішінде пандемия жылдары (2014-2021/22 жж.) кедейлік деңгейі 36,7%-дан 16,6%-ға дейін төмендеген, ал кедейлер саны 5,6 миллионнан 2,8 миллионға дейін екі есеге қысқарды.

Дегенмен, жаһандық ауқымдағы толық әсер әлі бағаланған жоқ. Деректерді жинауға жаңадан баса назар аудара отырып, біз пандемияның балаларға әсерін қамтитын кеңірек көрініске ие болуымыз керек. Қарастырылған елдердің жартысынан көбінде балалар кедейлігінің статистикалық маңызды төмендеуі байқалмады немесе балалар арасындағы ККИ мәні кем дегенде бір кезең ішінде ересектер арасындағыға қарағанда баяуырақ төмендеді. Бұл балалардың кедейлігі әсіресе мектепке бару және жеткіліксіз тамақтануға қатысты әлі де өзекті мәселе болып қала беретінін көрсетеді.

«Көпөлшемді кедейлік жөніндегі деректердің қайран қаларлық жетіспеушілігін ақтамақ түгіл, түсіну қиын. Әлем деректер ағынымен гүрілдеп, цифрлық өсудің келесі дәуіріне өтуге дайындық үстінде. Сөйте тұра бізде пандемиядан кейінгі кезеңде 1,1 миллиард кедей адамның 1 миллиардына қатысты деректер жоқ», – дейді Оксфорд университеті жанындағы OPHI бастамасының директоры Сабина Алкир. «Бұл мәселені шешуге әбден болады – көпөлшемді кедейлік деректері көптеген адамдар ойлағаннан тезірек жиналады – бұл үшін біз қолданатын сауалнамалардағы сұрақтардың бар болғаны 5%-ы қажет. Біз демеушілер мен деректер мамандарын нақты уақыт режимінде кедей адамдар тап болатын бір-бірімен өзара байланысты тауқыметтерді қадағалап, оларды жоюға мүмкіндік беретіндей кедейлік деректері саласында серпіліс жасауға шақырамыз».

Жаһандық ККИ бір мезгілде кедейліктің төмендеуін бақылап, адамдардың білім мен денсаулық сақтауға қол жеткізуден бастап тұрғын үй, ауыз су, санитария және электр энергиясы сияқты өмір стандарттарына дейінгі өздерінің күнделікті өмірінің әртүрлі аспектілерінде кедейлікке қалай тап болатынын көрсететін саясатты қалыптастыруға негіз береді. Кедейлік индексі ретінде ККИ осы қиыншылықтарды жою мақсатында кедей адамдар тап болатын бір-бірімен өзара байланысты әрі бірінің үстіне бірі қабаттасқан тауқыметтер мұнарасы ретінде бейнелене алады.

2023 жылғы индекске сәйкес, 6,1 миллиард адамның 1,1 миллиарды (18%-дан сәл астамы) 110 елде шегіне жеткен көпөлшемді кедейлік жағдайында өмір сүреді. Сахараның оңтүстігіндегі Африка (534 миллион) және Оңтүстік Азия (389 миллион) елдерінде әрбір алты кедей адамның бесеуі тұрады.

Барлық кедей адамдардың үштен екісі дерлік (730 миллион адам) табыс деңгейі орташа елдерде тұрады, бұл осы елдерде осы бағыттағы іс-әрекеттерді бүкіл әлемдегі кедейлікті азайту үшін өте маңызды етеді. Табысы төмен елдер ККИ-мен қамтылған халықтың тек 10%-ын құраса да, бұларда барлық кедей адамдардың 35%-ы тұрады.

18 жасқа толмаған балалар ККИ бойынша табысы төмен адамдардың жартысын құрайды (566 миллион). Балалар арасындағы кедейлік деңгейі 27,7% болса, ересектер арасында – 13,4%. Кедейлік негізінен барлық кедейлердің 84%-ы тұратын ауылдық жерлерге әсер етеді. Ауылдық жерлер әлемнің барлық аймақтарында қалалық аудандарға қарағанда кедейірек.

ККИ әртүрлі көрсеткіштер бір өңірден басқа субұлттық аймаққа, сондай-ақ қауымдастықтардың арасында және олардың ішінде адамдардың кедейлікті басынан өткізуіне әр түрлі әсер ететін кедейліктің күрделі табиғатына жарық түсіреді. Жаһандық кедейлік туралы деректердің өзекті әрі жан-жақты болуын қамтамасыз ету осы мәселелерді шешудегі және теңдікке жақынырақ әлем құру жолындағы прогресті сақтаудағы аса маңызды алғашқы қадам болып табылады.

***

2023 жылғы көпөлшемді кедейлік индексі туралы толығырақ ақпарат алу үшін келесі веб‑сайттарға өтіңіз: hdr.undp.org және ophi.org.uk