БҰҰДБ Қазақстан өңірлеріндегі креатив индустриясының даму әлеуетін сараптауда
2023 ж. 21 November
Бүгін Семей қаласындағы «Alikhan Bokeikhan University» алаңында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) қолдауымен өткізіліп жатқан Қазақстандағы креатив индустриясын дамытуға бағытталған сараптамалық сессиялар аясындағы екінші кездесу өтті. Сараптамалық сессияға креатив индустриясының 50-ден астам өкілі қатысты, оның ішінде кәсіпкерлер, креатив секторын қолдау мен дамытумен айналысатын мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ студенттер мен жергілікті жастар.
Кездесу мақсаты — аймақтық креатив экожүйелері мен олардың дамуына әсер ететін факторларға талдау жасау, өңірлердегі креатив индустриясын одан әрі дамыту мақсатында түрлі топ өкілдерінің қажеттіліктері мен көзқарасын анықтау, мүдделі тараптардың креатив индустриясын дамыту саласындағы ағымдағы республикалық және өңірлік бастамалар туралы хабардар болу деңгейін айқындау, сондай-ақ қолданыстағы және жаңа салалық мемлекеттік қолдау шараларын бейімдеу бойынша ұсыныс қалыптастыру.
Мәдениет және креатив салаларының әлемдік экономикаға қосатын үлесі зор. Олар әлемдік ЖІӨ-нің 3,1%-ын құрайды және халықтың 6,2%-ын жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. 2020 жылы, бұл секторда Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2,67 %-ды құрады. Бүгінгі таңда креатив саласында 95.000 адам жұмыс істейді, ал негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 33,3 млрд теңгені құрайды. Бұл саланы дамыту, оның ішінде креатив орталықтарын ашу және креатив кәсіпкерлерін қолдау, Қазақстанның экономикалық дамуына ғана емес, қазақстандықтардың интеллектуалдық және креатив әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Креатив салалары мәдени бірегейлікті қалыптастыру және орнықты экономикалық даму жолында маңызды рөл атқарады. Олар экономиканың жалпы өсуін ынталандырып, орнықты даму үшін маңызды кәсіпкерлік пен жаңа жұмыс орындарының өсуін қамтиды. Мәдени және креатив бастамалар күнделікті тәжірибемізді байытып, зияткерлік және эмоционалдық капиталды қалыптастыруға, әлеуметтік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді», –деді кездесудің ашылуында Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілінің орынбасары.
Сараптамалық сессиялар — БҰҰДБ Акселератор зертханасының білімге негізделген экономиканы дамытуға жәрдемдесу бастамасының бөлігі. Алғашқы аймақтық сараптамалық кездесу 13 қараша күні Қызылорда қаласында өтті. Келесі кездеулер Алматы (24 қараша) және Астана (5 желтоқсан) қалаларында өтпек. Сараптамалық сессиялар аясында қатысушыларға арнап цифрлық шешімдерді пайдалану арқылы креатив индустриясын коммерцияландыру, цифрлық медиа аясында позициялау және брендинг бойынша мастер-класстар ұйымдастырылмақ.