20 қазан, Нұр-Сұлтан - Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Беришпен кездесу өткізіп, 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарлама шеңберіндегі серіктестік пен одан әрі ынтымақтастықтың басымдықтарын талқылады.
«БҰҰДБ Агенттікпен ұзақ мерзімді серіктестікті жоғары бағалайды және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға қолдау көрсету, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін тиімді және ашық институттарды құру және азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету бойынша жемісті ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға үміттенеді. БҰҰДБ-сы Агенттікті одан әрі қолдау үшін өзінің әлемдік тәжірибесін жұмылдыруға дайын», - деді Якуп Бериш, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі.
Бүгінгі күні Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту және оған қарсы заңнамаға өзгертулер енгізу бойынша көп жұмыс атқарды. Бұл Қазақстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мүше елдерге көмектесу мақсатында Еуропа Кеңесі құрған халықаралық ұйым - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттер тобына (ағылшынша Group of States Against Corruption (GRECO) мүше болуға мүмкіндік берді.
«Қазіргі жағдайда пәрменді қылмыстық-құқықтық құралдармен қатар, жүйелі алдын-алу жұмысының да маңызы зор. Бұл тұрғыда парасаттылық, ашықтық, есеп берушілік және тұтынушыға бағдарлану арқылы мемлекеттік аппаратты трансформациялау шешуші рөл атқарады», - деді Алик Шпекбаев, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.
БҰҰДБ мен Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау әдістемесін әзірлеу, адалдық қағидаттарын насихаттау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияларды жүзеге асыруға азаматтық қоғамды тарту бойынша бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асырды. Қазіргі уақытта серіктестік бастамалары аясында Transparency International-мен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлық туралы түсініктерді бағалау бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізілуде, оның нәтижелері 2020 жылдың соңына дейін қол жетімді болады. Әлемдік сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 2019 жылы өз рейтингін жақсартты.
Кездесуде тараптар, сонымен бірге, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы коронавирус пандемиясының салдарын жеңілдету бойынша жедел қолдау шараларын талқылады, бұл дағдарыстан кейінгі қалпына келтіруді жеңілдету жөніндегі БҰҰ-ның Қазақстандағы жалпы жоспарының бөлігі болып табылады. Одан басқа, пандемия басталғаннан бері БҰҰДБ Үкіметке орталық және жергілікті мемлекеттік органдарындағы 1000 мемлекеттік қызметшілерінің цифрлық біліктілігін арттыруда, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы адам ресурстарын басқарудағы бизнес-процестерді цифрландыру бойынша ұсыныстар жиынтығын әзірлеуде Үкіметке қолдау көрсетті.
БҰҰДБ БҰҰ-ның “ешкімді артта қалдырмаймыз” әмбебап қағидатына сәйкес, Қазақстанға ықтимал дағдарыстарға қарсы тұрақтылықты қалыптастыруға көмектесе отырып, жаңа Елдік бағдарлама аясында Қазақстанда пандемияның салдарларын жеңуге бағытталған шараларына қолдау көрсетеді.