БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың Аймақаралық конференциядағы сөзі
2024 ж. 29 May
Құрметті Төраға Бәйменов!
Құрметті Директор ДЖО,
Құрметті ханымдар мен мырзалар, қонақтар, әріптестер!
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) атынан цифрлық басқару және цифрлық трансформация басымдықтарын анықтауғаарналған маңызды аймақаралық конференцияға қош келдіңіздер!
Бүгін бізге қосылғандарыңыз үшін баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын, сонымен қатар Орталық Азиядағы, Кавказдағы және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы он екі елдің мемлекеттік секторындағы цифрлық трансформация жөніндегі келесі бірлескен бастамамызға тұрақты қолдау көрсетіп жатқаны үшін Корея Республикасының Үкіметіне, әсіресе Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігіне ерекше алғысымды білдіремін.
Сондай-ақ Байменов мырзаға және оның командасына осы бастаманы жүзеге асырудағы табанды басшылығы үшін үлкен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Ортақ іске адалдықтарыңыз және қажырлы еңбектеріңіз бүгінгі шараны ұйымдастыруда үлкен рөл атқарды.
Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар даму құралдарының контекстін, сондай-ақ олардың өздерін де түбегейлі өзгертіп жатыр. Осы жаңа бастама арқылы біз Кореяның сәтті тәжірибесін пайдалана отырып, цифрлық трансформацияны ілгерілетуді мақсат етіп отырғанымызды мақтанышпен айтамын. Біліммен, озық тәжірибелермен және зерттеулермен алмасу, семинарлар мен оқу сапарлары арқылы біз қатысушы елдердің мемлекеттік шенеуніктеріне басқару жүйелерінің цифрлық трансформациясын шарлауға және азаматтарға қызметтерді тиімді жеткізуге мүмкіндік береміз.
Бүгінгі конференция біз үшін цифрлық басқару мен трансформацияны ілгері бастыруда ақпарат жинау, озық тәжірибелермен бөлісу, басымдықтарды анықтау үшін таптырмас мүмкіндік болып табылады. Бірге жұмыс істеу арқылы біз Корея Республикасында куә болғандай, бенчмаркинг (салыстырмалы талдау) тәжірибесін ескере отырып, алуан түрді мүмкіндіктер ашып, ойлау мен жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдерін жасап шығара аламыз.
Жаһандық ауқымда цифрландыру БҰҰДБ даму стратегиясында басты орынға ие.
Қазақстанда БҰҰДБ және оның ұлттық серіктестері инклюзивті, ашық және қауіпсіз цифрлық экожүйелерді қалыптастыруға және дамытуға қолдау көрсете отырып, бүкіл қоғамды қамтитын тәсілді қолданады.
Мысалы, біздің басты бастамаларымыздың бірі — «Отбасының цифрлық картасы» — инклюзивті, этикалық және тұрақты цифрлық қоғам құруға септесе отырып, Қазақстанда 6 миллионнан астам отбасына белсенді мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге көмектеседі.
Тағы бір тамаша мысал болып Қазақстандағы ерекше қорғалатын аумақтарда SMART патрульдік жүйесін енгізу табылады, ол адамдар үшін де, ғаламшар үшін де цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, жабайы табиғатты бақылауға және жергілікті билік үшін жайылымдық жерлердің цифрлық карталарын жасауға көмектеседі.
Осындай бастамалар цифрлық трансформация арқылы инновацияларды және тұрақты дамуды ілгерілетуге деген ұмтылысымызды айқын көрсетеді.
Қорытындылай келе, алға жүретін жол салу үшін әрқайсыңызды талқылауларға белсенді қатысуға, өз көзқарастарыңызбен бөлісуге, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Баршамыз үшін тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында инклюзивті және жауапты цифрлық шешімдер ойлап табу үшін барлық қатысушы елдер мен мекемелерді Астана хаб платформасын, желілерін және ұжымдық білімін пайдалануға шақырамын.
Назарларыңызға рахмет.