2022 ж. 12 сәуір, Алматы қ. – Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған «Жарық сәулесі» бастамасының өңірлік бағдарламасы шеңберінде «Цифрлық технологиялар зорлық-зомбылыққа қарсы» (Spotlight Digital Challenge "IT vs Violence") идеялардың онлайн марафонының қорытындылары шығарылды. Ұйымдастырушыларға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан 835 өтінім келіп түсті. Тіркеу барысында 73 команда қалыптасты, оның ішінде Орталық Азияның бірнеше елінің жастарын біріктірген аралас құрам бар.
«Жарық сәулесі» бастамасы ең заманауи тенденцияларға белсенді ден қояды. Бүгін біз цифрландыру толқынында зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі күнделікті іс-қимылдарда цифрлық технологияларды қалай қолдану керектігін талқылап жатырмыз. Сонымен қатар, біздің өміріміздің едәуір бөлігін онлайн кеңістікке көшіру кезінде туындаған жаңа қатерлер мен зорлық-зомбылық түрлері туралы еске саламыз», - деп атап өтті іс-шараны аша отырып, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің саясат, баспасөз және ақпарат бөлімінің басшысы Мачей Мадалиньски.
48 сағат ішінде «марафоншылар» үш трек бойынша 58 шешім әзірлеп, қазылар алқасына ұсынды – гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу; зорлық-зомбылық туралы деректерді жинау және визуализациялау; және зорлық-зомбылықтан аман қалғандарға көмек көрсету. Іріктеу нәтижелері бойынша 14 команда конкурстың негізгі және қосымша номинацияларында ақшалай сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаздар әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылыққа қарсы күресте өз дамуын жалғастыруға және шешім іздеуге ниетті екенін атап өтті.
Идеялар марафонының алдында білім беру интенсиві өтті, онда гендерлік кемсітушілікке қарсы іс-қимыл және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Косово, Ресей және Армениядан келген зорлық-зомбылықтан аман қалғандармен жұмыс саласындағы жетекші мамандар зорлық-зомбылықтан аман қалғандарға ағартушылық және талдамалық қызмет пен көмек саласындағы практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар «Жарық алгоритмі», «Бурулай», «ClickHelp Bot» цифрлық технологияларын, Safe YOU платформасын қолдана отырып, шешімдер жасаған жас новаторлармен сөйлесті.
БҰҰДБ-ның Қазақстандағы өкілінің орынбасары Виталий Времиш: «Бұл іс-шараның негізгі міндеті - жастарға гендерлік теңсіздіктің проблемалары мен салдарын түсінуге және көруге, сондай-ақ оның ішінде онлайн кеңістікте гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндігін түсінуге көмектесу», - деп атап өтті.
Марафонның қорытындылары цифрларда: 14 жүлдегерлер командасы - 33 қыз және 22 жігіт; 4 қыздар команда «Бірегей идея» және «Үздік презентация» номинацияларын жеңіп алды; жеңімпаздар арасында Қазақстаннан 7 команда, Өзбекстаннан 1 команда және Қырғызстаннан 2 команда.
«Жарық сәулесі» бастамасы (ағылш. Spotlight Initiative) – 2030 жылға қарай әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жою бойынша әлемдегі ең ірі мақсатты әрекет. Бұл бастама Еуропалық Одақ пен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы жаһандық көпжылдық серіктестік шеңберінде жүзеге асырылуда. Бүгінде «Жарық сәулесі» бастамасы — бұл бүкіл әлем бойынша, Орталық Азия елдерін қоса алғанда 26 елдік және өңірлік бағдарламалардың жұмысы. Бағдарлама заңнама мен саясаттағы гендерлік алшақтықты жоюға, институттарды нығайтуға, гендерлік-әділ нормаларды көтермелеуге, гендерлік зорлық-зомбылық туралы статистикалық деректердегі олқылықтардың орнын толтыруға және әйелдер бірлестіктері мен қозғалыстарының әлеуетін нығайтуға бағытталған.