Отбасының цифрлық картасы: технология арқылы қоғамды өзгерту

2024 ж. 24 April

Ортақ фото, сол жақтан оңға қарай: Гүлжан Есболова, Айгүл Табергенова, Маржан Ахметова, Светлана Жақыпова, Алёна Ребрикова және Батжан Ақмолдина

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Диас Мейрманов

Жаппай цифрландыру мен технологиялық серпілістер дәуірінде, өміріміздің әрбір саласы қарқынды әрі түбегейлі өзгеріп жатқанда, әлеуметтік әл-ауқатты жақсарту және қоғамды тұрақты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатыр. Қазақстан үшін мұндай мүмкіндік Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы әріптестігі нәтижесінде пайда болған «Отбасының цифрлық картасы» жобасы болды. Аталмыш жоба мұқтаж жандарға әлеуметтік қызметтер туралы ақпаратқа және қажетті қолдауға жедел қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін цифрландыруға жол ашты. Бүгінде «Отбасының цифрлық картасы» 20-дан астам мемлекеттік агенттіктердің ынтымақтастығы арқасында азаматтар тіпті өтініш бермей-ақ автоматты түрде ала алатын 30-дан астам қызмет түрін ұсынады. Жүйе 100-ден астам әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді пайдаланады, сондықтан әлеуметтік қорғау мәселелері саласында шешім қабылдау үшін сенімді дерек көзі болып табылады. Осы инновациялық платформа іске қосылғалы бері қазақстандықтар 2,2 миллионнан астам әлеуметтік қызмет алған.

«Отбасының цифрлық картасы» жобасы әртүрлі салалардың: IT-технологиялар, әлеуметтік қорғау, экономика және қаржы мамандарының күш біріктіруінің арқасында мүмкін болды. Біз қазақстандықтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың осындай инновациялық құралын әзірлеуге мұрындық болған әйелдермен әңгімелесуді жөн көрдік. Әдістемелерді дайындауға, отбасы әл-ауқатының көрсеткіштерін әзірлеуге, деректерді талдауға және IT-шешімдерді жобалауға жауапты нәзік жандылар кәсіпқойлығын ғана емес, сонымен қатар жобаның әлеуметтік аспектілерін терең түсінетінін көрсетті. Олар жобаға өздерінің бірегей тәжірибесін, білімі мен жеке қасиеттерін қосты, соның арқасында «Отбасының цифрлық картасын» Қазақстандағы көптеген отбасылардың өміріне нақты өзгерістер енгізудің тиімді құралына айналдыруға мүмкіндік берді.

Гүлжан Есболова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобалық кеңсесінің бас менеджері.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

Гүлжан Есболова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобалық кеңсесінің бас менеджері, еңбек жолын аэроғарыш университетінде бастаған. Сол кезде ол тек «ер адамдарға арналған» деп саналған «ақпараттық технологиялар» факультетінде екі қыздың бірі болған. Гүлжан өзінің алғашқы ақпараттық жүйесін сонау 2005 жылы жасап, іске қосқан, сол жүйе әлі де сәтті жұмыс істеп жатыр. «Отбасының цифрлық картасы» жобасында Гүлжан сарапшы-әдіскер қызметін атқарып, картаның жалпы жұмыс механизмін әзірлеуге белсене атсалысты. Оны жобаға қатысуға цифрлық технологиялардың күшін пайдалана отырып, мұқтаж отбасыларға көмектесу ниеті шабыттандырған.

Жобаға қатысуға не түрткі болды?

Гүлжан: Әлеуметтік ықпалы: жоба өмірінде ауыр тауқыметке тап болған адамдарға: үштен көп баланы жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға, мүмкіндіктері шектеулі отбасыларға, жетім балаларға және қатер тобындағы көптеген басқа адамдарға көмектесуі тиіс. «Отбасының цифрлық картасы» қалай көмек алу керек екенін, бүгінгі таңда қандай көмек түрлері бар екенін біле бермейтін отбасыларға көмектесуге бағытталған.

Жұмыс барысында кездескен қиындықтар (егер болса) және оларды қалай жеңгеніңіз туралы айтып беріңізші?

Гүлжан: Басты қиындық қатер тобындағы отбасыларды дұрыс анықтауы тиіс айнымалы мәндерді түсіну және дұрыс анықтау, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының дербес деректері туралы заңды бұзбауға мүмкіндік беретін механизмді ойлап табу болды.

Сіздің пікіріңізше, жобаның қоғамға ұзақ мерзімді әсері қандай болады?

Гүлжан: «Отбасының цифрлық картасын» енгізу арқылы мүмкін болған мұқтаж отбасыларға көмек көрсетудің белсенді сипаты қиын өмірлік жағдайдағы қазақстандық отбасылардың санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

Жоба аясында ерекше мақтан тұтатын сәтті сипаттап беріңізші?

«Үлкен ұжымның бір кісідей жұмыс істей бастаған сәті болса керек. Ұжымның әрбір мүшесі өз міндетін орындады, бірақ жобаны жинақтаған кезде пазл құралып, «Отбасының цифрлық картасы» дәл бастапқыда жоспарланғандай жобаға айналды».

Алёна Ребрикова да, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобалық кеңсесінің бас менеджері, «Отбасының цифрлық картасының» сарапшы-әдіскерлері тобында жұмыс істеді, бұл оның алғашқы әлеуметтік жобасы емес. Бұған дейін Алёна Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасын әзірлеуге және сәтті іске қосуға қатысқан. Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық технологияларды қоғамның игілігі үшін пайдаланудағы жаңа қадам болды. Жобадан Алёна мұқтаж отбасыларға әлеуметтік қолдауға қол жеткізуге көмектесу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар технологиялар адамдардың игілігі үшін жұмыс істей алатынын және жұмыс істеуі тиіс екенін дәлелдеу мүмкіндігін де көреді.

Жобаға қатысуға не түрткі болды?

Алёна: Әлеуметтік әсері: маған қоғамның әл-ауқатына үлес қосу және сондай отбасыларға көмектесу ниеті түрткі болды. Әрі осы жобада өз дағдыларым мен тәжірибемді пайдалану мүмкіндігін көрдім. Сонымен қатар қазіргі мәселелерді шешудің пайдалы және тиімді құралын жасау үшін инновациялық технологияларды қолдану да қызықтырды.

Жұмыс барысында кездескен қиындықтар (егер болса) және оларды қалай жеңгеніңіз туралы айтып беріңізші?

Алёна: Отбасы деректерімен жұмыс істеудің оңтайлы әдістемесін анықтау қиын болды. Оның шешімі осы жобаның қажеттіліктерін мұқият талдау, деректермен жұмыс істеудің икемді және тиімді әдістемесін әзірлеу, ақпараттың қауіпсіздігі мен құпиялығын қамтамасыз ету болды.

Алёна Ребрикова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобалық кеңсесінің бас менеджері.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

Сіздің пікіріңізше, жобаның қоғамға ұзақ мерзімді әсері қандай болады?

«Жобаның өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік өзара әрекеттестік және қолдау көрсету, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту сынды салаларда қоғамға айтарлықтай ұзақ мерзімді әсер етуге әлеуеті бар. Мен отбасылардың мәселелерін шешуде шынымен пайдалы және олардың өмірін жақсартуға көмектесетін цифрлық құралды жасауға үлес қосқанымды мақтан тұтамын».

Маржан Ахметова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобалық кеңсесінің бас менеджері.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

«Отбасының цифрлық картасын» іске асыруға мұрындық болған тағы бір сарапшы-әдіскер – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобалық кеңсесінің бас менеджері Маржан Ахметова. Әлеуметтік салада ІТ-жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибесі бар Маржан жобаның міндеттеріне практикалық тұрғыдан қарап, картаны түпкі пайдаланушылар үшін барынша пайдалы етуге ұмтылды. Ол белгілі бір әлеуметтік қауіп-қатерге шалдыққыш келетін отбасыларды автоматты түрде интеллектуалдық жолмен анықтауға негізделген құралды әзірлеумен айналысты. Дәл осы құрал мемлекетке қиын жағдайдағы немесе болуы мүмкін отбасыларға қатысты белсенді шара қолдануға және әлеуметтік қолдау көрсетуге көмектеседі.

Жобаға қатысуға не түрткі болды?

Маржан: Ауыр өмірлік жағдайдағы отбасылар мен адамдарға көмектесуге деген ниет. Көбінесе белгілі бір санаттағы адамдар елді мекендердің шалғай орналасуына, физикалық мүмкіндіктері шектеулі болуына, сауаттылығының жеткіліксіздігіне және басқа да факторларға байланысты әлеуметтік қолдау алу үшін мемлекетке жүгінуге мүмкіндігі болмайды.

Сіздің пікіріңізше, жобаның қоғамға ұзақ мерзімді әсері қандай болады?

Маржан: Жобаның әрбір отбасы үшін, тіпті жалпы мемлекет үшін маңызы зор. Негізі бұл жоба мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері үшін цифрлық трансформация болып табылады. Мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі IT-өзгерістер қарыштаған сайын, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция күшейген сайын «Отбасының цифрлық картасы» әдістемесін пайдалана отырып, соңғы цифрлық технологиялар негізінде іске асырылатын бірыңғай мемлекеттік цифрлық платформа қосымша деректермен толығады. Үлкен деректер негізінде отбасының жай-күйін болжау ҚР өңірлеріндегі отбасыларға көрсетілетін белсенді және уақытылы әлеуметтік көмек көлемін арттыруды көздейді, яғни әрбір қазақстандықтың өмірін үнемі жақсартып отыруға ықпал етеді.

Жобаның өзіңіз ерекше мақтан тұтатын жетістігін сипаттап беріңізші.

«Біздің ұжым қыруар жұмыс атқарды, отбасының әлеуметтік жағдайын бағалаудың 100 критерийін анықтады. Ұжым әлеуметтік қауіп-қатерлерлі есептеудің бірегей скорингтік моделін және әлеуметтік қызметтерді көрсетудің цифрлық моделін енгізу әдістемесін әзірледі. Бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы» моделін енгізу түрлі отбасы санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді. Бұл жоба болашақта елімнің әлеуметтік деңгейін көтереді, мен соны мақтан тұтамын».

Батжан Ақмолдина, ұлттық сарапшы, бес баланың анасы, «Отбасының цифрлық картасы» жобасына шын мәнінде бірегей үлес қосты. Сондай отбасылардың қажеттіліктерін түсіне отырып, Батжан отбасыларды әл-ауқат деңгейіне қарай жіктеуге көмектесетін модельді әзірлеуге және сынауға белсенді қатысты. Батжанның айтуынша, ол үшін цифрлық өнімді жасау процесін «тірідей» көру, көрсеткіштер матрицаларында «сәйкессіздіктерді» табу, оларды жою үшін IT-мамандармен және әдіскерлерімен жұмыс істеу, көз алдында бірте-бірте «Отбасының цифрлық картасының» қаңқасының қалыптасып келе жатқанын көру қызықты әрі құнды болды.

Жобаға қатысуға не түрткі болды?

Батжан: Мені ведомстволық дерекқорлар негізінде отбасылардың әл-ауқаты көрсеткіштерінің бірыңғай цифрлық платформасын құру идеясы өзінің жаңашылдығымен қызықтырды.

Жобада жұмыс істеу кезінде кездескен қиындықтар (егер болса) және оларды қалай жеңгеніңіз туралы айтып беріңізші?

Батжан: Отбасылардың әл-ауқатын жан-жақты бағалау үшін әртүрлі жай-күйлерді және сандық көрсеткіштерді сипаттайтын әртүрлі өлшемді көрсеткіштерді «түйістіру» қажет болды. Мәселені шешу үшін ұжым көрсеткіштерді балл қою арқылы модельдерге біріктіретін әртүрлі әдістемелік тәсілдерді (ақшалай аналогия және депривациялық тәсіл) қолданды.

Батжан Ақмолдина, ұлттық сарапшы.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

Жобадағы өзіңіз ерекше мақтан тұтатын сәтті сипаттап беріңізші.

«Ұжымда әртүрлі кәсіби терминдерді қолдана отырып, басқа сарапшылармен тіл табысуға, әр сарапшының жеткізуге тырысып жатқанын басқалардың түсінуіне септесуге тырысып, «түйіткілді» мәселелерді талқылаған сәттер. Жоба терминологиясы туралы ортақ пікірге келіп, ешбір әркелкіліктер болмауы үшін қолданылған терминдер бойынша «шпаргалка» жасадық».

Айгүл Табергенова, ұлттық кеңесші.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

Айгүл Табергенова, ұлттық кеңесші, «Отбасының цифрлық картасы» жобасына әлеуметтік қорғау саласындағы өзінің білімі мен көп жылдық тәжірибесін пайдалана отырып, елеулі үлес қосты. Ол қиын өмірлік жағдайдағы адамдарды тиімді анықтауға мүмкіндік беретін негізгі көрсеткіштерді әзірлеумен айналысты. Айгүл жүйенің тек технологиялық тұрғыдан ғана озық болуына ғана емес, сондай-ақ адам өмірінің қыр-сырына мән беруіне, деректер жинауға ғана емес, сондай-ақ оларды мұқтаж жандарға көрсетілетін нақты көмекке айналдыруға мүмкіндік беруге ерекше көңіл бөлді. Айгүл «Отбасының цифрлық картасын» болашақта әлеуметтік болжаудың маңызды элементі деп біледі. Ол ұзақ мерзімді перспективада аталмыш жүйе азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын 5, 10, 15 жылға алдын ала болжай алатынына сенімді.

Жобаға қатысуға не түрткі болды?

Айгүл: Көп жыл бұрын халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде жұмыс істеп жүргенде әріптестеріммен бірге күндердің бір күні цифрлық технологиялардың көмегімен қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды анықтауға болатын шығар деп армандап едік. Бұл жобаға қатысу сол арманымды орындады.

Жобада жұмыс істеу кезінде кездескен қиындықтар (егер болса) және оларды қалай жеңгеніңіз туралы айтып беріңізші?

Айгүл: Критерийлерді әзірлеу кезінде қиын өмірлік жағдай көптеген ілеспе өмірлік жағдайлардан тұратынын түсіндік, олардың негізін менің ойымша барлық дерлік өмірлік жағдайларда болатын, «бастапқы» деп атауға болатын себептер тізімі құрайды. Басты қиындық қатыгездік пен үйсіздік түрлерін белсенді түрде анықтау критерийлерін әзірлеу болды, себебі, мұндай өмірлік жағдайларда жағдайдың қиындығын растай алатын «тікелей» фактілер жоқ және «қиын жағдай» ретінде жіктеу шектері бұлыңғыр, өйткені әр кез дерлік физикалық растауды қажет етеді. Мысалы, «мүгедектік» критерийінің тікелей растамасы  медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысы, ал бас бостандығын шектеудің растамасы  сот шешімі. Жоғарыдағы критерийлерде мұндай жоқ.

Жобадағы өзіңіз ерекше мақтан тұтатын сәтті сипаттап беріңізші.

«Кезінде бірегей құралды әзірлеуге қатысқанымды бірінші рет «Отбасының цифрлық картасының» алғашқы тұсаукесері өткен кезде, команда әзірлеген критерийлер мен скорингтік модель іс жүзінде жұмыс істеген кезде түсіндім. Сол кезде өзіме: «Мәссаған!» дегенім есімде. Екінші рет «Отбасының цифрлық картасын» халықаралық ұйымдарға таныстыру кезінде қатты тамсандым. Өзім үшін ғана емес, бүкіл ел үшін мақтаныш сезімі болды».

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әуел бастан «Отбасының цифрлық картасы» идеясын тұжырымдаудың басы-қасында болған. Жақыпова ханым жобаға тартылған әлеуметтік саясат сарапшылары, инженерлер, деректерді өңдеу мамандары тобына басшылық етті, «Отбасының цифрлық картасы» платформасын іске асыру үшін мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды үйлестірді. Оның осы платформаны жасаудағы жетекші рөлі отбасыларға мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл үдерістерін оңтайландыруға және жалпы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етті. Бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы» Қазақстан Республикасының Ұлттық әлеуметтік кодексінің негізі болып табылады. 

«Отбасының цифрлық картасы» жобасын әрі қарай дамыту қандай мәселелерді шешеді? Жаңа технологияларды, мысалы, картаның функционалдығын жақсарту үшін ЖИ қолдану жоспарда бар ма?

Светлана Жақыпова, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Диас Мейрманов

Светлана: «Отбасының цифрлық картасы» жобасының басты мақсаттарының бірі – қиын өмірлік жағдайға әкелетін әлеуметтік қауіп-қатерлерінің алғышарттарын немесе орын алуын анықтау үшін дабыл белгілерінің көзіне, осылайша мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін болжау көзіне айналу

«Отбасының цифрлық картасы» негізіндегі әлеуметтік қызметтердің интеграцияланған моделі және барлық саладағы әлеуметтік қызметкерлерге арналған ұялы қолданба (сол қолданба арқылы отбасымен жұмыс істеу үшін қажетті ақпаратты және тапсырмаларды алу үшін «Отбасының цифрлық картасына» қол жеткізу қамтамасыз етіледі) бір цифрлық платформада әлеуметтік жұмыстың кешенді әдіс-тәсілдерін қолдануды жеңілдетуге, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, отбасы, қоғам салаларындағы орталық және жергілікті органдардың күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде «Отбасының цифрлық картасы» барлық тартылған мүдделі мемлекеттік органдардың жатық ведомствоаралық өзара іс-қимылының құралына айналады.

«Кезінде бірегей құралды әзірлеуге қатысқанымды бірінші рет «Отбасының цифрлық картасының» алғашқы тұсаукесері өткен кезде, команда әзірлеген критерийлер мен скорингтік модель іс жүзінде жұмыс істеген кезде түсіндім. Сол кезде өзіме: «Мәссаған!» дегенім есімде. Екінші рет «Отбасының цифрлық картасын» халықаралық ұйымдарға таныстыру кезінде қатты тамсандым. Өзім үшін ғана емес, бүкіл ел үшін мақтаныш сезімі болды».

Оның үстіне мемлекеттік шаралар мен қызметтер көрсету үдерісі ашық болады, ал онлайн мониторинг бүкіл әлеуметтік саясаттың ғана емес, сонымен қатар отбасымен жұмыс істейтін нақты маманның тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

2. Қазақстандағы әлеуметтік осал топтар үшін әлеуметтік саясаттың болашағына қатысты көзқарасыңыз қандай? Осы бағытта қол жеткізуге тырысып жатқан және үлкен жетістік деп санайтын ұзақ мерзімді нәтиже бар ма?

Светлана: Біз қазір жаңа әлеуметтік саясат тұжырымдамасымен жұмыс жасап жатырмыз, оның басты мақсаты азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Қазақстанда бүгінгі таңда республикалық бюджеттің 40%-дан астамы әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдау шараларына бағытталған. Елімізде шамамен 6 305 069 отбасы тұрады, оның 195,000-ы (шамамен 3%) төтенше өмірлік жағдайда тіршілік етеді. Сондықтан мемлекеттік қолдаудың сапасын көтеру, оның тиімділігі мен атаулылығын қамтамасыз ету мәселелері барлық әлеуметтік ведомстволар үшін басты міндет болып қала береді.

Әлеуметтік саясатты іске асыруды және оны жергілікті деңгейде бірыңғай форматта таратуды жаңарту үшін біз жер-жерде орталық деңгейден жіберілген өкіл болуы қажет деп санаймыз, аталмыш өкіл сондай-ақ мемлекеттік шараларды қаржыландырудың барлық көздерін шоғырландыратын Бірыңғай оператор ретінде де әрекет ете алар еді. 

Мұндай бірыңғай оператор отбасына төлемдер, қызметтер немесе қайырымдылық көмек түрінде жіберілетін мемлекеттік қолдау шараларының бірегей дербестендірілген есебін жүргізетін болады. Бұл отбасының әл-ауқатының нақты жағдайын көруге және көмекті шынымен мұқтаж жандарға белсенді түрде көрсетуге мүмкіндік береді.

Оған қоса мұндай тәсіл тиімсіз төлемдерді немесе азаматтардың мұқтаждығын ескермей берілетін төлемдерді анықтап, басқа әлеуметтік бастамаларға жұмсауға мүмкіндік береді.

Бірыңғай оператордың тік құрылымында біздің ойымызша отбасын қолдау орталықтары болуы керек, оларды аудандық/қалалық деңгейде енгізу қажет. Мұндай орталықтар отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығару мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ете алады.

Әрине, біздің барлық бастамаларымызда негізгі бағдар ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштері болып табылады, олардың әлеуметтік стандарттарына қол жеткізу, атап айтқанда, төтенше өмірлік жағдайдағы бірде-бір отбасының болмауы азаматтарымыздың әл-ауқаты жоғары екеніне дәлел болады. «Отбасының цифрлық картасы» осы мақсатқа жетуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

***

Қазақстандағы БҰҰДБ «ешкімді артта қалдырмаймыз» қағидатын ұстануға ұмтыла отырып, тұрақты дамуға және адамдардың өмірінің сапасын жақсартуға ықпал ететін бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. «Отбасының цифрлық картасы» жобасы осы миссияның іске асқан көрінісі болып табылады, өйткені әлеуметтік алшақтықтарды азайтуға және халықтың барлық топтары, соның ішінде ең осал топтар үшін ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. «Отбасының цифрлық картасының» арқасында қазақстандықтардың өміріндегі нақты өзгерістерді көріп отырмыз. Қазақстандағы БҰҰДБ инновациялар мен технологиялар баршаның игілігіне қызмет етуін қамтамасыз етіп, осы бағыттағы жұмысын жалғастыра береді.