Қазақстан Үкіметі және БҰҰДБ БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы шеңберінде климаттық есептілікті ұсыну жөніндегі жобаны іске қосады
2024 ж. 13 September
2024 жылғы 13 қыркүйек, Астана қ. – БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен әріптестікте Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен климаттық есептілікті ұсыну жөніндегі жобаны іске қосады. Жоба 2024 жылдың соңына қарай транспаренттілік мәселелері бойынша Бірінші екі жылдық баяндаманы және Ұлттық біріккен тоғызыншы хабарламаны және 2026 жылға қарай Екінші екі жылдық баяндаманы дайындауды қамтиды. Жобаның негізгі бағыттарының қатарына ұлттық хабарламалардан алдыңғы ұсынымдарды ескере отырып, климаттың өзгеруі мәселелерін ұлттық саясатқа, жоспарлар мен бағдарламаларға біріктіруге жәрдемдесу жатады.
Ұлттық хабарламалар мен баяндамалар халықаралық міндеттемелердің бір бөлігі болып табылады, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының (БҰҰ КӨНК) және Париж келісімінің ережелеріне сәйкес әзірленеді әрі елдерге ұлттық деңгейде айқындалатын салымдардағы (ҚР ҰДАС) климаттық мақсаттарға қол жеткізудегі прогресті бақылауға мүмкіндік береді. Елдер көрсеткіштерді анықтайды, содан кейін таңдалған көрсеткіштердің әрқайсысы бойынша жаңартылған ақпаратты ұсынады. Қазақстан үшін таза шығарындылар, парниктік газдарды сіңіру және қысқарту, орманды қалпына келтіру, сондай-ақ жаңартылатын энергияны пайдалану немесе өндіру пайызы сияқты көрсеткіштер өзекті болады.
«Қазақстан өз міндеттемелерін Париж келісімінде баяндалған өршіл мақсаттарға сәйкес келтіру процесі барысында. Біз бұл мақсаттарға қол жеткізу инновациялық технологияларды, сенімді саяси шеңберді және үкіметтің, жеке сектордың, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың белсенді қатысуын қамтитын көп қырлы тәсілді қажет ететінін мойындаймыз. Бүгінгі жобаның іске қосылуы бірлескен күш-жігердің шарықтау шегі болып табылады. Біздің ортақ біліміміз бен тәжірибеміздің арқасында біз еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ете отырып, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылдың сенімді тетіктерін жасай аламыз деп сенемін», –деп атап өтті Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаменті директорының орынбасары Гүлмира Галиева.
Климаттың өзгеруі жаһандық сын-қатерлер болып табылады және ұлттық әрі халықаралық деңгейде жедел әрекет етуді талап етеді. Климаттың өзгеруімен күресу үйлестірілген шараларды, соның ішінде олардың алдын алуды және салдарға бейімделуді талап етеді. Париж келісімі осы әрекеттердің құқықтық негізін қамтамасыз етеді.
«2024 жыл Париж келісіміне қатысушы барлық елдер үшін ерекше маңызға ие, өйткені транспаренттіліктің кеңейтілген шеңберін енгізу процесі басталады. БҰҰДБ көптеген жылдар бойы Қазақстанды парниктік газдар шығарындыларын азайту, климаттың өзгеруіне бейімделу, қаржы ресурстары және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін талап етілетін инвестициялар бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан саясат пен шаралар туралы ұлттық хабарламалар мен есептілік жасауда қолдайтынын мақтан тұтады», –деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Энергетика және қоршаған орта департаментінің басшысы Әсел Нұрбекова.
Қазақстан климаттың өзгеруі мәселелерін ұлттық жоспарлаудың барлық аспектілеріне біріктіруді жалғастыруда. Notre Dame Жаһандық бейімделу индексіне сәйкес, 2021 жылы Қазақстан климаттың өзгеруіне бейімделу тиімділігі бойынша 185 елдің ішінде 36-шы орынды иеленді. 2016 жылы Қазақстан өзінің алғашқы ҰДАС-ты таныстырды, ал 2023 жылы жаңартылған бағдарламаға бейімделу бойынша міндеттемелер енгізілді және Қазақстан Республикасының Сегізінші ұлттық хабары мен Бесінші екі жылдық баяндамасы ұсынылғандығын естеріңізге сала кетейік. Сонымен қатар, 2023 жылы Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі өзінің ұлттық стратегиясын бекітті. 2060 жылға дейінгі Көміртекті бейтараптық стратегиясы төмен көміртекті дамуға қажетті көшудің ауқымы мен жолдары туралы түсінік береді.
Климаттық есептілікті ұсыну жөніндегі жобаны іске қосу Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жолдағы маңызды қадам болып табылады, өйткені ол халықаралық міндеттемелерді орындаудың маңызды элементін ғана емес, сонымен қатар елдің климаттық іс-қимыл саласындағы прогресін өзін-өзі бағалау және мониторингтеу тетігін білдіреді. Жоба Қазақстанға парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі өз күш-жігерін неғұрлым дәл және егжей-тегжейлі қадағалауға, іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігін бағалауға және халықаралық стандарттарға сәйкес ұлттық климаттық саясатты түзетуге мүмкіндік береді.