Жапония және БҰҰДБ Орталық Азиядағы қалалардың климаттық қауіптерге төзімділігін арттыру бойынша жаңа жобаны бастады

2024 ж. 11 September
a group of people sitting at a table
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев

Жапония Үкіметі және БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) «Орталық Азиядағы апаттар қаупіне және климаттың өзгеруіне қалалардың орнықтылығын арттыру» атты 4,9 миллион АҚШ доллары тұратын жаңа жобаны мақұлдады. Қол қою салтанаты Астана қаласында (Қазақстан) өтті. Жоба Орталық Азиядағы қалалардың климаттық қауіптерге төзімділігін арттыруды мақсат етеді, бұл үшін аймақтық ынтымақтастық механизмдері мен ұлттық трансформациялық стратегиялар пайдаланылады. Жоба Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінде орнықты және төзімді болашақты қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл жоба Орталық Азия плюс Жапония Диалогы аясындағы аймақтық ынтымақтастық күш-жігерінің бір бөлігі ретінде жүзеге асырылады.

Орталық Азия климат өзгерісінің елеулі салдарын бастан кешіріп жатқан климат әсеріне аса ұрымтал аймақтардың бірі болып табылады. Аймақтағы қауіп-қатерлердің күрделілігі көбінесе табиғи апаттарға айналатын жиі орын алып тұратын қауіпті табиғи құбылыстарды, қоршаған ортаның жоғары деградациясын және ластануын, басқаларын да қамтиды. Әсіресе қала тұрғындары ерекше қауіп-қатерге ұшырайды, өйткені шапшаң урбанизация қазіргі қауіп-қатерлерді азайту және бейімделу шараларынан әлдеқайда жылдам жүріп жатыр.

Қол қою рәсімінде Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа климаттың өзгеруіне қарсы дереу шара қолдану қажет екенін ерекше атап өтті. 

a woman holding a guitar
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев
«Орталық Азияның климат өзгерісіне ұрымталдығы шұғыл әрекет етуді талап етеді. Бұл бастама күшейіп келе жатқан апаттармен күресу және аймақтағы қалалардың төзімділігін арттыру үшін ынтымақтастық тетіктері мен трансформация стратегияларын пайдаланатын болады», —
деді ол.
a man looking at the camera
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топ (КӨЖҮТ) өзінің Алтыншы бағалау есебінде климаттың өзгеруі Орталық Азияға үлкен қауіп төндіреді, себебі, температураның көтерілуі әлемдік орташа деңгейден асып кеткен деген қорытындыға келіп, 2085 жылға қарай температура Цельсий бойынша 2,0-5,7 градусқа жоғарылайды деген болжам жасады. Бұл ауа райының күрт өзгеруіне, аптап ыстық толқындарына, құрғақшылыққа әкеліп, аймақ үшін елеулі қиындықтар туғызып жатыр.

a group of people looking at the camera
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев

Жоба әлдеқашан құрылған үйлестіру алаңдары арқылы аймақтық ынтымақтастық аясын кеңейтуге, сондай-ақ Жапония сияқты елдердегі табысты тәжірибе негізінде қала құрылысын жоспарлауға инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізуге ден қояды. Климаттың өзгеруін, табиғи апаттар қаупін бағалаудың жаңа әдістерін біріктіру арқылы жоба климатқа қатысты болашақ мәселелерді тиімді шешу үшін қала құрылысын жоспарлауды өзгертуге бағытталады. Бұған қоса жоба өз іс-шараларының жоба циклінен тыс орнықтылығын қамтамасыз ету үшін білім мен әлеуетті арттыру бойынша жұмысты институттандырады.

«Орнықты қалалар салу Орталық Азияның болашағы үшін маңызды. Бұл жоба климаттың өзгеруін және апаттар қаупін азайтуды қала құрылысын жоспарлауға және дамытуға кіріктіру үшін қаланың орнықтылығын қамтамасыз етудің кешенді әдіс-тәсілдерін қолданады, сөйтіп қалаларымыздың болашақ сын-қатерлерге жақсырақ дайын болуын қамтамасыз етеді», —
деді Стелиана Недера, БҰҰДБ Ыстамбұл аймақтық хабының директоры.

БҰҰДБ Орталық Азиядағы қалалардың орнықтылығын арттырумен айналысып, климат қиындықтар уақытында да гүлденіп, өркендей беретін қалалар құруға ұмтылады. Бастама адамдарға бағытталған, гендерлік мәселелерді және климаттық қауіп-қатерлерді ескеретін әдісті қолданады, соның арқасында қала құрылысын жоспарлаудағы бытыраңқылықты жоюды мақсат тұтады. Кешенді және инклюзивті стратегияны ілгерілету арқылы БҰҰДБ климаттың өзгеруінің салдарына жақсырақ дайындалған орнықты қалалық қауымдастықтар құруға тырысады.

a group of people posing for a photo
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев