Қазақстанның орталық және жергілікті атқарушы органдарының 1000 мемлекеттік қызметшісі қашықтан жұмыс істеу режимі жағдайында өз қызметтерінің тиімділігін арттыру үшін негізгі цифрлық және коммуникациялық дағдыларды дамыту бойынша оқытудан өтеді. Бағдарлама инклюзивті болып табылады және бағдарламаға қатысатын ерекше қажеттіліктері бар 342 мемлекеттік қызметшінің мүдделерін ескереді.
Бұл бастаманы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ), Астана Мемлекеттік қызмет хабымен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп жүзеге асырады.
Өзінің алғы сөзінде Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш «Бұл оқыту бағдарламасы коронавирус пандемиясының әлеуметтік-экономикалық салдарын азайтуда БҰҰДБ тарапынан Қазақстанның Үкіметін жедел қолдаудың елдік бағдарламасының негізгі компоненттерінің бірі болып табылады. Жалпы, инклюзияға, цифрландыруға және болашақ дағдыларын дамытуға инвестиция салу бүгінгі жағдайда ғана емес, БҰҰДБ мен Қазақстанның келесі бес жылдағы ынтымақтастығының маңызды бағыты болып табылады»- деді.
Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов «пандемия кезіндегі жұмыс мемлекеттік органдардың азаматтармен, қоғаммен және экономика субъектілерімен тиімді қарым-қатынас орнату маңыздылығын тағыда көрсетті. Сондай-ақ, бұл жағдайда азаматтар тек жылдам және релевантты ғана емес, ашық және заңды шешімдерді күтетінін түсіну маңызды», деп атап өтті.
Оқыту бағдарламасын Мемлекеттік басқару академиясы, БҰҰДБ, Астана Мемлекеттік қызмет хабымен бұрын жүргізілген сауалнама негізінде әзірледі, онда мемлекеттік қызметшілердің нақты қажеттіліктері көрсетілген. Сауалнама нәтижелері негізінде мемлекеттік мекемелердің басшылары мен мамандардың қажеттіліктеріне бағытталған екі жеке бағдарлама әзірленді. Алғашқы екі күндік тренинг 2020 жылдың 15 маусымында басталып, барлық қатысушыларды оқыту ағымдағы жылдың тамыз айының соңында аяқталады.
«Бүгінгі заман талабы мемлекеттік басқарушыларға өзгерістерге бейімді әрі икемді болуды, өз қызметінде жаңа технологиялар мен жобалық тәсілдерді пайдалануды талап етеді. Сондықтан да біз осы білім беру модуліне өзгерістерге бейімділік, эмоционалдық интеллект, тиімді онлайн-коммуникациялар, жаңа жағдайда өнімділікті басқару, цифрлық дағдылар сияқты ең қажетті тақырыптарды енгіздік. Тренингтерді Академияның Кәсіби даму институтының сертификатталған бизнес-тренерлері мен мамандары өткізетін болады», - деп атап өтті Академия ректоры Ерлан Әбіл.
Оқыту интерактивті оқыту түрлерін қолдана отырып, нақты уақыт режимінде онлайн форматта жүргізіледі; шағын топтарда жұмыс істеу, практикалық тапсырмаларды орындау қарастырылған. Бағдарламаның нәтижелері бойынша қатысушылардың ағымдағы жағдайды ескере отырып, өз қызметін одан әрі жетілдіру бойынша жобаларды әзірлеуі жоспарланып отыр. Сондай-ақ, оқуға қатысушыларға тренингтен кейін де жеке кеңестер мен вебинарлар түрінде қолдау көрсетілмек.