Аласапыран кезең, күйсіз тұрмыс: өзгеріп жатқан әлемдегі болашағымызды сомдау

2022 ж. 13 September

 

 

Біз бейжай әрі дүдәмал заманда өмір сүріп отырмыз. COVID-19 пандемиясы, геосаяси дағдарыс, климаттың өзгеруі мен экологиялық апаттар күн сайын әлемге қауіп төндіреді. Жарқын болашаққа апарар жол қайда? Жаңа жолдарды қалай табамыз? Оған жету жолында алдымызда қандай кедергілер бар? «Аласапыран кезең, күйсіз тұрмыс: өзгеріп жатқан әлемдегі болашағымызды сомдау» атты Адамзат дамуы туралы жаңа баяндамада осы сұрақтарға жауап беруге әрекет жасалған.

Баяндама авторларының пікірінше, әлемдегі даму іркіліп қалды. Елдер халқының денсаулығы, білімі мен орташа табысының көрсеткіші болып табылатын жаһандық адам дамуының индексі (АДИ) БҰҰДБ оны есептей бастаған 1991 жылдан 2020 жылға дейін жылма-жыл жоғарылап отырған. Алайда, 2020 жылы олай болмады. 2021 жылы ол тағы төмендеді. Және де ол бүкіл әлемде дерлік сөйтті: индекс елдердің 90 процентінде екі жылдың бірінде төмендеп, алдындағы бес жылдық прогресті жоққа шығарды.

Соңғы отыз жылда (1990-2020 жж. аралығында) Қазақстан өзінің АДИ көрсеткішін 20 процентке көтеріп, адам дамуының деңгейі өте жоғары елдердің қатарына қосылды. Дегенмен, 2019 жылғы теңсіздікті ескере отырып түзетілген АДИ мен 2020 жылғы ғаламшарлық қысымды ескере отырып түзетілген АДИ көрсеткіштері Қазақстан жүйелік теңсіздіктерді жоя алмаса және антропоценнің ең басты сын-қатерлеріне жауап бере алмаса, өзінің осы жағдайын нашарлатып ала алатынын көрсетеді.

Белгісіздіктің жаңа қырларын көрсетіп отырған бүгінгі даму мәселесі 2022 жылғы Адамзат дамуы туралы БҰҰДБ баяндамасының басты тақырыбы болып отыр. Бұл баяндама теңсіздік туралы 2019 жылғы баяндама мен антропоценнің қауіп-қатерлері туралы 2020 жылғы баяндаманы қоса алғандағы баяндамалар трилогиясының үшінші және соңғы бөлігі болып табылады. Баяндамада дағдарыстардың қалайша қабаттасып, адамдар өмірінің берекесін қашыратыны және өзгеріп жатқан ғаламшарымызбен, өсіп келе жатқан поляризация мен қоғамның өзгеруімен қалайша өзара әрекеттесетіні қарастырылады. Бұл үдерістердің барлығы бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен және ауқымда жүріп, бір-бірімен елемеуге болмайтын жолдармен ықпалдасады.

Мұның айқын мысалы — мұздықтардың еруінен бастап жабайы табиғаттың азғындауына дейінгі ғаламшарлық процестерге адамзаттың әсері. Қазақстанда 2100 жылға қарай мұздықтар қазіргі массасының 50 процентінен астамын жоғалтады деп күтілуде; селдер, су тасқыны, орман өрттері мен құрғақшылық сияқты климатқа байланысты апаттардың жиілігі мен ауқымы өсіп, бұл беталыс келесі онжылдықта да жалғасады деп болжалданып отыр. Болжамға сәйкес, климаттың өзгеруі 2100 жылға қарай су ресурстарының күрт азаюына (22 процентке дейін) алып келіп, елдің барлық сегіз бассейнінде су тапшылығына әкеп соғатын көрінеді.

Тарихта алғаш рет бетон мен асфальт сияқты өнеркәсіптік материалдар жер биомассасынан асып түсті. Микропластикті барлық жерде — мұхиттағы тұтастай бір елдің көлеміндей қоқыс аралдарында, аса қорғалатын ормандар мен шалғай тау шыңдарында, тіпті адамдардың өкпесі мен қанында табуға болады. Бұл адамзаттың аман қалуының өзіне қауіп төндіреді.

Сонда да бізде бұл жағдайды түзетуге мүмкіндік беретін шешімдер бар. Алайда, қауіпсіздіктің жоқтығы, сенімсіздік пен поляризация осы сын-қатерлерге жауап қайтару жолымызда кедергі келтіреді. Баяндамада көрсетілгендей, қазір адамдар арасындағы біріне-бірі деген сенім ең төменгі тіркелген деңгейде — бар болғаны 30% деңгейінде тұр. Көптеген елдерде осындай сенімнің азаюы адамдарды шеткі әрекеттерге итермелеп, қоғамның ұжымдық шаралар қабылдауын одан сайын қиындатады.

Бірақ бұл жағдайды өзгертуге болады. Біз поляризацияны жою, сенімді қайтару мен әрбір адамға шешім қабылдауға қатысуға мүмкіндік беру арқылы жаңа бағытты белгілеуіміз керек. Адамдардың күштері табиғатқа қарсы емес, онымен бірге жұмыс істеп, әлемді құтқаруға бағытталуға тиіс. Біздің жеңісіміз адамзаттың батыл шаралар қолдану қабілетіне және инвестиция, қамсыздандыру мен инновациялар енгізуге бағытталған саясатқа басымдық беру қабілетіне байланысты болады.

Мұндай саяси шаралар адамдарға белгісіздік жағдайында өркендеуге мүмкіндік береді. Ғаламшарлық қысымды жеңілдету үшін — жаңартылатын энергия көздерінен бастап індеттер мен төтенше табиғи апаттарға дайын болуға дейінгі салаларға инвестициялар салу. Қоғамдарымызды беймәлімділіктерге толы әлемнің тосын жағдайларына дайындау үшін — қамсыздандыру, оның ішінде әлеуметтік сақтандыруды қамтамасыз ету. Адамзат келешекте тап болатын белгісіз сын-қатерлерге жауап қайтару үшін — алуан түрлі — технологиялық, экономикалық, мәдени инновацияларды енгізу.

Жел мен күн энергиясын пайдаланудың елеулі артуына байланысты прогрестің өзі қуантарлық жағдай. Салмақты инвестициялар оны жылдам жеделдетіліп, оның жаһандық деңгейде таралуын қамтамасыз ете алады. Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы қуаты 2010 МВт-қа тең жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын 134 электр станциясы бар. 2021 жылы жаңартылатын энергия нысандарының электр энергиясын өндіру көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 30 процентке өсті. Дегенмен, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ке жеткізуді көздейтін ұлттық мақсатты орындау үшін әлі 3 триллион теңгеден астам инвестиция қажет.

Инвестициялар өскен сайын адамдар да өздерін қауіпсіз сезінуі қажет. Компаниялар мен елдерді сақтандырумен қатар, қоғамымыздың негізінде әлеуметтік қорғау жатуы керек. Ол белгісіздік жағдайында маңызды тұрақтандырушы күш береді. Көбінесе назардан тыс қалатындарға — мүгедектер, бейресми немесе басқа тұрақсыз жұмыс істейтіндер, жастар мен әйелдерге басты назар аудару қоғамның күйзелістер мен дағдарыстарға төтеп беруіне көмектеседі. Ең үлкен қауіп-қатерге ұшыраған отбасылар мен адамдарды белсенді түрде анықтап, олардың қажетті қызметтерді алуын қамтамасыз етуді көздейтін шоғырландырылған жалпымемлекеттік тәсілді қолдануға мүмкіндік беретін жақында Қазақстанда БҰҰДБ қолдауымен сынақтан өткен отбасылық әлеуметтік карта сияқты цифрлық құрал соның көрнекі мысалы бола алады.

Дегенмен, алдағы сыры білінбейтін сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған күш-жігеріміздің орталығында инновациялар тұрмақ. БҰҰДБ-ның стратегиялық жоспарында айтылғандай, инновациялар тұрақты дамудың негізгі факторы ретінде әрекет етіп, үкіметтер мен қауымдастықтарға тұтас жүйелерді жақсартуға және оларды бейімделгіш әрі тұрақты етуге мүмкіндік береді. Қазақстанда БҰҰДБ даму нәтижелерін күшейту үшін цифрлық шешімдерді барлық қызмет салалары мен жұмыстың тақырыптық салаларында тиімді пайдаланады. Біз цифрлық әлеуметтік қызметтер порталынан бастап мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге дейін, жабайы табиғатты бақылау үшін жерсеріктік телеметрияны енгізуден бастап Қазақстанның моноқалаларындағы цифрлық гендерлік алшақтықты жоюға дейінгі елдің инклюзивті әрі тұрақты цифрлық қоғамды құруға бағытталған күш-жігерін қолдаймыз.

Бүгінгі күні жалғыз белгілі нәрсе — болашағымыздың белгісіз екені бәрімізге де түсінікті. Бірге өркендеу үшін біз ескі ережелерімізден бас тартып, әлемнің өзгергенін мойындауымыз керек. Үміт отын қайта тұтатып, болашағымызды жаңадан жазатын уақыт келді. Бұл — адамзаттың ақыры емес, мүмкіндіктерге толы жаңа бастаудың басы деген шешім қабылдайтын уақыт.