Орталық Азияға арналған ОДМ Платформасы: БҰҰДБ мен «MIND» Акселераторы Ақмола облысының активімен кездесті

2024 ж. 26 June
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

22 маусым күні Көкшетауда «MIND» Акселераторы командалары Ақмола облысының активімен кездесті. Іс-шара БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Орталық Азияға арналған Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) Платформасын құру жөніндегі, Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын жобасының аясында және Қазақстан Парламенті Сенаты мен Maqsut Narikbayev University қолдауымен ұйымдастырылды.

Кездесу барысында «MIND» Акселераторы командаларының жобалық бастамалары бизнес және мемлекеттік басқару салалары, сондай-ақ жергілікті қоғамдастық өкілдерімен бірге талқыланды. Іс-шара мақсаты — диалог құру әрі жергілікті қоғамдастықты орнықты даму саласындағы жұмысқа интеграциялау.

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов ОДМ акселераторларымен жұмыс істеу үшін жүйелі тәсіл қажет екенін атап өтті: «ОДМ акселераторларымен жұмыс істеудің басты артықшылығы — жүйелі тәсілді қолдану және ОДМ-ға жету мақсатында трансформациялық өзгерістерді басқару мүмкіндігі».

Сондай-ақ Сухроб Ходжиматов Қазақстандағы БҰҰДБ жұмысының негізгі бағыттарын (жұмысқа орналасу дағдыларын дамыту — ОДМ 4, теңсіздікті азайту — ОДМ 10, жаңартылатын энергия көздері — ОДМ 7 және орнықты өндіріс пен азық-түлік жүйелері — ОДМ 2) айқындап, орнықты прогресске жету үшін тиімді басқару, жетік қаржыландыру, жеке және ұжымдық іс-әрекет, инновация және серіктестік қажет екенін айтты.

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматовтың құттықтау сөзі.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Кездесу барысында Акселератор командалары пенитенциарлық жүйедегі денсаулық сақтау бағытын жетілдіру және креатив индустрияларға қатысты инновацияларды дамыту бойынша жобалар ұсынды. Бұл жобалар сыбайлас жемқорлықпен күресуге және басқару саласындағы ашықтық деңгейін арттыруға бағытталған, таза әрі ашық мемлекеттік саясатқа деген ұмтылысты көрсетеді.

Іс-шараға Ақмола облысы әкімдігінің, БҰҰДБ, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар мен өңірлік даму институттарының өкілдері қатысты. Кездесу пікір алмасуға, өңірлік бағдарламаларды жақсарту бойынша ұсыныс енгізуге және жұмысты жалғастыру үшін жаңа байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Қатысушылар топқа бөлініп, жұмыс жүргізіп жатыр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

ЕО қаржыландыратын Орталық Азия үшін ОДМ Платформасы Қазақстан Парламентімен және басқа да серіктестермен ынтымақтаса отырып, ОДМ-ын жергіліктендіру бағытында жұмыс істейді. ОДМ-ын ұлттық және өңірлік даму жоспарларына интеграциялау бойынша консультациялар, сондай-ақ жергілікті билік органдары үшін оқыту бағдарламалары мен әдістемелік материалдар әзірленуде.

***

Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек БҰҰДБ жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.