Еркіндіктің «құны»: Татьяна Меденконың оқиғасы

2024 ж. 17 July
a man that is standing in the dark
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Қарағандылық Татьяна Меденко 20 жылын темір тордың арғы жағында өткерген. Есірткіге әуестігі 14 жасында басьалған. Ол кезде отбасы да толық еді: әкесі, анасы, ағалары бар. Тұрмыстары жақсы. Анасы беделді кісі, еңбек ардагер. Суреті құрмет тақтасында тұратын.

Қызының опиоид қолданатынын білген анасы Таняны бұл жаман әдеттен арылту үшін барын салған. Бірақ бәрі бекер. Ақыры қызының есірткіге тәуелді екендігін жасырып бағуды ұйғарады. Сөйтіп, ол Татьянаға есірткіні тек үйде ғана қолдануға рұқсат берді. Әрине, мұның бәрі әріптестерінің алдында беделін жоғалтпай, отбасы масқарасын сыртқа шығармау үшін жасалған іс-әрекет еді.

«Анамның әріптестерінің балалары да ішіп бастаған. Мен ішпедім. Бірақ есірткі қолданамын. Мен келіп, олармен бірге отырамын, ән айтамын, сол кезде әріптестері: «Ой, Валя, сенің Таняң қандай!» деп тамсанып айтатын. Анам маған: «Олар менің Таняның қандай екенін білмейді-ау. Болды, кет, шыдай алмаймын!» деп кейітін. Анамның әріптестері менің ішпейтініме, темекі шекпейтініме қызықса керек. Ал мен осы уақытта есітркі қолданатынмын», - деп Татьяна есіне алды.

18-25 жас аралығында Татьяна осы жаман әдетінен бас тартты. Есірткі қолданбады, темекі шекпеді, ішімдік ішпеді. Денсаулығы жақсарып, дүниеге балаларын әкелді: ұл мен қыз. Алайда «тоқырау» кезіңі жетіп, бәрі құлдырай бастағанда әйел есірткіге қайта оралды. Бұл жолы күйеуімен бірге бастап, ол «романтикалық» болып көрінді. Татьяна осы уақытта алғашқы түрмеге түсті. Бұл жайында ешкім білмеді: әріптестері, көршілері, тіпті туыстары да бейхабар. Анасы қайтыс болғаннан кейін Татьянаның жақындарымен байланысы ұзаққа үзілді. Кейін оны бірінші болып ұлы іздеп, тауып алған. Ал қызы анасын ұзақ уақыт кешіре алмай келген.

«Қазір босап шыққаныма 10 жыл болды. Жұмыс істеймін. Жақындарыммен байланысым қайта түзіле бастады. Балалар, немерелермен, барлық туыстармен арасында сөйлесіп тұрамын. Әрине, бәріне уақыт емші екен. Жақсы болғанын өзім де қалаймын. Егер мен қайта шегіп, арақ ішетін болсам, балалар менімен бірден байланыстарын үзеді. Оны анық білемін. Өйткені мен олар ұялады. Қазір балаларымның тегі де басқа», - дейді Татьяна.
a person sitting at a desk in front of a mirror
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Татьяна түрмеге отырып шыққандықтан құқық қорғаушылар тарапынан да қысым көретін жайттердің болатынын айтады. 2014 жылы бостандыққа шыққаннан кейін полицияға анықтама алуға барған. Сол кезде учаскелік полиция оған сенімсіздік көрсетіп, «қайта түрмеге отырғызамын» деп қорқытып, есепке тіркеуге алудан бас тартыпты. Бір жарым жыл уақыт ол қалыпты өмір сүріп, жұмысқа да кірген. Құжаттарды ауыстыру уақыты жетіп, тіркеуге барғанында Татьяна өзінің әлі іздеуде екенін білген. Қайта абақтыға қамаламын ба деп, әрине қатты қорыққаны бар. Бірақ бағына орай бір полиция қызметкері оның оқиғасын естіп, тіркеуге тұруына жәрдемдесіпті.

«Мен құжаттарымды қалыпқа келтірдім. Сол кісіге ризамын, егер ол маған көмектеспегенде қайта түрмеге отырар ма едім. Арты не боларын білмеймін», - дейді Татьяна Меденко.

Бірнеше жылдан кейін келіншек есірткіні жеңіл тауып, қайта қолдана бастады. Ақыр аяғында ауырып қалыпты. Бір жарым ай ыстығы көтеріліп түспей қойған. Құжаттары бар, бірақ сақтандыруы жоқ болғандықтан Алматының ауруханалары да оны қабылдамай қойыпты. Сөйтіп жүріп, әйтеуір бір медициналық орталыққа келгенінде Таняға «қанның бұзылу» деген диагнозы қойылады. «Өмір сүруіңізге небәрі 3 күн ғана қалды» деді. Таныстары жәрдем беріп, «Пана» әлеуметтік бейімделу орталығына орналасқан.

«Дәрігерлерлерден 3 күн қалғанын естіген соң, ешкімнің мазасын алмайын деп шештім де Дундичтің орталығына барып өлімімді күтейін деп ойладым. Онда 3 күн болдым. Бірақ өлетін түрім жоқ. Қатты қиналдым. Содан таныстарыма қайта қоңырау шалып, жағдайды айттым. Әрине, олар ұрысты. Кейін мені Тастақтағы ауруханаға апарды. Сөйтсем, өкпем қабыныпты. Соншалықты күрделі, асқынған түкте жоқ. Жай ғана пенициллин ішсем жазылады екенмін», -
дейді Татьяна.

Келіншек денсаулығының сыр беруі мұнымен аяқталмаған. Енді оның аяғы ауыра бастапты. Татьянаның жүруі қиындаған: қолына ағаш ұстап, балдаққа сүйенеді. Сонда да қиналғанына қарамастан жұмыс істеп, бір әжейді қарап, күтіп, жуындырып жүрген. Екі сағатқа 2.000 теңге төленетін.

2019 жылы ол «Реванш» орталығымен танысады. Яғни, бұл - қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға кешенді түрде қолдау көрсететін орталық. «Реванш» қоғамдық қоры 5 жыл бұрын құрылған. Негізгі мақсаты – түрмеден босатылған әйелдерге қолдау көрсету.  Кешенді көмекті сондай-ақ АИТВ-мен ауыратын әйелдер де ала алады. Ұйым базасында шелтер жүйесі жұмыс істейді. «Реванш» қоры БҰҰ-ның Даму бағдарламасының SCALE бастамасы негізіндегі «заң және қолжетімділік» грантын иеленгендердің бірі. Аталған грант әлеуметтік осал топтарға теріс әсер ететін, кемсітушілік пен жазалау заңымен, саясатпен, тәжірибемен күресуге бағытталған стратегияларды, тактикалар мен тәсілдерді әзірлеу және қолдау үшін арнайы беріледі. Мұндай дағдарыс орталықтары Татьянаның өмір жолында бұрын сонды кездескен емес. 

a group of people sitting at a table
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин
«Бостандыққа шыққанан кейін ешқашан дағдарыс орталықтарында болған жоқпын. Қиналдым. Маған материалдық емес, моральдық көмек қажет еді. Өмірде қиын жағдай болған кезде біреу ішіп кетеді, енді бірі есірткіге беріледі. Ал бұл қайта колонияға апаратын жол», -
дейді Татьяна.

«Реванш» орталығында ол Елена Билокон, яғни қор басшысымен танысады. Алдымен Татьяна волонтер болып жұмыс істеп жүреді. Кейін Елена Александровнаның өтінішімен тәлім алған. Қазір сертификаты бар кәсіби кеңесші. АИТВ-ге шалдыққан адамдармен тікелей жұмыс істеп, оларға кеңес береді.

Статистика бойынша «Реванш» орталығына көмек сұрай келген әрбір үшінші әйел АИТВ дертін жұқтырған.

«Таяуда бізде мынадай кейс болды – бір әйел түрмеден шыққан. Сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан. Сондықтан, түрмеден босатылып, ауруханаға жеткізілген. Оның үстіне аяғы ауыр. АИТВ жұқтырғаны тағы бар. Аурухана қабылдамайды. Себебі сақтандыруы жоқ. Кейін сақтандыру төлемін жасаса да бәрібір қабылдамаған. Отырып шыққан деген уәжбен. Содан бізге келіпті. Үш күн болды. Көмек алу үшін біздің әлеуметтік қызметкерлеріміз Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданды. Неге бұлай болуы керек? Ол да кез келген азамат сияқты медициналық көмек алуға құқылы ғой», - дейді Татьяна.

Көп адамдар АИТВ-ның ауа немесе су арқылы берілмейтінін түсінбейді. Ондай дертпен ауыратын адамдар терапия алады. Препарат қабылдап жүргенде инфекция басқаға жұқпайды – өйткені белсенді емес. АИТВ-мен ауыратын адаммен байланысқа түскен соң да инфекцияның жұғу мүмкіндігін толығымен жою үшін ЖИТС орталығына келіп, ем алуға болады. Дұрыс ақпарат жеткізілмегендіктен АИТВ-мен ауыратын адамдарға қоғамның көзқарасы теріс болады. 

«Реванш» қоры көп адамға жаңа өмірге мүмкіндік берді. Сотталып шыққандарға, бұрын немесе қазіргі, ВИЧ-пен ауыратындарға, есірткіге тәуелділерге - ең алдымен моральдың қолдау, сосын бастарына пана керек. Адаптациядан өтіп, жұмыс табуы қажет. Татьяна осындай өмір соқпағынан кейін отбасымен қайта қауышып, жұмысқа кіріп, тіпті өз бизнесін де ашып кеткен адамдардың барын айтып берді.
«Мен бізге келгендермен сөйлесуге тырысамын. Оларға бұрын есірткі қолданғанымды, тәуелділіктен қалай айыққанымды түсіндіремін. Мен оларға: «Маған қара, мен тек 52 жасымда ғана отбасыма қайта оралдым. Өмірімнің 35 жылы босқа өтті. Әрбір адамға бұл өмірде мақсат керек», - дейді Татьяна.
a woman holding an animal
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

***

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) сыналған және дәлелді негізгі тәсілдер мен стратегияларды кеңейту арқылы «10-10-10» мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті ілгерілетуге бағытталған SCALE бастамасын жүзеге асырады.

SCALE-дің негізгі бағыты – «құқық және қол жетімділік» грант бағдарламасын ұсыну. Бұл гранттар өз қауымдастықтарының қажеттіліктерін жақсы білетін жергілікті ұйымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған инвестицияның бір түрі болып табылады. Соңғы екі жылда SCALE бастамасының қолдауымен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Украинада 8 ұйымға грант берілді. Соның екеуі Қазақстанда іске асырылып жатыр. Біреуі – «Менің үйім» қоғамдық қоры консорциумдағы «Реванш» қоғамдық қоры болса, екіншісі «Нұрсенім» қоғамдық қоры.  

Аталған бастама аясында «Реванш» қоры Теміртау қаласындағы «Менің үйім» дағдарыс орталығында әйелдерге қолдау көрсетеді. Алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек пен басқа да қызмет көрсетушілерді оқытумен айналысады. Жоба сондай-ақ АИТВ жұқтырған, бұрын сотты болған, есірткі қолданған адамдарды қорғам, кемсітушілікті жоюға бағытталған.