Климаттың өзгеруі Қазақстан халқының денсаулығына қалай әсер етеді

2022 ж. 17 July
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Әлишер Бектемиров

Бүгінгі таңда планетада жаһандық климаттың өзгеруін сезінбейтін бірде-бір адам жоқ. Қазақстан аумағының үлкендігіне, Әлемдік мұхитқа шыға алмауына және күрт құбылмалы климатына байланысты таяу жылдары шөлейттенуге, орман және дала өрттері санының өсуіне, мұздықтардың еруіне, су жүйелерінің тозуына, ал жекелеген өңірлерде — су тасқынына, дауылдарға және басқа да қолайсыз салдарларға тап болуға тура келеді.

 

 

 

Климаттың өзгеруі Қазақстан халқының денсаулығына әсерін түсіну үшін БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен сарапшылар «Климаттың өзгеруі салдарының халық денсаулығы мен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне әсерін бастапқы бағалауды жүргізу туралы есеп» жасады. Есепке сәйкес, Қазақстанда климаттың өзгеруі тікелей және жанама әсер ету нәтижесінде 30-дан астам жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.

Климаттың өзгеруінің тікелей әсер етуі төмендегідей көрініс табуы мүмкін:

  • Табиғи апаттарда: мысалы, жер сілкінісі, су тасқыны, көшкін, сел, орман және дала өрттері және т.б. Нәтижесінде ел тұрғындары арасында өлім мен жарақат алу қаупі артады. 
  • Ауыз су мөлшерінің төмендеуі мен сапасының нашарлауы. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы су ресурстарының тапшылығы табиғи жағдайлармен, тиімсіз және қайтарымсыз тұтынумен және ағынның жартысына жуығы көрші мемлекеттердің аумағында қалыптасуымен байланысты. 
  • Қоршаған орта температурасының жоғарылауы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді, психикалық аурудың өршуін арттыруы мүмкін.
  • Ауа сапасының нашарлауы түрлі респираторлық, аллергиялық және онкологиялық аурулармен сырқаттанушылық санының өсуіне алып келеді. 
  • Климаттың жылынуы табиғи-ошақтық инфекциялық аурулардың, мысалы, тырысқақ, А гепатиті, дизентерия, кене энцефалиті, безгектің таралу жиілігіне әсер етеді.

Климаттың өзгеруінің жанама әсері әртүрлі салаларда көрінеді:

  • Жарақаттан кейінгі күйзелістік бұзылыстар, депрессия сияқты психикалық аурулардың өсуі және/немесе өршуі.
  • Әйелдердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне әсері: әйелдердің репродуктивті денсаулығының бұзылуы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алуан түрлері.
  • Азық-түлік өндірісі мен тұтынуы: азық-түліктің қол жетімділігінің төмендеуі және қымбаттауы, аштық пен тойып тамақтанбау, пестицидтерді қолдану қажеттілігіне байланысты улану.
  • Инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласының өзгеруі: электр энергиясымен іркілістер, электр энергиясына қажеттіліктің өсуі, шұғыл медициналық көмек қызметтеріне қолжетімділікті шектеу, емханалар мен стационарлар деңгейіндегі медициналық қызметтерге қолжетімділікті шектеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қолжетімділікті шектеу, коммуналдық қызметтерге жүктемені арттыру.
  • Әлеуметтік-экономикалық салдары: халықтың мәжбүрлі көші-қоны, шиеленістердің туындауы, жұмыссыздық, қылмыстың өсуі.

 

 

Климаттың өзгеруінің жоғарыда аталған теріс салдары халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарына әртүрлі әсер етеді. Неғұрлым осал санаттар әйелдер, балалар, қарт адамдар, көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, аз қамтылғандар болып табылады.

 

Бүгінгі таңда Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және химиялық қауіпсіздік мәселелерін халықаралық реттеуге белсенді қатысады. Ел осы саладағы көптеген халықаралық келісімдер мен конвенцияларды ратификациялады. Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шараларды іске асыруға да бағытталған. 2021 жылғы 2 қаңтарда бекітілген Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі қоршаған ортаны қорғау саласындағы негізгі нормативтік құқықтық акт болып табылады.

 

Есепте ұсынылған ақпарат климаттың өзгеруі мәселесінің және оның табиғи апаттар салдарынан болатын өлім-жітімнің ұлғаюынан бастап азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің күрделенуіне дейінгі Қазақстан халқының денсаулығына әсерінің барлық ауырлығын көрсетеді. Ең нашар сценарийлерді болдырмау үшін қазірдің өзінде мемлекет деңгейінде де, елдің әрбір тұрғыны деңгейінде де тиісті тиімді шаралар қабылдау қажет.