Органикалық егін шаруашылығы - бұл жай ғана сән үрдісі емес, бұл ауыл шаруашылығының болашағы

2023 ж. 11 September
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Ауыл шаруашылығында химиялық заттарды қолдану мәселесі күрделі және назар аударуды қажет етеді. Пестицидтерді қолданудың салдары қазірдің өзінде біздің балаларымызға және кейіннен болашақ ұрпаққа әсер етуі мүмкін», -
дейді Қазақстандағы органикалық егін шаруашылығы қауымдастығының президенті Вадим Лопухин.

Экологиялық мәселелер шиеленісіп, денсаулық сақтау саласы алдыңғы қатарға шығып жатқан әлемде органикалық егіншілік енді тек сән үрдісі емес. Ол ауыл шаруашылығының ажырамас болашағы.

Органикалық егіншілік жай ғана өндіріс әдісі емес, бұл табиғи процестердің пайдасына синтетикалық тыңайтқыштарды, пестицидтерді және өсу реттегіштерін пайдалануды барынша азайтатын тұрақтылық философиясы. Бұл тәсіл тек азық-түлікті өсіруді ғана емес, сонымен бірге биологиялық әртүрлілікті сақтауға және экологиялық тұрақтылыққа үлкен көңіл бөле отырып, табиғатпен белсенді әрекеттесуді де қамтиды.

Қазақстанда органикалық егіншіліктің даму әлеуеті зор, дегенмен әлі толық іске асырылмаған. Бүгінгі таңда еуропалық сертификаттау ұйымдарымен расталған органикалық өндіріс технологиясы бойынша өңделетін егістік алқаптарының ауданы 200.000 гектардан асады. Азық-түлік дақылдарын өсірудің анағұрлым тиімді технологияларын әзірлеу және енгізу, осы салаға инвестицияларды ынталандыру, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін оқыту және олардың біліктілігін арттыру және басқа да шаралар Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға және оның ауыл шаруашылығы экспортындағы үлесін арттыруға ықпал ете алады.

«2022 жылы Қазақстан 35 миллион долларға органикалық өнім экспорттады. Қазақстанның негізгі экспорттық позициялары бидай, зығыр тұқымы, соя. FiBL және IFOAM рейтингтері бойынша 123 елдің ішінде Қазақстан органикалық өнім экспорты бойынша 9-шы орында, органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында 4-ші орында, органикалық майлы зығыр тұқымы экспорты бойынша 6-шы орында. Өнімдер негізінен Еуропалық Одақ елдеріне экспортталады», -
дейді «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы («Атамекен» ҰКП) Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ахметаев.

БҰҰ-ң Даму бағдарламасы Қазақстан Республикасының Үкіметімен серіктестікте Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. БҰҰДБ қолдауымен және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен серіктестікте органикалық ауыл шаруашылығын дамытуды ынталандыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленіп, реттеушілік база салынып, түрлі қаржылық тетіктер қабылданды. Сонымен қатар, БҰҰДБ ауылшаруашылық секторындағы белгілі бір тауарлық позицияларды пилоттық сертификаттауды қолдады.

Сертификаттау органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды элементі болып табылады, өйткені ол өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы сенім деңгейін арттырады. Жапсырма өнімнің шынымен органикалық егіншіліктің жоғары стандарттарына сәйкес келетініне кепілдік береді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда органикалық өнім өндіруге сертификатталған 38 шаруа қожалығы бар.

2015 жылы Қазақстанда «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заң қабылданды, ол органикалық өнімдерді өндірудің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін анықтайды, топырақты ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге, салауатты тамақтануды ынталандыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Сондай-ақ Сертификаттауға арналған шығындарды субсидиялау қағидалары бекітіліп, органикалық өнімдердің стандарттары, оның ішінде сәйкестікті растау белгісі күшіне енді. Сонымен қатар, органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың 2022–2023 жылдарға арналған Жол картасы жүзеге асырылуда.

Жаңа нормаларды, стандарттарды және қаржылық қолдауды енгізу шаруашылық жүргізудің тұрақты тәжірибелеріне көшуді жеделдетеді. Қазақстан үкіметі органикалық ауыл шаруашылығын ұлттық ауыл шаруашылығы жүйесінің шын мәнінде маңызды бөлігіне айналдыру үшін жаңа заңдарды әзірлеп, инновациялар енгізіп, алға жылжуды жалғастыруда.

«Қазіргі таңда органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы қалыптастырылуда, ұлттық стандарттарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Парламент Сенатының депутаттары «Органикалық өнімді өндіру және оның айналымы туралы» заңның жаңа редакциясына бастамашылық жасады. Заң жобасының басты жаңалығы – тек органикалық өндіріс процесі ғана сертификаттауға жатады. Сонымен қатар, жаңа заң жобасында шағын шаруа қожалықтары үшін топтық сертификаттау ұсынылады. Өзгерістерге келетін болсақ, сертификаттау талаптарын бір құжатқа біріктіру және басқа да жаңалықтар күтілуде», -
деп жалғастырды Бауыржан Ахметаев.

Дәстүрлі егіншілік экономикалық тұрғыдан тартымды болып қала бергенше, оның экожүйеміз бен қоғамдық денсаулыққа әкелетін қиындықтарын елемеуге болмайды. Органикалық егіншілік – табиғат пен өндіріс арасындағы тепе-теңдікке апаратын жол. Және бұл жол ұзақ болуы мүмкін болса да, әркім бағыттың дұрыс таңдалғанын түсінеді, яғни бұл күш салуға тұрарлық.

Анықтама:

Органикалық ауыл шаруашылығын дамыту BesNET – Биоәртүрлілік және экожүйе қызметтері жөніндегі үкіметаралық ғылыми-саясат платформасының (МПБЭУ / IPBES) күн тәртібінде. Платформа сонау 2012 жылы әртүрлі мемлекеттердің бастамасымен құрылған. Бүгінде ол әлемнің 140-қа жуық мемлекетін біріктіреді. Бұл платформаның мақсаты – дүние жүзіндегі үкіметтерге биоалуантүрлілікті сақтау және ұзақ мерзімді перспективада экожүйе қызметтерін тұрақты пайдалану үшін әрекет етуге көмектесетін білім платформасының түрін жасау. BES-Net Қазақстанға BES шешімдер қоры арқылы IPBES бағалау нәтижелерін, сондай-ақ 2019 жылдың қазан айында Алматыда өткен Орталық Азиядағы аймақтық триалог барысында анықталған негізгі басымдықтарды кеңейту және енгізу үшін қолдау көрсетеді.