Өмірдегі қиын жағдайға тап болған адамдардың проблемаларын бір терезе қағидаты бойынша шешу

2022 ж. 15 February
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

 

Жыл сайын Қазақстанда 122 мыңға жуық адам арнаулы әлеуметтік қызметтер алады. Мұндай қызметтерге негізінен өмірдегі қиын жағдайға тап болған отбасылар жүгінеді. Заңда осындай жағдайдағы отбасын тану үшін 12 негіз қарастырылған, оның ішінде: организм функцияларының бұзылуы, егде жасына байланысты, бұрынғы ауруы немесе мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі қызмет көрсете алмау; қатыгездікке ұшырау; баспанасыз болу; жетімдік; ата-ана қамқорлығының болмауы; қадағалаусыз қалу.

Өздеріндегі қажеттіліктер мен мұқтаждықтарға байланысты отбасыларға құжаттарды қалпына келтіру, жәрдемақы алу, атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмыс табу, балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру, мүгедектікті ресімдеу және өзге де түрлі мәселелер бойынша әртүрлі инстанцияларға жүгінуге тура келеді. Көп жағдайда азаматтар өздерінің белгілі бір қызметті немесе әлеуметтік көмекті алу құқықтарын растауға көп уақыт пен күш жұмсайды. Құқықтық сауатсыздық, адамдардың психологиялық проблемалары мен жер-жердегі бюрократия отбасылардың қиын өмірлік жағдайды өз бетінше жеңуінің қиындауына әкеп соғады.

 

2018 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен әлеуметтік көмек пен қызмет көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыруға бастамашылық етті, оның шеңберінде халықаралық және ұлттық іс-тәжірибемен дәлелденген өмірдегі қиын жағдайға тап болған отбасыларды кешенді сүйемелдеудің неғұрлым тиімді тетіктері қолданылады.

 

Ескендір Теміртаев (40 жаста) жоба бенефициарларының бірі болып табылады. Ескендірдің бес баласы бар. 50 мың теңге жалақысы мен жұбайының көп балалы болуына байланысты алатын жәрдемақысы отбасына тіпті ең қажетті мұқтаждықтарын қанағаттандыруға жетпейді. Ұзақ уақыт бойы Ескендір отбасымен Тараз қаласының өнеркәсіптік базаларының бірінде ауыр жағдайда тұрған. Бөлмені босатуды сұрағаннан кейін ол отбасымен бірге баспанасыз қалды. Ведомствоаралық топ қалалық әкімдікке өтініш беру арқылы Ескендірге алдымен жатақхана, содан кейін қаланың шағын аудандарының бірінен 3 бөлмелі пәтер алуға көмектесті.

«Бәрінен бұрын біз өз баспанамызға мұқтаж болдық. Бұл көптеген мұқтаж отбасылардың ең өзекті мәселесі шығар. Біз тұрғын үй мәселесін шешкені үшін ведомствоаралық комиссияға өте ризамыз. Бірақ бұл біз алған жалғыз көмек емес. Біздің балаларымызға екі деңгейлі кереуеттер, сондай-ақ оқуға қажетті ноутбуктар берілді. Пандемия кезінде біз үнемі бетперделер, антисептиктер, қолғаптар алып тұрдық»
Ескендір Теміртаев

Әлеуметтік көмек пен қызметтерді көрсетудің интеграцияланған моделінің негізі үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады: интеграция, отбасын өмірдегі қиын жағдайға тап болған сәтінен бастап және одан шыққанға дейін әлеуметтік сүйемелдеу және алдын алу шараларын жүргізу.

Бұл модель «бір терезе» қағидатына негізделген, оған сәйкес әртүрлі ведомстволардың қызметтері кешенді түрде және бір уақытта, бір жерде көрсетіледі.

Өмірдегі қиын жағдайға тап болған отбасы анықталған бойда оның айналасында төрт негізгі саланың - білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және әлеуметтік қорғау салаларының мамандарынан тұратын ведомствоаралық топ жиналады. Жағдайға байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әділет/көші-қон, ішкі саясат сияқты басқа да салалардың мамандары қосылады.

Жандосова Баян, БҰҰДБ интеграцияланған модель жобасының үйлестірушісі

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Топтың міндеті – отбасының әлеуметтік көмекке, білім беру, медициналық және басқа да әлеуметтік қызметтерге деген қажеттіліктерін анықтау және қанағаттандыру. Топ жұмысының маңызды қағидаты көмек көрсетудегі сабақтастық болып табылады. Қызмет алушыларды белгілі бір жерге бағыттай отырып, олар белгісіз ұйымға емес, оларды күтетін нақты мамандарға баратын жағдайар жасалады. Әрбір отбасына оны өмірдегі қиын жағдайдан шыққанға дейін сүйемелдейтін кейс-менеджер тағайындалады.

БҰҰДБ жоба менеджері Ботагөз Юсупованың айтуынша, өмірдегі қиын жағдайға тап болған отбасылар бүгінде әлеуметтік қызметтерді алу үшін көптеген ұйымдарға баруға және өздерінің әртүрлі талаптарға сәйкестігін растауға мәжбүр.

«Ведомствоаралық тәсіл мамандардың уақыты мен жүктемесін азайтады. Отбасының өзіне оларға қандай сала көмектесе алатынын түсінуге тырысып, барлық мекемелерге барудың қажеті жоқ. Ведомствоаралық топ жұмысының арқасында проблемаларды шешу уақыты тездетіледі - әдетте отбасылар бірнеше жыл емес, бірнеше ай ішінде өмірдегі қиын жағдайдан шығарылады»
Ботагөз Юсупова, жоба менеджері

Интеграцияланған модельді енгізу бойынша пилоттық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылды.  2018 жылдан бастап жыл сайын бес өңір жобаға қосылып отырды.

Барлық мамандар мен ведомствоаралық топтардың мүшелері қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсету барысындағы өзара әрекеттесу мәселелері бойынша оқытылады. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және ішкі істер салаларында барлығы 1000-нан астам маман оқытылды. Олардың барлығы жер-жердегі ведомствоаралық топтардың жұмысын апробациялап, әлеуметтік қызметтер мен көмек көрсетудің интеграцияланған моделінің тиімділігін дәлелдеді.

Әлеуметтік осалдықты жою Қазақстандағы БҰҰДБ жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. 2021-2025 жылдарға арналған елдік бағдарлама аясында әлеуметтік қорғау бағдарламаларының жаңа үлгілерін апробациялау мен қолдануды қолдайды, сондай-ақ қазақстандық қоғамдағы теңсіздікті азайту үшін цифрлық шешімдерді жүзеге асырады.