Халықтың осал топтары жақсартылған қызметтерге бір қадам жақын
Қазақстандағы БҰҰДБ әлеуметтік қызметкерлерге арналған жаңа мобильді қосымшаны тестілеуде
2022 ж. 28 September
Бүгінгі таңда цифрландыру жаңа мүмкіндіктерді аша отырып, жұмыс жасаудың жаңа әдістерін қалыптастыруда. Тұрақты дамудың негізгі қозғаушы күші болып табылатын цифрландыру адамдарға бағытталған басқару тәсілдерін ілгерілететін технологиялық инновациялар арқылы халықтың ең осал топтарын қамтуға көмектеседі.
Үкіметтер өз тарапынан ешкімді назардан тыс қалдырмайтынына кепілдік бере отырып, азаматтарға барынша жедел және тиімді қызметтер көрсету үшін жаңа технологияларды қолдануда.
Қазақстанда БҰҰДБ әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы цифрлық трансформациялауды ілгерілетуде. КӘМҚ қаржыландыруымен үш БҰҰ үш агенттігі жүзеге асырып отырған COVID-19 салдарларын жеңілдетуге бағытталған бағдарлама аясында БҰҰДБ ұлттық әріптестермен бірлесіп, «Отбасылық әлеуметтік карта» атты инновациялық цифрлық платформаны әзірлеуде. Платформа халықтың ең осал топтарына атаулы әлеуметтік-экономикалық жәрдем көрсету үшін олар туралы ақпаратты жинап, өңдей алады.
Бағдарлама әлеуметтік қызметкерлер көрсететін қызметтердің тиімділігі мен ашықтығын арттырып, қызметтерді мониторингілеу мақсатында әлеуметтік қызметкерлерге арналған мобильді қосымшаны енгізуді көздейді. Осы сипаттағы тұңғыш сервис ретінде ол веб-сайт арқылы да, қосымша арқылы да жұмыс істейді.
Бұл құрал қағаз құжаттамасының қажеттілігін жойып, жұмыс тиімділігін арттырады және бір рет басу арқылы қызметтердің талдауын жүргізуге мүмкіндік береді.
Жуырда қосымша Астанадағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тестіленді. Пилоттық жобаға менеджерлер мен әлеуметтік қызметкерлер қатысып, олар үш ай бойы күнделікті жұмыстарында мобильді қосымша мен веб-сайтты пайдаланып жүрді.
Әлеуметтік жұмыс саласында мониторингілеу, есеп беру және көрсетілетін қызметтерді белгілеу сияқты күнделікті атқарылатын міндеттердің көпшілігі әлі де қағаз құжаттарын пайдаланып атқарылатындықтан бұл саланы цифрландыру өте маңызды. Ал, мобильді қосымша әлеуметтік қызметкерлерге қызметтерді барынша тиімдірек көрсетуге көмектеседі.
Менеджерлер үшін шоғырландырылған есептерді қолмен емес, автоматты түрде жасау ыңғайлырақ.
Қосымшаның интерфейсі орыс және қазақ тілдерінде, сондай-ақ офлайн форматта қолжетімді. Менеджер режимінде әлеуметтік қызметкерлердің мерзімдері мен күнделікті міндеттерін қадағалап, әр қызметкердің жұмыс жүктемесіне қарай қосымша жұмыстарды қосуға болады.
«Мен күнде балаларға барамын. Мобильді қосымшаның көмегімен мен ата-ананың қолтаңбаларын электронды түрде алып, фотосуреттерін қоса аламын. Бұрын мен барлық рецептілерді қолмен толтыратын едім, ал қазір әлдеқайда жылдам болады», –деп атап өтті «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Аида Есмағзамова.
«Мобильді қосымша біздің жұмысымызды анағұрлым ашығырақ ететіндіктен өте ыңғайлы. Мен әлеуметтік қызметкерлердің дәл қазір қандай міндеттерді атқарып жатқанын қашықтан көре аламын», –деді «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ердәулет Аманбай.
Мобильді қосымша барлық адамдар үшін, әсіресе, цифрландырылған әлеуметтік қызметтер көрсетудің нысаны болып табылатын экономикалық жағдайы ауыр отбасылар үшін өте пайдалы.