Кедейлік шегінен төмен өмір сүретін адамдардың 50%-і әлі күнге дейін электр қуатына және тамақ дайындауға арналған таза отынға қол жеткізе алмай отыр. Бұл тұрғыда жаңартылатын энергия көздеріне қол жеткізу адамдар мен ғаламшардың амандығы үшін шешуші рөл атқарады.
Кедейліктің бейіндік талдауы дағдарысқа ұшыраған әлемдегі кедейлік мәселесін шешу мүмкіндіктерін көрсетеді
2022 ж. 18 October
Бүгін жарияланған жаңа Көпөлшемді кедейлік индексі (ККИ) ел ауқымындағы кедейлікті азайтудың мүмкін екенін көрсетіп, сонымен қатар кедейліктің өзара байланысты аспектілерінен туындаған мәселелерді шешуге бағытталған күш-жігерді нығайта алатын жаңа «кедейлік бейіндерін» ашады. Кедейлік талдауын БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Оксфорд университетінің жанындағы Кедейлік пен адам дамуы мәселелері жөніндегі Оксфорд бастамасы жүргізді. Зерттеу кедейлік деңгейінің өлшем бірлігі ретіндегі табыспен шектелмей, адамдардың күнделікті өмірде – білім алу мен денсаулық сақтауға қол жеткізуден бастап өмір сапасын анықтайтын негізгі стандарттарға – тұрғын үйдің бар-жоқтығы, ауыз судың, санитария мен электр энергиясының қолжетімділігіне дейінгі мәселелерде кедейлікті қалай сезінетінін түсінуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, баяндамада бүкіл әлемде көпөлшемді кедейлікте өмір сүретін адамдар тап болатын бірқатар кедейліктің қайталанатын үлгілері – «мұқтаждықтар жиынтықтары» анықталған. Талдау деректері белгілі бір жерлерде жиі кездесетін кедейліктің әртүрлі бейіндерін анықтау үшін қолданылады. Бұл – кедейліктің бірнеше аспектілерін бір уақытта шешуге бағытталған стратегияларды әзірлеудегі маңызды қадам.
Зерттеу көрсеткендей, COVID-19 пандемиясы мен қазіргі өмір сүру құнының дағдарысы басталмай тұрып-ақ 111 дамушы елдегі 1,2 миллиард адам шегіне жеткен көпөлшемді кедейлік жағдайында өмір сүрген. Бұл күніне 1,90 АҚШ долларына тең күнкөріс минимумымен анықталатын кедейлік шегінен екі есе дерлік көп.
«Жақындап келе жатқан рецессия нышандары байқалып, 54 дамушы ел қарызға белшесінен батып және біз онсыз да қауырт мемлекеттік бюджеттердің жағдайы одан сайын қиындап бара жатқанын көріп отырған тұста барған сайын тапшы болып бара жатқан ресурстарды пайдалана отырып қай жерде ең үлкен өзгерістерге қол жеткізуге болатынын түсіну үшін озық деректер мен аналитикалық мүмкіндіктерді пайдалану өте маңызды. Мысалы, өткізілген кешенді талдау көрсеткендей, көміртексіздендіру мен таза энергия көздеріне қолжетімділікті кеңейту климаттың өзгеруіне ықпал етеді, сонымен қатар оның көпөлшемді кедейлік жағдайында өмір сүретін және әлі күнге дейін электр қуаты мен тамақ дайындауға арналған таза отынға қол жеткізе алмай отырған 600 миллион дерлік адам үшін шешуші маңызы бар», –дейді БҰҰДБ әкімшісі Ахим Штайнер.
Атап айтқанда:
- Кедей адамдардың 50%-інен астамы (593 миллион) электр қуатынсыз және тамақ дайындауға арналған таза отынсыз өмір сүріп отыр.
- Кедей адамдардың 40%-і дерлік (437 миллион) ауыз су мен санитарияға қол жеткізе алмай отыр.
- Кедей адамдардың 30%-інен астамы (374 миллион) бір уақытта азық-түлік, тамақ дайындауға арналған отын, санитария және тұрғын үй мәселелерінде қиындықтарға тап болып отыр.
Баяндама кедейлікпен күресудің тиімді шешімдерін табу үшін осы үрдістерді түсінудің маңыздылығына баса назар аударады.
«Мысалы, Лаостағы тамақ дайындауға арналған отынға қол жеткізе алмайтын отбасылар көбінесе балаларын мектепке жібере алмайды, өйткені олар күнде отын жинаумен айналысады. Сол себепті, отын мәселесі шешілмесе, ауылдарда мектеп салу жеткіліксіз болуы мүмкін», –дейді баяндама авторларының бірі, Адам дамуы туралы баяндама дайындау жөніндегі БҰҰДБ бөлімінің қызметкері Тасним Мирза.
Зерттеуде, сонымен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінде кедейлікпен күресу үшін кешенді стратегияларды қолданған табысты мысалдар келтірілген. Непалдың санитария саласындағы инвестициялары адамдардың ауыз суға қол жетімділігі мен балалар тағамының сапасын жақсартып, іш өтумен ауыру жағдайларын азайту арқылы балалар арасындағы өлім-жітімді қысқартқан. Үндістанда 15 жыл ішінде 415 миллионға жуық адам көпөлшемді кедейліктен құтылды, бұл тарихи маңызы бар жетістік болып табылады.
COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін 72 ел кедейлік ауқымдарын айтарлықтай қысқартуға қол жеткізді. Дегенмен, баяндама авторлары Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес кедейлікті жоюға бағытталған кейбір күш-жігер кешенді дағдарыстарға байланысты іркіліп қалуы мүмкін деген болжам айтады.
Кедейлік бейінінің анықтамасы кедейліктің барлық көріністеріндегі кедейлік туралы көлемді дәлелді дерекқорға сүйенеді. Сондықтан баяндамада кедейлік туралы деректерді үнемі жаңартып отыру қажеттілігіне көп көңіл бөлінеді. Бұл әсіресе кедей елдер мен кедей адамдар тұратын жерлерге қатысты.
«Көпөлшемді кедейлік индексі «мұқтаждықтар жиынтықтарын» анықтауға тікелей көмектесетіндіктен ол кедейліктің ақшалай көрсеткіштерін толықтыратын маңызды көрсеткіш болып табылады. Осынау беймаза уақытта биылғы «мұқтаждықтар жиынтықтары» бойынша жиналған деректер кедейлікті қысқарту шараларын ерекше табандылықпен және лазерлік дәлдікпен қолдануға мүмкіндік береді деген үміттеміз», –дейді Оксфорд университетінің Кедейлік пен адам дамуы жөніндегі Оксфорд бастамасының директоры Сабина Алкир.
Индекс, сонымен қатар, аймақ-аймақ бойынша кедейліктің тереңдетілген талдауын ұсынады. Көпөлшемді кедей адамдардың көпшілігі (83%) Сахараның оңтүстігіндегі Африка (579 миллион дерлік адам) мен Оңтүстік Азия (385 миллион адам) елдерінде тұрады. Кедей адамдардың үштен екісі табыс деңгейі орташа елдерде, ал 83%-і – ауылдық жерлерде тұрады. Пандемияға дейінгі мықты прогреске қарамастан, Үндістанда әлі де 229 миллион кедей адам тұрады. Бұл көрсеткіш бойынша келесі орында 97 миллион кедей халқы бар Нигерия тұр.
«Көпөлшемді кедейлік индексі БҰҰДБ-ның бүкіл дүние жүзіндегі күш-жігерін ақпараттық қолдау үшін шешуші рөл атқаратын болады, өйткені біз алдымызға қойған 2025 жылға қарай 100 миллион адамға көпөлшемді кедейліктен шығуға көмектесуді көздейтін мақсатымызға жету үшін БҰҰ-дағы және одан тыс ұйымдардағы әріптестерімізбен жұмыс істеп жатырмыз», –дейді Ахим Штайнер.
2022 жылғы Көпөлшемді кедейлік индексі туралы толығырақ www.hdro.undp.org сайтында білуге болады.