Тұрақты болашақ – Жезқазған жастарының таңдауы

2022 ж. 6 December
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Жезқазған – Қазақстанның орталық бөлігіндегі шағын қала, елдің түсті металлургиясының ең ірі орталығы. Осындағы тау-кен металлургия зауытындағы жұмыс Жезқазған мен қала маңайындағы ауыл тұрғындарының көпшілігі үшін негізгі табыс көзі болып табылады.

2022 жылы көктемде Жезқазған қаласы жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы болды. Енді қала тұрғындары жақсы өзгерістерді асыға күтуде, дегенмен, әзірше бұл елді мекен жастардың кәсіби тұрғыдан өз қабілеттерін іске асыру және әлеуметтену үшін мүмкіндіктері шамалы моноқала болып отыр.

Жезқазған қаласының халқы – шамамен 85 000 адам.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Өкінішке орай, бүгінде әлеуметтік-экономикалық оқшаулау елдегі және Орталық Азия өңіріндегі зорлықшыл экстремизмнің алдындағы осалдықтың тұрақты көзі болып қалып отыр. Әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктердің жоқтығы, сапалы мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер мен қолдау құрылымдарының, қауымдастықтармен өзара әрекеттесу тетіктері мен қауымдастықтар ішіндегі қақтығыстарды шешу әлеуетінің қол жетімсіздігі қауымдастықтардың тұрақтылығын одан бетер шектейді. Бұл жастар үшін мүмкіндіктер мен сапалы қызметтерге қол жеткізу мәселелері әсіресе өзекті болып отырған елдің шалғай аудандарында аса қатты сезіледі.

Фариза мен Ыдырыстың жеке өмірінен

Фариза мен Ыдырыс – ересек өмір табалдырығынан аттар кездегі бастапқы мүмкіндіктері онша жарқын болмаған жезқазғандықтардың жас буынының өкілдері. Алайда, бүгінгі таңда олар қаланың дамып, жастардың жағдайы жақсаратынына сенімі мол қала тұрғындарының қатарында.

Фариза мен Ыдырыс – жезқазғандық жас кәсіпкерлер.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Биыл Фариза шағын ателье ашты. Ол эскиздер әзірлеп, ұлттық нақыштағы киімдер мен бұйымдарды тігумен айналысады. Бірнеше жыл бұрын ол бала арманы сүйікті жұмысқа айналып, табыс әкелетінін елестете алмайтын да еді. Фариза өзінің арманын әжесінен мұраға қалған әуестік деп санайды.

«Тігін – бұл менің әжемнен қалған мұра. Менің арманым – киім брендін құру, және мен қазір осы бағытта табанды жұмыс жасап жатырмын», – деп бөліседі ол.

Тігінмен айналысуға Фариза бірден келген жоқ – бұл жол бес жылға созылды. Мектептен кейін ол киім конструкторы мен дизайнері мамандығына оқимын деп жоспарласа да, өмір жағдайлары өз түзетулерін енгізді.

Фариза ол жылдардың қиын болғанын – ата-анасы ажырасып, өзі ауылдан Жезқазғанға көшкенін, басқа қаладағы университетке түсіп, туыстарынан алыс өмір сүргенін, қаржылық тұрақсыздық, қорқыныш пен ертеңіне деген сенімсіздікті басынан өткергенін айтады.

«Өмір сүруге, оның ішінде жылына 500 000 теңге болған университетте оқу ақысын төлеуге ақша жетіспеді», – деп еске алады Фариза.

Алматыдағы оқуын төлеу үшін және қамқорлығында кәмелетке толмаған екі қызы бар анасына қаржылай көмектесу үшін Фариза сұлулық салонына жұмысқа орналасады.

Фариза Жезқазған маңындағы Ұлытау ауылында туып өскен. Бала кезінен ол киім дизайнері болуды армандады

«Мен бар-жоғы 1000  тұрғыны бар ауылда туып өстім. Алматыға көшу мен университетте оқу маған өз өміріме мүлде басқа көзқараспен қарауға көмектесті. Мен керемет, пікірлес адамдарды кездестіріп қана қоймай, өзімнің даму мүмкіндіктерімді көрдім», – деп бөліседі ол.

 

Студенттік өмірін еске ала отырып, Фариза өзінің Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) ұйымдастырған жастар лагеріне қатысқаны туралы әңгімелейді. Бастама Қарағанды және Ақтөбе облыстарының осал жастарын қолдау мақсатында өткізілген болатын. 18-26 жастағы жас әйелдер мен ер адамдар кәсіби бағдар беру, қаржы, еңбек қатынастары мен гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі құқықтық сауаттылық мәселелеріне арналған тренингтер мен семинарлар топтамасына қатысты. Психология мен тұлғалық қасиеттерді дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлінді – қатысушылар өздеріне деген сенімділікті, қарым-қатынас жасау дағдыларын, тәртіп пен басқа да икемді дағдыларды дамытуға мүмкіндік алды.

 

Университетте оқып жүрген кезінде Фариза БҰҰДБ Қарағанды және Ақтөбе облыстарының осал жастарын қолдау мақсатында ұйымдастырған Жастар лагеріне қатысты

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

2019 жылы университетті тәмамдағаннан кейін Фариза Жезқазғанға оралып, бірден ірі мегаполис пен шағын қала арасындағы қарама-қайшылықты сезінді. Оның айтуынша, Қазақстан өңірлерінің ірі қалаларынан айырмашылығы – олар тиісті түрде дамымайды.

«Жастар лайықты өмір сүру мүмкіндіктері мен перспективаларын көрмейтіндіктен басқа шешімдерді іздейді. Көбі мегаполистерге – Астана немесе Алматыға кетіп жатса, басқалары, өкінішке орай, теріс әсерге бой ұрады.
Менің жолым болды. БҰҰДБ тренингтері маған өзіме деген сенімділігімді арттырып, жақын болашаққа қатысты бағдарларымды анықтауға көмектесті. Мен мүмкіндіктерді олар бір қарағанда жоқ болып көрінетін жерден көруді үйрендім», – дейді Фариза.

Оның пікірімен жезқазғандық жас кәсіпкер Ыдырыс та келіседі. Бүгінде ол өз бизнесін ойдағыдай дамытып, жұбайымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр.

Ол қоғамдық қызметпен белсенді айналысып, Ұлытау облысын дамыту мәселелерімен айналысатын еріктілер ұйымы – «Тұрақты даму» атты жастар бірлестігін басқарады.

Бірнеше жыл бұрын ғана Ыдырыстың өмірі қазіргіден өзгеше болғанына сену қиын. Ол бойындағы бұл өзгерістерді өзі де атап өтеді.

«2018 жылғы мені қазіргі менімен салыстыратын болсақ, бұлар мүлдем екі түрлі адам десек болады. Ең алдымен, менің өмір туралы ойым өзгерді – мен өзімнің нық тұрғанымды сезініп, өз болашағымды өзім жасай алатынымды түсіндім», – дейді ол.

Ыдырыстың балалық және жастық шағы Жезқазған қаласында өтті. Мектеп бітірген соң жас жігіт әскери институтта оқуды жоспарлаған, бірақ конкурстан өте алмады. Бұл сәтсіздік өзін мүгедектіктің екінші тобындағы анасының жалғыз тірегі деп санаған жігіттің көңіліне терең қаяу салды.

Ыдырыс – жезқазғандық кәсіпкер жігіт. Бүгінгі таңда ол өзінің туған қаласында бизнес жүргізіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстармен де белсенді айналысады.

Алайда, ол кезде 18 жасар жігіт маңызды жетістіктер оны алда күтіп тұрғанын әлі білген жоқ. 2018-2019 жылдары Фариза сияқты Ыдырыс та Алматы облысында БҰҰДБ ұйымдастырған жастарға арналған іс-шаралардың қатысушысы болды.

Кейінірек Қырғызстанда Орталық Азия жастар шығармашылық лагері аясында тағы бір кездесу өтіп, онда тәуекел тобындағы жастар бизнес-тренингтерге, тұлғалық және кәсіби өсу мен даму бойынша семинарларға белсенді түрде қатысқан болатын.

«Сапарға шығу мен БҰҰДБ тренингтеріне қатысу маған психикалық әрі физикалық тұрғыдан шағын қаланың шектерінен тыс шығуға мүмкіндік берді. Сол сапарда алғаш рет ұшақпен ұшқаным, көптеген адамдармен танысқаным, қоғамдастығымыздың ғажайып атмосферасы мен энергетикасын сезінгенім есімде. Мен кеңірек ауқымда ойлай бастадым. «Табысқа жету» сөзі мен үшін жаңа мағынаға ие болды», – деп еске алады Ыдырыс.

 

2018-2019 жылдар аралығында Ыдырыс БҰҰДБ жастар лагері шеңберінде өткізілген бизнес-тренингтерге, тұлғалық және кәсіби өсу бойынша семинарларға белсенді түрде қатысты.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Тренингтерден өтіп, кәсіпкерлік негіздерін үйренгеннен кейін Фариза өз қаласындағы мүмкіндіктерді іздеуге шешім қабылдады. Ондай мүмкіндіктердің бірі 2020 жылы COVID-19 пандемиясы кезінде пайда болды. Фариза онлайн тігін курсынан өтіп, қала әкімдігінің жастар гранты конкурсына қатысты. БҰҰДБ тренингтерінде алған білімдері Фаризаға бизнес-жоспар құруға және өзінің ательесін ашу үшін 800 000 теңге көлемінде грант ұтып алуға көмектесті.

COVID-19 пандемиясы кезінде Фариза тігін курстарында оқыды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Сол кезге қарай Фариза екі жерде жұмыс істеп жүрген болатын: күндіз қаланың мәдениет және спорт басқармасының бөлімінде қызмет етсе, кешкі уақытта тігінмен айналысты. Көп ұзамай жаңа ателье туралы хабар тарап, клиенттер пайда болды. 2022 жылдың наурызында Фариза жалдамалы жұмыстан шығып, өз уақытын бизнесі мен жеке брендін дамытуға арнауды шешті. Ол жұмыс орнын жабдықтап, жаңа тапсырыстарды іздеуге кірісті.

Кей күндері Фариза түн ортасына дейін жұмыс істейді, алайда өзінің сүйікті ісімен айналысатындықтан оған еш наразы емес.

2022 жылы Фариза Жезқазған қаласында ателье ашып, ұлттық нақыштағы киім мен бұйымдарды тігуге тапсырыстар қабылдайды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Фариза сияқты Ыдырыс та туған қаласы Жезқазғанға оралу туралы шешім қабылдайды. Жас жігіт ойлар мен идеяларға толы, сондықтан оларды жүзеге асыру үшін мүмкіндіктер іздейді. Жазғы лагерьдегі тренингтерде алған дағдылары мен білімдері оған Жезқазған әкімдігінен жастар грантын жеңіп алуға және өзінің алғашқы бизнесін ашуға көмектесті. 2019 жылы ол кілем мен жұмсақ жиһазды тазартатын компания құрды. Кейінірек өз инвестицияларының есебінен Ыдырыс қоғамдық тамақтану және полиграфиялық қызметтер саласында бизнес ашты.

«Мен әскери болуды армандадым ғой, бірақ сәтім түспеді. Өткенге көз жүгіртсем, бәрі де жақсылыққа алып келгенін түсінемін, өйткені әскери институтқа түсіп кеткенімде қазір өмірім басқаша болар еді. Осы күні мен өзімді еркін әрі бақытты сезінемін», – дейді ол.

 

Ыдырыс Жезқазған қаласында қоғамдық тамақтану, полиграфия саласында бизнесті дамытуда. Ол өзінің кәсіпкерліктегі жетістігін жастар лагеріне қатысу кезінде алған білімі мен дағдыларымен байланыстырады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Жастар өз болашақтарын Жезқазғанмен байланыстырады. Фаризаның анасы мен оны белсенді түрде қолдайтын екі сіңлісі осында тұрады. Фаризаның жақын уақыттағы жоспарлары – өз бизнесін кеңейтіп, қызметкерлер жалдау ғана емес, сонымен қатар ұлттық қазақ мәдениеті мен заманауи стиль элементтерін біріктіретін дизайнерлік киім брендін құру.

Фаризаның идеяларын анасы, туыстары мен достары қолдайды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Фариза жастарға даму үшін және оларды қолдау үшін қажетті жағдайлар жасалса, IT-мамандар, мұғалімдер, дәрігерлер сияқты білікті кадрлардың шағын қалаларда үлкен мүмкіндіктерді көру ықтималдығы артатынына сенімді.

Оның пікірімен Ыдырыс та келіседі:

«Жезқазған – шағын индустриялық қала. Қазақстан өлшемдері бойынша кіріс деңгейі төмен, көптеген отбасылар материалдық қиындықтарға тап болады. Жергілікті жастар бизнеспен айналысқысы келеді, идеялар бар, бірақ оларды жүзеге асыру үшін білім жоқ. Мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың қолдауы маңызды», – деп ой бөліседі ол.

Кәсіпкерлікпен қатар Ыдырыс өңір-өңірден келген жастарға арналған тренингтер өткізеді. Жақында ол Сәтбаевтан келген жастармен кездесіп, олармен өзінің кәсіпкерлік тәжірибесімен бөлісті, бизнес негіздері туралы әңгімелесті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов
«Менің мақсатым – жастарға күмән мен үрейге төтеп беруге көмектесу, «жалақыдан жалақыға дейін» өмір сүруден құтылу. Бір кездері өзімде де болашаққа қатысты нақты жоспар болмаған. Қазақ ақыны әрі ағартушысы Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген ойы жаныма жақын. Шынында да, жастардың ішінде жатқан әлеует зор».

2022 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан тағы да 200 жас әйел мен ер адам «STRIVE Asia» бастамасы аясында БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырған тренингтер мен сессиялардың топтамасына қатысты. Бұл жоба Еуропалық Одақтың қолдауымен жүзеге асырылады және тәуекел тобындағы жастар арасында радикалдану мен зорлықшыл экстремизмінің ерте белгілерінің алдын алуға және оларға қарсы әрекет етуге бағытталған.