Идеялардан – нәтижелерге: инновациялар жастарға мансап құруға көмектесіп, экономикалық прогреске қалай ықпал етеді
2023 ж. 20 April
Қазіргі еңбек нарығының өзгеру жылдамдығы өскені соншалық, дәстүрлі білім беру үлгісі оның талаптарына жауап беріп үлгермейді, делінген Дүниежүзілік экономикалық форумның жуырдағы мақаласында. Көптеген түлектердің үнемі өзгеріп отыратын ортада табысты қызмет етуге қажетті дағдылары болмағандықтан олар жұмыс істеуге дайын емес болып отыр. Бұл проблемаға жауап ретінде Қазақстандағы БҰҰДБ Ұлттық білім апталығын ұйымдастырды. Іс-шара бүкіл елдегі жастарды жаңа дағдыларды игеріп, өздерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға ынталандыруға арналған.
Жаңа еңбек нарығында қалайша мансап құруға болады?
Бүгінде жұмыс берушілер барған сайын шығармашылыққа, сыни ойлау мен проблемаларды шешу қабілетіне көбірек көңіл бөлетін болғандықтан материалды жаттауға және стандартталған тестілеу моделіне негізделген дәстүрлі білім беру моделі өзектілігін жоғалтып барады. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2020 жылғы Жұмыс орындарының болашағы туралы баяндамасына сәйкес, аталған үш дағды болашақ еңбек нарығы үшін, әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың кең қанат жайып келе жатқан тұсында басты дағдылар болып табылады.
Бұл беталыстар Қазақстандағы еңбек нарығына да өзгерістер әкеліп жатыр. ЭЫДҰ бағалауына сәйкес, елдегі жұмыс орындарының жартысынан көбінде (52%) жоғары немесе елеулі автоматтандыру тәуекелі бар. Бұл жұмыс орындары әдетте күрделі проблемаларды шешуді немесе әлеуметтік өзара әрекеттесуді қажет етпейтін міндеттерге байланысты. Сондықтан түлектер еңбек нарығының өзгермелі жағдайларына дайын болуы үшін және инновациялар мен шығармашылықтың дамуына ықпал ету үшін қазақстандық білім беру жүйесіне бейімделіп, цифрлық технологиялармен жұмыс істеу дағдылары мен адамдар арасындағы қарым-қатынас тәжірибелерін оқу бағдарламасына енгізу өте маңызды. Инновациялық шешімдер жаңа жұмыс орындарын құратын және экономикалық өсуді ынталандыратын жаңа өнімдер, қызметтер мен бизнес-модельдердің пайда болуына алып келеді.
Қазақстандағы БҰҰДБ ұйымдастырған Ұлттық білім апталығының мақсаты жастарға елдің экономикалық өсуіне қатысу үшін қажетті білім мен ресурстарды беру болды. Іс-шара пікірталасқа қатысуға, тәжірибе бөлісуге және пікірлес адамдармен байланыс орнатуға арналған алаңға айналды.
Цифрлық дамудың жақтаушысы ретінде мен үшін цифрлық күн тәртібінің Білім апталығының бағдарламасына енгізілгеніне көз жеткізу маңызды болды, себебі дәл осы тақырып еңбек нарығындағы өзгеріп келе жатқан беталыстарға негіз болып отыр. Бүкіл әлемде цифрландыру кең қанат жайған сайын елдер бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалу үшін соңғы технологиялық жетістіктермен ілесіп жүру қажеттілігіне тап болады. Көбінесе технология мәселелерінде неғұрлым хабардар және жаңа білімге жеңіл бейімделетін жастар болатындықтан олар бұл процесте маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге, цифрлық экономикаға қатысу үшін жастарға олар үшін қолжетімді бола бермейтін белгілі бір дағдылар қажет.
Ұлттық білім апталығы – бұл жастарды ХХІ ғасырдың дағдыларымен таныстыру арқылы елдегі цифрлық трансформациялау процесін қолдау, цифрлық шешімдерді ілгерілету және жастарға арналған білім беру және оқыту бағдарламаларына инвестициялау үшін Қазақстандағы БҰҰДБ құрған платформа.
Жергілікті жаңашылдар мен оқушылардың кездесу орны
Қазақстандағы БҰҰДБ ел азаматтарының жұмысбастылығын қамтамасыз ету мақсатында экономикалық әртараптандыруға ықпал ететін секторларды үнемі іздестіруде. Ел табиғи ресурстарға бай болғанымен, елдің шынайы байлығы оның адамдарында, адами капиталында жатыр. Технологиялық прогрестің жеделдеуі мен жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктер заманауи білім берудегі басты назарды автоматтандыруға келмейтін адам дағдыларына аударуды талап етеді. Сонымен қатар, еңбек нарығында өзара әрекеттесудің барлық түрлеріне тереңдік пен мағына беретін адамдар арасындағы қарым-қатынас дағдыларының маңызы барған сайын артып келеді.
Қазақстандағы БҰҰДБ Акселератор зертханасының ұжымы өзіне жаһандану мен цифрландыру сияқты жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді әділ дамуды қамтамасыз ету үшін қалайша пайдалану керек деген күрделі сұрақты қойды. Біз табысқа жетудің кілті білімге негізделген өсу деген шешімге келдік. Алайда, «білім» дегеннің не екенін, оны қалайша өлшеуге болатынын айқын анықтауға тырысқан кезде біздің ұжым бірқатар жаңа сұрақтарға тап болды.
Бұл жұмысты біз Жаһандық білім индексін – әлемде білім деңгейін өлшеу мен өсу мүмкіндіктерін анықтау үшін қолданылатын құралды зерттеуден бастадық. Қазақстан бұл рейтингте 154 елдің ішіндегі 78-ші орында тұр. Бұл индекс елдің ең мықты көрсеткіштерімен қатар, білім беру саласына және зерттеулер, әзірлемелер мен инновациялар секторына бөлінетін қаражат сияқты одан әрі нығайтуға болатын салаларды анықтап көрсетеді.
Білім тұжырымдамасы мен оның Жаһандық индекстің көмегімен қалайша өлшенетінін зерттеп білгеннен кейін Акселератор зертханасының ұжымы бұл тақырып туралы жастарға тартымды, ұжымдық әрі тиімді нысанда айтып берудің тәсілін табу үшін ой-талқы өткізді. Қазақстанның кең географиясына байланысты оны іске асыру стратегиясы өте күрделі болғанымен, біз әртүрлі форматтарды әзірлеп, ақырында келесі тәсілге тоқталдық.
Жезқазған жастарының жаңа мүмкіндіктері
Өңірлік дамуға жәрдемдесу және ірі қалалардан тыс аудандардағы жастарға мүмкіндіктер беру мақсатымен Акселератор зертханасы Қазақстанның түрлі өңірлерінде Білім апталығын өткізуге шешім қабылдады. Осылайша біз Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында екі күндік дағдыларды үйрету марафонын ұйымдастырдық. Бұл қаланы марафон өткізу орны ретінде таңдау негізінен оның моноқала (бір ғана өндіруші өнеркәсіп кәсіпорнына тәуелді қала) мәртебесіне байланысты болды. Көптеген жастарды жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен лайықты еңбекақы төлеуге байланысты осы кәсіпорында жұмыс істеу қызықтырады, алайда біз олардың мансаптық көкжиегін кеңейтіп, оларға әртүрлі салаларда басқа перспективаларының да бар екендігін көрсеткіміз келді.
Жезқазғандағы Білім апталығы барысында жастар ХХІ ғасырдың цифрлық технологиялары мен дағдылары, көшбасшылық, көпшілік алдында сөйлеу және эмоционалдық ой-өріс бойынша түрлі семинарларға қатысып, баламалы энергетика саласында жұмыс істеудің ерекшеліктері туралы білді. Біз жастарды, әсіресе жас әйелдерді дәстүрлі тау-кен өнеркәсібінен басқа жаңа мансаптық бағыттарды зерттеуге және балама салаларды қарастыруға ынталандырып, шабыттандыруға тырыстық. Осы бастаманың көмегімен БҰҰДБ бүкіл елдегі моноқалалардың әділ және тұрақты экономикалық өсуіне жәрдемдесуге үміттенеді.
SkillsUp аймақтық жастар хакатондары жастарға қалай көмектеседі
Жастардың әлеуетін ашу үшін Акселератор зертханасы SkillsUp атты өңірлік жастар хакатондарын ұйымдастырып, онда жоғары сынып оқушылары мен студенттер бірлесіп жұмыс істеуге және Жаһандық білім индексінің (GKI) өзекті салалары бойынша өз идеяларын ұсынуға мүмкіндік алды. Акселератор зертханасының ұжымы жастар өз идеяларымен алмасып, бір-бірімен таныса алатын платформа құру үшін Ақтау, Түркістан, Қарағанды және Өскемен сияқты шағын қалаларды мақсатты түрде таңдады.
Бұл жұмысты біз бір апталық онлайн-буткамптан бастап, онда жергілікті сарапшылармен бірге хакатонның негізгі тақырыптарын анықтадық, олар: Қазақстандағы ғылым, ҒТИМ саласындағы білім сапасындағы айырмашылықтарды азайту және ауылдық мектептердегі білім сапасын арттыру.
500-ден астам жас адам 16 мастер-класқа қатысып, өз идеяларын таныстыру, стартап тақырыбын таңдау, Arduino платформасында прототиптеуді пайдалану, бизнес-модель жасау және ғылыми жобаларды коммерцияландыру сияқты практикалық дағдыларды үйренді. Оқыту буткампының мақсаты жоғары сынып оқушылары мен студенттерді SkillsUp аймақтық хакатондарына дайындау болды.
Хакатонға Қазақстанның 11 қаласынан 500-ге жуық студент қатысып, 5 миллион теңге (шамамен $12 000) мөлшеріндегі бас жүлде үшін күреске түсті. Акселератор зертханасының ұжымы төрт өңірлік хакатонның әрқайсысының жұмысына тікелей жетекшілік етіп, кейін Алматыда республикалық жүлде үшін күрескен жеңімпаз командаларды біріктірді.
Demo Day: Алматыдағы қорытынды хакатон
Өңірлік хакатондардың нәтижелері бойынша Алматыдағы финалға Demo Day форматында өз идеяларын ұсынған 12 топ (4 өңірдің әрқайсысынан 3 топтан) шықты.
Акселератор зертханасы жастарды бір жерге жинаудың осы мүмкіндігін пайдаланып, финалистер үшін тағы бір қызықты күн өткізді. Барлығы да өңірлік қалалар мен кенттерден жиналған жастар үшін Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыға сапар қосымша ынталандыру болды. Сапар барысында жастар практикалық семинарларға қатысып, стартап инкубаторына барып көрді, сондай-ақ жайбарақат араласып, бір-бірін шабыттандырды. Олар ұсынған шешімдер цифрлық компонентімен де, алуан түрлілігімен де ерекшеленді. Кейбір топтар тіпті мобилді қолданбаның көмегімен басқаруға болатын ақылды компостер немесе ақылды жылыжай сияқты шешімдерінің прототиптерін де дайындап үлгерді.
БҰҰДБ жастарды даму және білім экономикасының мәселелерін шешу процесіне тартудың маңыздылығын мойындайды. Жастардың көзқарасын біліп, оны шешім қабылдау процесіне енгізуге мүмкіндік беретін хакатондарды өткізудің басты мақсаты да осы.
Адамдар мен ғаламшар мүдделеріндегі цифрлық технологиялар
Бүкіл Қазақстан бойынша өткен Ұлттық білім апталығының шарықтау шегі «Цифрлық технологиялар күні» конференциясы болды. Бұл конференция Қазақстандағы БҰҰДБ қолдайтын цифрлық шешімдерді көрсетуге, сондай-ақ байланыстар орнатуға арналған платформаны құруға бағытталған. Студенттер, БҰҰДБ әріптестері мен жеке сектор өкілдерінің бастарын қоса отырып, біз шырғалаң шеңберден шығуға және мүдделі тараптар арасындағы диалогты ынталандыруға тырыстық. Бұл іс-шара идеялары бар жастар үшін өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа байланыстар орнатудың ерекше мүмкіндігіне айналды.
Біз «Отбасының цифрлық картасы» жобасын, жабайы табиғатты қорғауға арналған SMART технологияларын, әлеуметтік қызметкерлерге арналған мобилді қолданбаны, сондай-ақ жойылып кету қаупі төнген түрлерді бақылауға арналған фототұзақтар мен спутниктік телеметрия сияқты әртүрлі цифрлық шешімдерді көрсеттік. Сонымен қатар біз қатысушыларға арналған цифрлық дағдылар бойынша семинарлар өткізу үшін HP корпорациясының салалық сарапшыларымен әріптестік қарым-қатынастар орнаттық.
Қазақстандағы БҰҰДБ цифрлық трансформация, халықтың қалың жігі үшін цифрлық технологиялардың қолжетімділігін арттыру және цифрлық инновацияларды енгізу арқылы тұрақты дамуға жәрдемдесуге ұмтылады. Жастардың дағдыларын дамытуға инвестиция салу және цифрлық шешімдерді көрсету арқылы біз елдің экономикалық өсуін жеделдетуге және тұрақты дамуға ықпал етеміз. Ұлттық білім апталығы бүкіл елдің ұжымдық зият мерекесі болып, осы жолдағы елеулі оқиғаға айналды.
Цифрлық технологияларды таратушылар желісі (Digital Advocate Network) – цифрландыруды теңсіздікті азайту мен тұрақты дамуға жәрдемдесу үшін пайдаланатын білім мен құралдармен алмасуға жәрдемдесуге бағытталған БҰҰДБ Бас цифрлық кеңсесінің бастамасы. Әрбір БҰҰДБ кеңсесінде цифрлық технологияларды ілгерілету жөніндегі маман бар, оның міндетіне жаһандық идеялық көшбасшылықты жергілікті контекстке интеграциялау кіреді. Цифрлық технологияларды таратушылар осы желі арқылы білім жинап, цифрлық платформалар мен құралдардың артықшылықтарын мәнді әсер ету үшін пайдалану арқылы өзгерістердің таратушысы болуға мүмкіндік алады. БҰҰДБ-ң Цифрлық технологияларды таратушылар желісі цифрлық технологияларды әлеуметтік игілікті қамтамасыз ету мен барлығы үшін әділетті әрі тұрақты әлем құру үшін пайдалануға деген БҰҰДБ бейілділігінің жарқын мысалы болып табылады.