Қыздардың АКТ саласындағы болашақ мансаптық мүмкіндіктерін қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталады
2023 ж. 27 April
Қазіргі әлемді цифрлық платформалар мен гаджеттерсіз елестету қиын-ақ. Адамдардың өміріндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың (АКТ) рөлі барған сайын артып, көптеген жұмыс орындары мен салалар техникалық дағдылар мен білімді қажет етеді. Сонымен бір уақытта адам еңбегінің орнына машиналарды кеңінен пайдалану қолжетімді жұмыс орындарының жалпы санының азаюына алып келуі мүмкін. Сізде бұл жаңа норма қазіргі кездегі гендерлік теңсіздікті тереңдете ме, жоқ па деген сұрақ туды ма? Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, тереңдететін көрінеді.
Бағдарламалық жасақтама, информатика және т.б. салаларды қоса алғанда, АКТ саласында әйелдердің үлесі айтарлықтай аз. Мұндай теңгерімсіздік технологияларды жобалау мен дамытудағы гендерлік қате түсініктерді күшейтіп, әйелдердің технологиялар болашағын қалыптастырудағы мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін. Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) соңғы деректері ғаламдық ауқымда интернетті пайдаланудағы гендерлік алшақтық 12,5 процентті құрайтынын көрсетеді.
Оның үстіне, басшылық лауазымдардағы әйелдердің де үлесі төмен – олар Fortune 500 тізіміндегі компаниялар басшыларының 11 процентін ғана құрайды. Оған қоса, АКТ саласындағы әйелдер гендерлік жалақы алшақтығы, тәлімгерлік пен нетворкинг мүмкіндіктерінің жоқтығы, сондай-ақ бейсаналық теріс түсінік сияқты қиындықтарға тап болады. Мысалы, зерттеулер көрсеткендей, ер адамдар қызметте көбінесе әлеуетіне қарай, ал әйелдер бұрынғы жетістіктеріне қарай жоғарылатылады. АКТ саласындағы қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту осы алшақтықты жою мен барлығына тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Осы блогымызда біз қыздардың АКТ саласындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің негізгі тәсілдерімен бөліскіміз келеді.
Рөлдік үлгілер мен тәлімгерлік
АКТ саласында қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды нәрселердің бірі – еліктеуге тұрарлық рөлдік үлгілер мен тәлімгерлік бағдарламаларын ұсыну. Технология саласындағы табысты әйелдердің мысалдары мансапты АКТ саласында таңдауға түрткі болып, қыздарға білім алу мен мансап қуу жолында бағыт бере алатын тәлімгер әйелдерге қол жеткізу шешуші рөл атқара алады. Әйел үлгілерінің болуы сондай-ақ АКТ саласында мансап қуу жолында гендерлік таптаурындар мен кедергілерді жоюға көмектеседі.
Қолайлы орта құру
Мұғалімдерді даярлау мен тиісті оқу бағдарламаларын әзірлеу арқылы гендерлік тұрғыдан әділ білім беру ортасын құру осы саладағы қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту үшін өте маңызды. Табысқа жету үшін қыздар өздерін жайлы сезініп, табысқа жете алатынына сенімді болуы керек. Бағдарламалау пәні бойынша озат болған бір мектеп оқушысымен сұхбат есімде, ол бұл пәнді оқуға қатты қызығушылық танытатын, алайда айналасында кілең ұлдар болған сабақтарда өзін жайсыз сезінетін. Мұғалімдер мен ата-аналар қыздарды өз күштерін АКТ-да сынап көруге ынталандыру арқылы қолайлы жағдай жасай алады. Қыздарға мінеуден қорықпай үйрене беруге және қателіктер жіберуге мүмкіндік пен уақыт беру маңызды.
АКТ-ға байланысты іс-шаралар мен жарыстарға қатысу
АКТ-ға байланысты іс-шаралар мен жарыстарға қатысу қыздардың дағдылары мен білімдерін көрсетуге, олардың сенімділігі мен өзін-өзі бағалауын арттыруға және оларды осы салада мансап қууға итермелеуге мүмкіндік береді. Бұл, сондай-ақ, қыздарға қызығушылықтары ортақ басқа қыздармен кездесуге және араласуға мүмкіндік береді. Мұғалімдер мен тәрбиешілер қыздарды осы саланы зерттеуге және ол туралы көбірек білуге шабыттандыру үшін бағдарламалау сабақтарын, робототехника семинарларын және АКТ-ға байланысты басқа да іс-шараларды ұсына алады.
Гендерлік таптаурындар мен теріс түсініктермен күресу
Гендерлік таптаурындар мен теріс түсініктермен күресу қыздардың АКТ саласындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін аса маңызды. Гендерлік негіздегі әлеуметтік нормаларға байланысты қыздар үй шаруаларын ұлдарға қарағанда көбірек атқарады, нәтижесінде қыздардың білім алуына азырақ уақыт қалады. Қыздар оларға STEM салаларында мансап қууға кедергі келтіретін таптаурындар мен теріс түсініктерге жиі тап болады. Мұғалімдер, ата-аналар мен тәрбиешілер бұл қате түсініктер туралы білуге және оларды жою бағытында жұмыс істеуге тиіс. Ата-аналар, өз кезегінде, өз қыздарымен табысты әйелдер туралы көркем және деректі фильмдерді көбірек көріп, олардың қалыптасу тарихын, олардың жолында кездескен кедергілерді және оларды жеңу жолдарын талқылай алады.
Осылайша, еліктеуге тұрарлық үлгілерді көрсету мен тәлімгерлік жасау, қолайлы орта құру, АКТ саласында білім беру, іс-шаралар мен жарыстарға қатысуды ынталандыру, сондай-ақ гендерлік таптаурындар мен теріс түсініктерді жою – осының бәрі гендерлік теңдікке және әркімнің әлеуетін толық іске асыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.