Еңбек ақы төлеудегі гендерлік теңсіздікті жою: мәселеге едәуір мұқият көз тастау
2023 ж. 18 September
Гендерлік теңдікті ілгерілету, әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік кемсітушілікпен күресу жөніндегі жаһандық іс-шаралар 2030 жылға дейінгі күн тәртібінің және, атап айтқанда, 5-ші Тұрақты даму мақсатының (ТДМ) іргетасы болып табылады. 5-ші ТДМ аясында жыныс ерекшелігі бойынша кемсітушілік анағұрлым әділ және тең құқылы әлем құруға кедергі келтіретіні ерекше атап көрсетілген. Осы қызметтің ең маңызды тұсы болып жынысына қарамастан мән-маңызы жағынан бірдей еңбек үшін бірдей ақы төленуін қамтамасыз ету табылады. Сонымен қатар «лайықты еңбек және экономикалық өсу» 8-ші ТДМ 2030 жылға дейін жету қажет өршіл мақсаттарды белгілейді, оның ішінде барлық әйелдер мен ерлерді толық және өнімді жұмыспен қамтуды және мән-маңызы бірдей жұмыс үшін тең ақы төлеуді қамтамасыз ету де бар. Жыл сайын 18 қыркүйекте күллі әлем Халықаралық тең еңбек ақы күнін атап өтеді, бұл - осы мақсаттың маңыздылығының және алда күтіп түрған ұзақ жолдың жарқын дәлелі.
Әйелдердің құқықтарын кеңейту, олардың еңбек нарығына және экономикалық қызметке тең құқылы қатысуы тұрғысынан елеулі прогреске қарамастан, ерлер мен әйелдердің табысындағы теңсіздік өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Көбінесе пайызбен көрсетілетін еңбек ақы төлеудегі гендерлік алшақтық бір ұйымда ұқсас жұмыс атқаратын және мән-маңызы жағынан ұқсас лауазымда қызмет ететін ерлер мен әйелдердің орташа табысы арасындағы айырмашылық болып табылады. Ерлер мен әйелдер еңбегіне ақы төлеудегі гендерлік алшақтық өңірге және кәсіпке байланысты болғанымен, жаһандық деңгейде шамамен 20% құрайды, яғни, шекараны да, саланы да мойындамайтын жүйелік мәселе бар екенін көрсетеді. Өкінішке орай, ешбір ел еңбек ақы төлеудегі гендерлік алшақтықты ойдағыдай жоя алған жоқ.
Қазақстан еңбек ақы төлеудегі гендерлік алшақтықты қысқартуда ілгерілеушілік көрсетіп, 2018 жылғы 34,2%-дан 2021 жылы 21,7%-ға дейін төмендетті. Алайда 2022 жылы алшақтық қайтадан 25,2%-ға өсті, демек, осы мәселені шешу үшін қосымша күш салу қажет. Ұлттық статистика басқармасының мәліметі бойынша 2022 жылы әйелдер экономиканың барлық дерлік секторларында және мамандықтарда ерлерге қарағанда аз табыс табады.
Әйелдердің еңбегіне ақы төлеудегі теңсіздік жеке таңдау мен қоғамдық нормалардың күрделі өзара байланысының нәтижесі болып табылады. Әйелдердің мансапқа қатысты шешімдері, мысалы, жалақысы төмен мамандықтарды таңдауы немесе отбасылық міндеттерін атқару үшін еңбек жолында үзіліс жасауы, табыс теңсіздігіне септігін тигізеді. Мұндай таңдауға көбінесе әйелдерден қызмет бабында өсуден гөрі бала күтімі мен отбасылық өмірді жөн көруін талап ететін дәстүрлі гендерлік рөлдер және қоғам артатын үміт әсер етеді. Қоғамдық нормалар әйелдер үшін жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңыздылығын ерекше атап көрсетеді, сондықтан, оларды күн-түн демей жұмыс істеуді немесе ұзақ уақытқа іссапарға аттануды талап ететін көбінесе жоғары лауазымдармен және жалақымен байланысты факторлар жұмыстан қол үзуге итермелеуі мүмкін. Соның нәтижесінде жұмысқа қабылдау, қызмет бабында көтеру және жалақыны келісу кезінде жаңсақ көзқарас белең алып, еңбек ақы төлеудегі гендерлік алшақтықтың сақталуына ықпал етеді.
Еңбек ақы төлеудегі гендерлік алшақтық көбінесе ана атанған әйелдер үшін ұлғая түседі. «Ана атанау үшін айыппұл» деп аталатын бұл құбылыс жұмыс уақытын қысқарту, мансапты жарты жолдан үзу, жұмыс істейтін аналарды кемсіту сияқты факторлардан бастау алады. Көбінесе аналар өз ісіне онша берілмеген деп есептеледі, соның салдарынан жұмыс бабында өсу мүмкіндіктері азаяды.
Оған қоса бүкіл әлемде әйелдер ерлерге қарағанда ақысыз күтім мен үй жұмысына 2,5 есе көп уақыт жұмсайды: ЭЫДҰ статистикасы бойынша әйелдер - орта есеппен 4,73 сағат, ал ерлер - 1,84 сағат. Дүниежүзілік банктің 2018 жылғы соңғы мәліметтері бойынша Қазақстанда да дәл осындай үрдіс байқалады: әйелдер ерлермен салыстырғанда ақысыз үй шаруасына орта есеппен 3,2 есе көп уақыт жұмсайды – әйелдер: 4,56 сағат,ал ерлер: 1,44 сағат.
Еңбек ақы төлеудегі айырмашылыққа ықпал ететін тағы бір фактор болып кәсіптік алалау табылады. Әдетте мейірбике, мұғалім және әкімші сияқты жалақысы төмен мамандықтарда әйелдер саны шамалас емес, ал машина жасау және қаржы сияқты жалақысы жоғары салаларда ерлер басым. Мысалы, Қазақстандағы статистика бойынша экономиканың отыз үш саласында ер хатшылар жоқтың қасы. Бұл мамандық толығымен дерлік әйелдер еншісінде.
Тең еңбек ақы тек әділдік мәселесі ғана емес, сонымен бірге қоғам мен экономика үшін салдары алысқа баратын адам құқықтарының іргелі мәселесі болып табылады. Moody's Analytics есебіне сәйкес еңбек ақы төлеудегі теңсіздікті азайту әлемдік экономиканы шамамен 7%-ға немесе 7 триллион долларға арттыра алады. Мұндай әлеуетті пайдалану және еңбек ақы төлеудегі гендерлік алшақтық мәселесін шешу үшін жеке таңдау мен қоғамдық нормалар арасындағы күрделі өзара байланысты ескеретін кешенді тәсіл қажет.
Жеке шешімдер сөзсіз белгілі бір рөл атқарғанымен, әлгі таңдауға әсер ететін жүйелік жаңсақ көзқарастар мен артылатын үміттерді естен шығармау маңызды. Шынайы гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әйелдерді жалақы мен қызмет бабында жоғарылату туралы келіссөздерде тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге ұмтылуымыз керек. Бұл дәстүрлі гендерлік рөлдерге қарсы тұруды, анағұрлым инклюзивті және икемді жұмыс ортасын құруды, сондай-ақ жұмысқа қабылдау және жұмыс бабында жоғарылату кезіндегі біржақтылықты жою үшін белсенді жұмыс атқаруды көздейді. Жеке таңдауды бағалап, құрметтей отырып, әрі тең мүмкіндіктер үшін жағдай жасай отырып, жыныс бұдан былай табыс табу әлеуетін және мансапта өсу мүмкіндіктерін айқындамайтын әлемге бір табан жақындай аламыз.