Сын-қатер мен мүмкіндіктер: БҰҰДБ мен Парламент Сенаты ОДМ-ны Қазақстанда іске асыруды талқылады
2023 ж. 22 September
21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комиссия мүшелері үшін «БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) Қазақстанда іске асыру барысында пайда болатын мүмкіндіктер мен мәселелер» тақырыбы бойынша семинар өтті. Парламентшілерге арналған оқыту семинары БҰҰДБ, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ техникалық қолдауымен өтті.
Өз сөзінде БҰҰДБ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа БҰҰДБ 2018 жылдан бері Қазақстан Үкіметімен 2030 жылға дейінгі күн тәртібін іске асыру бойынша тығыз әріптестікте жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Осы орайда қабылданған шаралар мен бастамаларды үйлестіру тиімділігін арттыруға бағытталған ОДМ бойынша Үкіметтік архитектураны құру маңызды нәтиже болды. Қазіргі таңда Үкімет орта мерзімді кезеңге ОДМ-ны оқшаулау, статистикалық әлеуетті арттыру, сондай-ақ елдің стратегиялық және бюджеттік жоспарлауын одан әрі үйлестіру сияқты нақты басымдықтарды айқындап отыр.
2018 жылдан бастап Қазақстанда 2030 жылға дейінгі жаһандық күн тәртібін іске асыру мақсатында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен елдегі ОДМ-ға жету процесін ілгерілету үшін стратегиялық шешімдер қабылдайтын ОДМ жөніндегі Үйлестіру кеңесі жұмыс істейді.
Сонымен қатар Вавьерниа ханым парламентшілердің ОДМ принциптерін заңнамаға интеграциялауды қамтамасыз ету және бюджеттік қадағалауды жүзеге асыру арқылы ОДМ-ны қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бюджет қаражатын бөлуді тиімді жоспарлау мен мониторингтеуді жүзеге асыру мақсатында бюджеттік шешімдерді тиімді қабылдауға ықпал ететін және онлайн режимінде қызмет атқаратын ОДМ-ны Қаржыландыру Жөніндегі Ақпараттық Панель құрылды. Құрал жақын арада «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ресми сайтында қолжетімді болады.
Талқылаудың тағы бір бағыты БҰҰДБ-ның Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Орталық Азиядағы ОДМ бойынша Платформа» атты өңірлік бастамасының іске қосылуын қамтыды. Платформа ОДМ-ға қол жеткізуді жеделдету үшін Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін үрдістерге, саясатқа, қаржыға және басқа да факторларға кешенді шолу жасайды.
Өз сөзін аяқтай отырып, Вавьерниа ханым ҚР Парламентінің ОДМ-ны іске асыру процесіне бейілділігінің құндылығын атап өтті, өйткені БҰҰ мен Қазақстанның мақсаты бір — орнықты, тең құқылы және әділ мемлекет құру.