Алтыншы бап климат өзгерісі саласындағы жаһандық ынтымақтастыққа қалай ықпал етеді?
2023 ж. 11 October
Париж келісімі климат өзгерісімен жаһандық деңгейде күресу үшін қажетті жағдай жасайды. Осы күресте инновациялық қаржыландыруға және трансшекаралық ынтымақтастыққа септесетін құрал болып табылатын 6-бап орталық орынға ие. Ол ойын ережесін қалай өзгертетінін бірге қарастырып көрейік.
Париж келісімі негізінде мемлекеттердің климатты қорғаудың жеке жоспарын әзірлеу міндеттемесі жатыр, олар «ұлттық деңгейде айқындалатын үлестер» (ҰДАҮ) деп аталады. 6-бап бірегей әдісті жақтайды. Кейбір елдер шығарындыларды жалғыздан-жалғыз азайтуда сәтсіздікке ұшырауы мүмкін екенін мойындай отырып, ластануды азайту шараларын саудаға салуды жеңілдетеді. Атап айтқанда, мемлекеттер шығарындыларды азайту кредиттерін сатып алады және сатады. Көміртек шығарындыларын қысқартумен қатар осы ынтымақтастық рухы дамушы елдерде Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу жолында жетістікке жетуге септігін тигізеді.
6-баптың негізгі тұжырымы болып мемлекеттерге өзге елдердегі шығарындыларды азайтатын жобаларға инвестиция салу арқылы парниктік газдар шығарындыларын азайтуға мүмкіндік беретін «Халықаралық деңгейде берілетін климаттың өзгеруін болдырмау нәтижелері» (ITMO) табылады. Алайда, шығарындыларды азайту мақсаттарына қол жеткізу үшін ITMO пайдалануға мемлекеттер басқа қатысушылардың рұқсатын алуы қажет. Рұқсат алу 6-бапқа сәйкес халықаралық ынтымақтастық үшін шешуші маңызға ие, себебі, бір елде азайған шығарындыларды қашан ITMO деп санауға болатынын анықтайды.
6-бапқа сай ынтымақтастыққа мүдделі бірнеше мемлекет 6-бап талап ететін «дайындыққа» қамдануды бастады, яғни мемлекет Париж келісімінде көзделген халықаралық ынтымақтастық пен мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға дайын деген сөз. Мемлекет сол келісімдерді әділ және ашық түрде барынша пайдалана алатындай, сондай-ақ нарықтық емес мүмкіндіктерді түсіне алатындай әлеует пен жүйелердің болуын, сондай-ақ институционалдық негізді және тиісті мониторинг процедураларын қарастыруды қамтиды[1].
ITMO берудің әлемдегі тұңғыш жағдайы
Жапония мен Швейцария сияқты нақты кредиттерді сатып алудың және олардың өз ITMO аясына енгізудің айқын жүйелері мен негіздерін жасаған елдер бар.
Мысалы, Швейцария климат саласында 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын екі есе азайту міндеттемесін мойнына алды. Бұған Швейцария үкіметі ITMO арқылы қол жеткізуді жоспарлап отыр. Мұндай стратегия Швейцарияға климат саласындағы батыл мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар дамушы елдерді елеулі даму артықшылықтарымен қамтамасыз ететін климат өзгерістерінің салдарын жұмсарту жобаларын іске асыруды жеделдетеді.
Нәтижесінде, былтыр ТК 27 (Климат өзгеруі жөніндегі конференция) кезінде Гана үкіметі мыңдаған күріш өсірушілерді оқытуды қолдайтын климат тұрғысынан оңтайландырылған күріш шаруашылығы жобасының арқасында климат өзгерістерінің салдарын жұмсарту нәтижелерін Швейцарияға беруге ресми рұқсат етті. БҰҰДБ Париж келісімінің 6.2-бабының шеңберінде қолданылатын Гана мен Швейцария арасындағы екіжақты келісімді жасасуға қолғабыс етуде шешуші рөл атқарды.
Қазақстан бірлескен тәсілдерге қатысудан қандай артықшылықтарға ие бола алады?
Бірлескен тәсілдерге қатысудың Қазақстан үшін пайдасы көп. Біріншіден, олар климат өзгерісінің салдарын жұмсарту бойынша қымбат шараларды қаржыландыруға көмектесе алады. Аталмыш тәсілдерді қолдану арқылы Қазақстан басқа жағдайда қол жетпейтін, қалта көтермейтін болуы мүмкін озық инновациялар мен технологияларға қол жеткізе алады. Бұл экономиканың өмірлік маңызы бар салаларына инвестиция тартуға және қыруар ресурстарды қажет ететін батыл жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Көміртек нарықтарының ең маңызды қасиеті қосымша қолдаусыз экономикалық тұрғыдан ақылға қонымды болмайтын «жасыл» технологияларға қаржы тарту құралы болып табылады.
Салдарды жұмсартудың беруге келмейтін, шығарындыларды азайту шекарасынан тыс жатқан нәтижелер болуы мүмкін. Шығарындыларды азайтуда қол жеткізген нәтижелердің кейбірін қабылдаушы ел өзінің ITMO-не үлес қосу үшін сақтап қала алады. Оның үстіне осындай іс-шаралар технологияларға кететін шығындарды азайту, инвестиция салуға кедергі болатын тосқауылдарды жою және мінез-құлықты өзгерту немесе жаңа технологиялар мен дағдыларды енгізу есебінен болашақта шығарындыларды азайту үшін берік негіз қалауы мүмкін.
Оған қоса бірлескен тәсілдер тұрақты дамуға пайдасын тигізуі ықтимал, өйткені климат өзгерісінің салдарын жұмсарту шараларының қоғамдық денсаулық сақтауды жақсарту, таза суға қол жеткізуді қамтамасыз ету, лайықты жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін беру, әлеуметтік теңсіздікті азайту және климат өзгерісінің салдарын жұмсарту жобаларын қосымша ынталандыру сияқты оң жанама әсерлері бар.
Бірлескен тәсілдердің тиімділігі салдарды жұмсарту және рұқсат беру жөніндегі іс-шараларды мақұлдау мен тіркеуді жеңілдететін, сонымен бірге ITMO беруге үкіметті белсенді қатыстыратын мұқият ойластырылған ішкі құрылым мен саясатқа тәуелді. Осылайша ITMO беретін елдер рұқсат ететін қызмет түрлерін анықтай алады. Құқықтар мен мүмкіндіктерді осылай кеңейту оларға стратегиялық тұрғыдан құнды, ұзақ мерзімді пайда әкелетін климат пен тұрақты даму мақсаттары саласындағы ұлттық мақсаттарымен қиысатын істерге инвестиция салуды стратегиялық жағынан ілгері бастыруға мұрсат береді.
БҰҰДБ ұлттық деңгейде 6-баптың орындалуын терең түсінуді қамтамасыз етеді
Қазақстан әлдеқайда жасыл болашаққа көшу қажет екенін жете түсініп, 2016 жылы Париж келісімін ратификациялағандықтан, БҰҰДБ Келісімге сай есептілік және ашықтық міндеттемелерін орындауда үкіметке белсенді қолдау көрсетеді. Қазақстанның климат саласындағы саясатының маңызды құрамдас бөлігі ретінде БҰҰДБ елде жұмыс істейтін халықаралық және трансұлттық кәсіпорындар үшін көміртек шығарындыларының орнын толтыру тетіктерін іске асыру үшін қолайлы құқықтық орта қалыптастыратын БИОФИН бастамасы арқылы ормандарды қорғауға ерекше көңіл бөледі.
БҰҰДБ үшін мемлекеттерге жетекшілік ету мүмкіндігін беру өте маңызды мәнге ие. Мемлекеттерге өз құзыретіндегі жобалар туралы жай ғана білу жеткіліксіз; олардың өз ITMO мақсаттары мен ұзақ мерзімді төмен көміртекті даму жоспарлары негізінде жобалардың басымдығын белгілеуге өкілеттілігі болуы тиіс.
Бірақ қадағалау және шешім қабылдау өкілеттіктерінің артуымен жауапкершілік те артады. Мемлекеттер өз таңдауы үшін жауапты болатынын біле отырып, жобаларды барынша тәптіштеп бағалау және мақұлдау үшін техникалық әлеуеті болуы керек. Мұндай жауапкершілік сонымен қатар жұмсалған күш-жігерді мойындай отырып, бірақ әдетте жобаларды алдын ала қаржыландыратын жеке меншік сектордың инвестицияларының орнықтылығын ескере отырып, қаржылық сыйақы алу мүмкіндігімен қатар жүруі керек.
Егер тіпті мемлекет ішінара тәуелсіз стандарттарға сүйенуді шешсе де, үкімет бәрібір жобалардың ұлттық стратегиялар мен мақсаттарға сәйкестігін бағалауы тиіс. Үкіметтің мақұлдауы немесе рұқсаты жобалардың мемлекет мақсаттарына, Париж келісіміне, ITMO және ШДТДС (Шығарындылар деңгейі төмен даму стратегиясы) бұлтарыссыз, айла-шарғысыз сәйкес келуін қамтамасыз етеді.
Көміртек нарықтарындағы осындай жаңадан туындаған қиындықтарды жоюға көмектесу үшін БҰҰДБ үш негізгі бағыттан тұратын кешенді қолдау шаралары қарастырылған «Даму мақсатындағы көміртек шығарындылары үшін төлемдер» атты арнайы тетікті жасап шығардыды:
(i) техникалық көмек және әлеуетті арттыру
(ii) енгізу барысын оңтайландыруға арналған цифрлық шешімдер
(iii) салдарды жұмсартудың тексерілген нәтижелеріне негізделген көміртек шығарындылары үшін төленетін төлемдер арқылы тікелей қаржылай ынталандыру.
Осы ұсыныс аясында 11-13 қазан аралығында БҰҰДБ Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге Астана қаласында, Қазақстан, семинар форматында ұлттық консультациялар өткізеді.
Негізгі мақсат – Париж келісімінің 6-бабын жүзеге асыру бойынша ұсынымдар беру және 6.2-бап үшін Қазақстанда құқықтық база әзірлеу. Осы шара елге 6-бапта баяндалған тетіктерді тиімді және нәтижелі пайдалануға қатысты дайындығы мен білім қорын жетілдіруге құнды мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазіргі дайындық мүмкіндіктерін бағалауға және климат өзгерісі саласындағы болашақ қадамдардың басымдығын анықтауға септігін тигізеді.
*** Ұлттық консультациялар БИОФИН бастамасының қолдауымен жүзеге асырылады, аталмыш бастама төмен көміртекті жасыл даму үшін қаржылық шешімдерді, соның ішінде көміртек шығарындыларының орнын толтыру шешімдерін әзірлейді және ілгері бастырады.