БҰҰДБ баяндамасы Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері секторындағы әйелдер рөлінің артып келе жатқандығын көрсетеді
2023 ж. 17 October
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторындағы гендерлік теңгерімнің талдамалық есебін жариялады.
Баяндамада келтірілген деректерге сәйкес, Қазақстанның энергетика секторындағы әйелдердің үлесі ерлердің үлесінен төмен болып қалуда. Атап айтқанда, көмір өндіру өнеркәсібіндегі әйелдердің орташа өкілдігі – 22%-ды, ал мұнай-газ секторында – 18%-ды құрады. Дегенмен, жаңартылатын энергия секторында жұмыс істейтін әйелдердің үлесі 30%-ға жетті және бұл дәстүрлі энергетика салаларымен салыстырғанда ЖЭК саласының әйелдер үшін салыстырмалы тартымдылығын көрсететін оң көрсеткіш.
Осы оң үрдіке қарамастан, гендерлік теңсіздік энергетика секторында, әсіресе шешім қабылдау деңгейінде әлі де өзекті мәселе болып табылады. Баяндама Қазақстандағы әйелдердің негізінен біліктілігі төмен лауазымдарды атқаратынын және электр энергетикасындағы біліктілігі жоқ әйелдердің үлесі 53% құрайтынын көрсетеді. Әйелдер басшылық (16%) немесе техникалық (19%) лауазымдарды аз атқарады. 2022 жылы энергетикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің 10%-дан азы әйелдер болды.
«Гендерлік теңді теңдік, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту – бұл жай ғана мақсат емес, ол сондай-ақ әлемдегі күрделі қиындықтарды еңсерудің алғышарты және шешімінің бір бөлігі. Біз әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың өмірдің барлық аспектілеріне толық және тең қатысуын қамтамасыз еткенде, біз оң өзгерістерге жол ашамыз. БҰҰДБ гендерлік теңдік қағидаттарын ұлттық серіктестермен кешенді жұмыстың барлық салаларына біріктіреді. Климаттың өзгеруіне әйелдердің орнықтылығын арттыру және бейімделуді қоса алғанда, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл жоспарлары, климаттық қаржыландыру және табиғи ресурстарды басқару арқылы теңсіздікті азайтатын гендерлік «жасыл» көшуді қолдау БҰҰДБ-ның 2022-2025 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясында баяндалған басымдықтар болып табылады», –деді БҰҰДБ-ның Гендерлік теңдік жөніндегі жаһандық директоры Ракель Лагунас.
2016 жылы әлем бойынша жаңартылатын энергия көздері саласында 8 миллион адам жұмыспен қамтылды, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 11,5 миллионға дейін өсті. 2050 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері 139 елде 24,3 миллион жұмыс орнын ашады деп күтілуде, ал дәстүрлі энергетика, биоотын және атом энергетикасымен байланысты салаларда 27,7 миллион жұмыс орны жоғалады. Бұл ауысым жаңартылатын энергия көздеріндегі жұмыс күшінің өсуін көрсетеді.
Баяндама Қазақстандағы ЖЭК-тегі әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі семинарда ұсынылды, ол сондай-ақ гендерлік теңсіздікті еңсеру үшін саяси деңгейдегі негізгі үрдістер мен шешімдерді талқылау үшін платформа болды.
«Қазақстандағы бағдарламаларымыз аясында біз гендерлік теңдікке ерекше назар аударамыз және әйелдердің басшылық лауазымдарда болуы үшін барлық мүдделі тараптармен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Біз жаңа тәсілдерді әзірлеуге инвестиция саламыз және әйелдердің әлеуетін толық іске асыру үшін жұмыс істей отырып, терең қалыптасқан теріс нормалармен, гендерлік таптаурындармен және зиянды практикалармен күресуге бағытталған саясатты қолдаймыз. Қазақстандағы БҰҰДБ энергетика секторында 60 000-нан астам әйел үшін энергия көздеріне әртараптандырылған қолжетімділікті ұсынды және оларға энергия тиімді жаңғыртуды жүргізуде қолдау көрсетті. Біздің келесі қадамымыз – бүкіл ел бойынша және одан тыс жерлерде гендерлік құқықтарды қорғаушылардың үндерін күшейтетін «Әйелдер әділетті энергетикалық жүйеге көшу үшін» желісі үшін қолайлы жағдайлар жасау», –деді БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Семинар аясында ЖЭК секторында құрылған әйелдер желісінің іс-қимыл жоспары талқыланды, ол таза энергия саласында гендерлік бағдарланған мақсаттарды қорғауға мүмкіндік береді.
«Әйелдер әділетті энергетикалық жүйеге көшу үшін» желісінің мақсаты – әйелдерді шешім қабылдау процесіне тарту, олардың саяси және экономикалық өмірге қатысуын кеңейту, сондай-ақ таза энергияға қол жеткізу. Біздің стратегиямыз адвокацияны, ғылыми ортамен ынтымақтастықты әрі жеке және мемлекеттік сектордағы әйелдер үшін қолайлы жағдай жасауды қамтиды. Осы өршіл көзқарасты жүзеге асыру үшін барлық мүдделі тараптардың бірыңғай бейілділігі өте маңызды», –деп атап өтті «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының Басқарма төрайымы Айнұр Соспанова.
Толығырақ ақпаратты мына сілтемеден оқи аласыз.