БҰҰДБ Қазақстанның ауылдық жерлерінің қажеттіліктері үшін биоотын жасап шығару бойынша жобаның нәтижелерін таныстырады

2023 ж. 11 December
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) «Әділ ауысу – Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі әйелдердің мүддесі үшін «жасыл» биоотын» жобасының қорытындысын ұсынды. Бұл жоба БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен бастамасы, көмірді біртіндеп ауыстыру мақсатында неғұрлым таза, баламалы отын түрлерін енгізуге бағытталған. Бастама сонымен қатар гендерлік аспектіге ие және әйелдердің энергия ресурстарына қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.  

«Біз көміртегі шығарындыларын азайтуға баса назар аудара отырып, әлемдік экономиканың анағұрлым инклюзивті және орнықты даму жолына көшу шегінде тұрмыз. Бұл ауысу энергетика, азық-түлік, өнеркәсіп сияқты әртүрлі секторларда терең өзгерістерді қажет етеді. Ауыл шаруашылығы мен ағаш өңдеу қалдықтары сияқты бұрын бағаланбаған ресурстарды пайдалану арқылы жеделдетуге болатын таза энергияға ауысу әсіресе маңызды. Бұл материалдар тек қалдықтар ғана емес, сонымен қатар жаңартылатын энергияның құнды көздері болып табылады. БҰҰДБ мен біздің ұлттық серіктестеріміздің күш-жігерінің арқасында олар жергілікті қоғамдастықтардан бастап ел экономикасына дейінгі барлық деңгейлерде пайда әкеле бастайды, бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады және адамдардың өмірін жақсартады. Біздің орнықты дамуға деген бірлескен ұмтылысымыз бізді адамдар мен планета үшін жасыл және орнықты болашаққа апаратын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың маңыздылығы мен тиімділігін көрсетеді», –
деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

Ауылшаруашылық қалдықтары және брикет

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі өндірушілердің бірі. Осы қызметтің нәтижесінде ауыл шаруашылығы қалдықтарының едәуір көлемі қалыптасады. Бұл қалдықтардың бір бөлігі, мысалы, дақылдардың сабаны, топырақтың сапасын жақсарту үшін, сондай-ақ мал азығы мен малға төсеме ретінде қолданылады. Ауылшаруашылық дақылдарының қалдықтарынан басқа, ағаш өңдеу қалдықтары мен күнбағыс қауызының едәуір мөлшері де бар. Біраз уақыттан кейін қалдықтардың елеулі бөлігі күйіп кетеді немесе ыдырайды, парниктік газдарды – көмірқышқыл газы мен метан шығарады. Алайда, қайта өңдеу жағдайында бұл қалдықтар отын брикеттері түрінде жылу энергиясын өндіруде табысты пайдаланыла алады. 

Қазақстанда сабаннан отын брикеттерін өндірудің әлеуетті көлемі 3,500,000 тоннаға дейін жетеді, ағаш өңдеу қалдықтарынан жылына 147,500 тоннаны құрайды, бұл 2,940,000 тонна көмірді жағуға тең. БҰҰДБ сарапшыларының алдын ала бағалауы бойынша биомассадан отын брикеттерін өндірудің жаңа саласын қалыптастыру Қазақстан өңірлерінде 1,400-ден 2,800-ге дейін жаңа кәсіпорын құруға мүмкіндік береді. 

 

Зерттеу нәтижелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысы (СҚО) отын брикеттерін/түйіршіктерін өндіру үшін пилоттық облыс ретінде таңдалды. 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысында орман пайдалану көлемі 512,000 текше метрді құрады, оның 20-25 пайызы қазіргі уақытта өңірдің экономикасына ешқандай пайда әкелмей, өртеу жолымен ғана кәдеге жаратылатын қалдықтар болуда.

Бірлескен бастама аясында СҚО-дағы екі кәсіпорын қолда бар ауыл шаруашылығы және ағаш қалдықтарынан брикеттер өндірісін іске қосуға гранттар алды. БҰҰДБ гранттары қажетті жабдықты сатып алу және орнату шығындарын ішінара өтеуді көздейді. СҚО кәсіпкерлері өндірістік желілерді іске қосып, халықтың осал топтарына отын брикеттерінің алғашқы партиясын тегін таратып берді. Отын брикеттерін пайдаланған халыққа жүргізілген сауалнаманың нәтижелері респонденттердің көпшілігі өз елді мекендерінде тиісті өндіріс болған кезде, сондай-ақ баламалы отынның бағасы дәстүрлі отынның құнынан жоғары болмаған жағдайда, біртіндеп баламалы отынды пайдалануға ауысуға дайын екенін көрсетті. Сонымен қатар, респонденттер брикеттердің бірқатар артықшылықтарын, яғни жану ұзақтығын, пайдалану ыңғайлылығын, күлдің көп болмауын, салмағының жеңілдігін, сондай-ақ күйік иісі деңгейінің де төмен екендігін атап өтті.

Іс-шараның қатысушылары

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Баламалы отын өндіру бойынша пилоттық жобаның нәтижесінде сарапшылар осы саланы дамыту үшін негізгі ұсынымдарды әзірледі. Олар отын брикеттерін жасап шығаруға тиімді ықпал ете алатын шағын және орта бизнесті қолдау үшін бірқатар қолданыстағы қаржылық механизмдерді пайдалануды кеңейтуді қамтиды. Түйірлер, брикеттер мен түйіршіктер өндірісін жеке қызмет түрі ретінде экономикалық қызметтің жалпы жіктеуішіне енгізу, сондай-ақ «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бағдарламалары мен құралдарын және агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау және кредиттеу саласындағы қолданыстағы заңнаманы неғұрлым белсенді қолдану ұсынылады.

Сарапшылар сонымен қатар қауымдастықтар, банктер және үкіметтік емес ұйымдар арқылы қаржылық қолдаудың қолжетімділігі туралы оқыту мен таратудың маңыздылығын атап көрсетеді. Сонымен қатар, осы саладағы әйелдер кәсіпкерлігі үшін қосымша қолдау шаралары ұсынылды.