Жаңартылатын энергия көздеріне көшу: қазақстандық кәсіпкерлер үшін экономикалық жағынан пайдалы
2024 ж. 12 February
Шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту – елдердің экономикалық өсуінің маңызды құрамдас бөлігі. ШОБ дамуының негізгі көрсеткіші олардың елдің ЖІӨ-дегі үлесі болып табылады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылы Қазақстанда ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 36.5 пайызды құрады және 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0.5 пайызға өсті.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасының Үкіметімен серіктестікте және Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) технологияларын және энергия тиімділігін енгізуге мүдделі ШОБ өкілдері үшін арнайы қаржылық қолдау бағдарламаларын әзірледі. Олардың бірі «ЖЭК-ке инвестициялау тәуекелдерін азайту» жобасы шеңберінде іске асырылады және ШОБ-қа кредиттер бойынша негізгі борыштың бір бөлігін өтей отырып, шағын көлемді ЖЭК жобаларын дамытуға көмектеседі.
Қазақстанда жасыл технологияларды енгізу кезінде кәсіпкерлер бірқатар қиындықтарға тап болады, оның ішінде өз кепілінің жетіспеушілігі, кредит бойынша жоғары пайыздар және кредиттеудің қысқа мерзімдері. БҰҰДБ мен Қазақстан Үкіметінің бірлескен бастамалары дәл осы кедергілерді еңсеруге бағытталған.
Өз қажеттіліктері үшін ЖЭК технологияларын енгізудің бір мысалы – Шымкенттік кәсіпкер Раушан Джанисбаеваның кәсіпорнындағы күн электр станциясы (КЭС). Кәсіпкер ЖЭК технологияларының тиімділігі туралы жақсы біледі. Бірнеше ондаған қуатты тоңазытқыш қондырғылары, наубайхана және электромобиль сататын дилерлік орталық орналасқан өз кәсіпорнын электрмен жабдықтау үшін ол 100 кВт станция орнатқан болатын. 2023 жылы Раушан 60 кВт екінші станциясын орнату мақсатында БҰҰДБ-ның қаржылық қолдау бағдарламасына қатысуға өтініш берді. Бұл орталық электр желілеріне жүктемені азайтып, үнемдеуге алып келді.
«Біз жыл сайын шамамен 180.000 кВт/сағ электр энергиясын тұтынамыз. Электр қуатымен проблемалар болды, өйткені желілер тозған және жүктемеге төтеп бере алмады. Бұл мәселені шешу үшін біз қосымша трансформаторларды қойдық, бірақ олар да мәселені шеше алмады. БҰҰ Даму бағдарламасының 35 пайыз көлеміндегі қаржылық қолдауы бұл мәселені шешті. Несиеге күн панельдерін сатып алдық, ал бағдарлама негізгі қарызымызды азайтты. Күн станциялары электр энергиясы қызметіне төлемдерді жылына 3.000.000 теңге сомасынан бастап үнемдеуге мүмкіндік береді», — дейді Раушан Джанисбаева.
Бақтияр Юсупов, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылындағы ауданы 10.000 ш.м. құрайтын жылыжайдың иесі. Оның 100 киловаттық КЭС кәсіпорынның күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, өндірілген артық электр энергиясын сатудан ақша табуға мүмкіндік береді.
«Өсімдіктерді суару үшін суды сорғылар сорады, сондықтан біз үшін үздіксіз электр энергиясының болуы маңызды. Енді біз ешкімге тәуелді емеспіз және қажет болған кезде біз қажетті электр энергиясын алып, қалғанын сатамыз. Айына артық қалған энергияны сату бізге шамамен 500.000 теңге әкеледі», — дейді Бақтияр Юсупов.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылындағы кесек қант өндіретін кәсіпорында қуаты 150 кВт болатын тағы бір күн станциясы орнатылды. Бұл жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары мен кәсіпорын қызметкерлеріне пайдалы. Кәсіпорын басшысы Ғалым Ысқақовтың айтуынша олар дизель генераторын пайдалануды 90 пайызға қысқартты және осылайша өңірдің экологиясын жақсартуға үлес қосуда.
«Электр қуатының жиі өшуіне байланысты біз дизельді генераторды қолданамыз. Әрине, біз үнемдегіміз келеді әрі ең дұрысы да осы, біздің мақсатымыз дизельге қарағанда таза отынға ауысу. Күн станциясын орнатқаннан кейін біз орталық электр желісінен тәуелсіз боламыз, сонымен қатар өзіміз Басқұдық және Атамекен ауылдарының тұрғындары үшін таза электр энергиясын жеткізуші боламыз. Қазір біздің кәсіпорында 50 қызметкер жұмыс істейді, бизнесті кеңейту және тағы 20 жұмыс орнын құру жоспарда бар», —дейді Ғалым Ысқақов.
Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау әсіресе төмен көміртекті экономикаға көшу тұрғысынан өзекті болып отыр. Қазақстан Үкіметімен серіктестікте іске асырылатын БҰҰДБ қаржылық қолдау бағдарламалары кәсіпкерлерге парниктік газдар шығарындыларын азайта отырып, шығындарды азайтуға, тиімділікті арттыруға, қосымша жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Бұл бастамалар бизнестің осы процеске қосқан үлесін көрсете отырып, елдің орнықты дамуын қолдауда шешуші рөл атқарады.