Бизнесті кеңейтудің жаңа жолдары: Түркістан облысындағы табысты кәсіпкердің тәжірибесі

2024 ж. 19 March

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбар ауылындағы жылыжай кешені

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Мұхит Байғараев

Қазақстанның оңтүстік бөлігінің климаты жылына күн райы шуақты күндердің көптігімен ауыл шаруашылығы мен агробизнесті дамыту үшін де, сондай-ақ күн панельдері мен коллекторлар сияқты жаңартылатын энергия көздерінің технологияларын қолдану үшін де қолайлы жағдайлар жасайды. Дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайту арқылы бұл технологиялар жергілікті кәсіпкерлерге энергия шығындарын азайтуға ғана емес, сонымен қатар бизнесті кеңейтуге және жергілікті қоғамдастықтар мен өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізеді.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбар ауылының кәсіпкері Бақтияр Юсупов өзінің жер учаскесінің әрбір метрін барынша тиімді пайдалануға ұмтылады. 10.000 шаршы метр алаңда ол жылыжай кешенін салды.

Жылыжай кешенінде жыл сайын жүздеген тонна қияр мен қызанақ піседі, оны жергілікті тұрғындар жергілікті базардан сатып ала алады

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Мұхит Байғараев

Көкөністерді жақсы өсірумен қатар, Бақтияр өзінің агробизнесін одан әрі дамытудың жаңа көкжиектерін үнемі зерттеп отырады. Бұл ізденіс оны ерекше экологиялық және экономикалық қасиеттерімен танымал павловния ағашын өсірудің қызықты шешіміне алып келді. Бахтиярдың айтуынша, ағаштың бөрікбасы 20 килограмға дейін көмірқышқыл газын сіңіре алады, құлаған жапырақтар топырақты пайдалы органикалық заттармен байытады, ал тамыр жүйесінің белсенді дамуы әрі тез қалпына келуінің арқасында ол топырақ эрозиясының алдын алады.

Жылыжай кешенінің жанындағы жер учаскесінде кәсіпкер павловнияның 20.000 көшетін отырғызды

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Мұхит Байғараев
«Жылыжай кешенінің жанында біз биіктігі 70 см-ге дейін өскен 20.000 павловния көшеттерін отырғыздық. Бұл ерекше ағаш, өйткені ол тез қалпына келеді және кесілгеннен кейін де жаңа өскіндер шығып өсе береді. Павловния сүрегін өңдеудің беріктігі мен жеңілдігі үшін бағалайды және жиһаз өндірісінде, автомобиль жасауда, құрылыста, әрлеуде және тіпті кеме жасауда қолданылады», –
дейді Бақтияр.

Павловния өсе бастаған кезде тамырларын жер бетіне жақын қалыптастырады, сондықтан үнемі суарып тұру оны өсіру шарттарының бірі болып табылады. Отырғызғаннан кейін бірінші жылы жеткілікті дамыған тамыр жүйесін қалыптастыру үшін су өте маңызды, әйтпесе өсімдіктің кеуіп қалу қаупі бар. Өсімдіктің тамыр жүйесі дамып, тереңірек сулы қабаттарға жеткенде, жиі суару қажеттілігі азаяды.

Бақтияр кәсіпорнындағы өсімдіктерді суаруға арналған суды сорғылар арқылы қамтамасыз етеді, олар өз кезегінде электр қуатымен жұмыс істейді. Кәсіпкер электр қуатын жиі өшіру мәселесіне тап болды және бұл мәселені шешу үшін күн электр станциясын орнатты. Ол кәсіпорынның қажеттіліктерін толығымен жабып қана қоймай, Шұбар ауылының тұрғындарына да пайда әкеледі. Сонымен қатар, артық электр энергиясын сату арқылы кәсіпкер қосымша табыс табады.

«Үздіксіз электр энергиясымен жабдықтау біз үшін өте маңызды, өйткені ол өсімдіктерді суару сорғыларының жұмысына кепілдік береді. Бұрын біз орталық электр желілеріне қатты тәуелді болдық және электр энергиясы жиі сөніп қалғанда дизельді генераторды қолдандық. Біз 100 киловатт күн электр станциясын орнатқан кезде орталық электр желілерінен тәуелділіктен құтылдық, дизель отынынан бас тарттық және артық энергияны сатудан қосымша экономикалық пайда аламыз», – дейді Бақтияр.

Бақтияр Юсупов, Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбар ауылының кәсіпкері

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Мұхит Байғараев

Электрмен жабдықтау тұрақтылығы проблемалары бар өңірлерде жаңартылатын энергия көздерінің технологияларын қолдану әртүрлі сын-қатерлерді шешуге мүмкіндік бере отырып, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуды қолдауда да маңызды рөл атқарады. Бұл шағын және орта бизнестің үздіксіз жұмыс істеуі үшін маңызды болып табылатын электр энергиясына тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етуді қамтиды; операциялық шығындардың төмендеуіне әкелетін қазба отынына тәуелділікті азайту; және парниктік газдар шығарындыларын азайту, бизнестің экологиялық жауапкершілігін арттыру. Жаңартылатын энергияға энергетикалық ауысу жергілікті бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, оның орнықтылығын жақсартады және қоршаған ортаға әсерді азайта отырып, экономикалық өсуге серпін береді.

Күн электр станциясы 100 кВт 186 панельден тұрады, бұл кәсіпорынның қажеттіліктерін толығымен жауып қана қоймай, Шұбар ауылының тұрғындарына да пайда әкеледі

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Мұхит Байғараев

Бақтиярдың кәсіпорын аумағында күн электр станциясын орнатуы Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен БҰҰ Даму бағдарламасы және Қазақстан Үкіметінің бірлескен бастамасының арқасында мүмкін болды. Осы бастама шеңберінде жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігін пайдалана отырып, жобаларды енгізуге мүдделі Қазақстан кәсіпкерлері үшін қаржылық қолдаудың арнайы бағдарламалары әзірленді. Бұл бағдарламалар маңызды нәтиже берді, яғни шағын және орта бизнестің 58 жобасы 3.9 млрд теңге сомасына қаржылық қолдау алды, бұл 36.000-нан астам адам үшін неғұрлым тиімді және таза энергия көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз етті.

Қазіргі кезде Бақтиярдың кәсіпорнында 14 адам жұмыс істейді, бірақ кәсіпкер өз бизнесін кеңейтуді, тағы бір күн электр станциясын орнатуды және қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. «Күн электр станциясын орнату үшін біз несие алдық, ал БҰҰДБ қаржылық қолдау бағдарламасы бойынша негізгі қарызымыздың 25 пайызы жабылды. Енді біз ұңғымаларды бұрғылап және тағы да сорғыларды орнатқымыз келеді, бұл үшін көбірек электр қуаты қажет, сондықтан тағы бір күн электр станциясын, біршама  үлкенірегін орнатуды жоспарлап отырмыз», – дейді кәсіпкер.

 

Бақтияр жергілікті қоғамдастықты орнықты дамуға ынталандыра отырып, экологиялық жауапты кәсіпкер ретіндегі жолын жалғастыруда, ол өзінің үлгісімен жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» технологияларды тиімді пайдалану экономикалық өркендеуге, экологияны сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға қалай ықпал ететіндігін көрсетеді. Қазақстан өңірлерінде шағын және орта бизнесті дамыту, жергілікті кәсіпкерлерді инновацияларға ұмтылуда және өңірлерде өмір сүру сапасын жақсартуда қолдау, «жасыл» технологияларды енгізу үшін мүмкіндіктер беру – бұл экономика мен экология үйлесімді болатын, баршаның әл-ауқаты мен өркендеуін қамтамасыз ететін орнықты болашақтың кілті.