БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың ОДМ бойынша Парламенттік комиссияның Түркістанда өткен отырысында сөйлеген сөзі
2024 ж. 29 March
Жоғары мәртебелі Сенат Төрағасы Әшімбаев мырза!
Құрметті Парламент және Үкімет мүшелері!
Парламенттік комиссияның Орнықты даму мақсаттарын, оның ішінде таза су және санитария мәселелерін талқылауға арналған көшпелі отырысына қатысуға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз.
Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына жуырда жасалған талдау барысында оның Орнықты даму мақсаттарының 36%-ын және 5 ұлттық ОДМ көрсеткішін ғана қамтитыны анықталды. Бұл жағдай әсіресе сумен қамту және санитария мәселелерін шешуге бағытталған күш жігерді барынша күшейту керек екендігіне нұсқайды.
Қазіргі кезде сумен қамту қызметтерінің қолжетімділігі сияқты салалар бойынша айтарлықтай жетістіктер бар — қалалық аудандар 98,4%, ал ауылдық аудандар 94,5% қамтылған.
Дегенмен, алшақтық әлі де бар.
Ауылдық жерлерде шамамен 300 000 адам ауыз сусыз өмір сүріп жатыр.
Сондай-ақ қауіпсіз түрде өңделген ағынды су үлесі мен су стресінің төмендеуі бойынша прогресс байқалмайды. Мысалы, қалалық аудандар санитарлық жабдықтау деңгейін 77,1%-ға жеткізсе, ауылдық аудандар 8,8% ғана көрсеткішпен артта қалып отыр. Қауіпсіз түрде өңделген ағынды судың үлесі 2022 жылы 75,2%-ға дейін азайды.
Судың сапасына ерекше назар аудару қажет. Суының сапасы жоғары су объектілерінің пропорциясы бойынша біршама жетістік болғанымен, қиындықтар да бар. Алайда зерттелген 106 өзен мен су қоймасының 36-сындағы судың сапасы 2021 жылдың соңында өте нашар болғаны анықталды.
Ауыл шаруашылығындағы су ысырабы мәселесін де шешу керек. Ескірген суару жүйелері жалпы судың 38% мөлшерінің босқа ағып кетуіне апарып соғады.
Қорытынды анық: суды басқару саласындағы осы тенденциялар жалғаса берсе, 2030 жылға қарай әлеуметтік-экономикалық даму су тапшылығының кесірінен баяулауы мүмкін. Бағалау жұмыстары нәтижелеріне сүйенсек, 2040 жылға қарай Қазақстандағы суға деген қажеттіліктің тек 50%-ы ғана өтеледі.
Бұл мәселелерді шешу үшін жүйелі шаралар қажет. Оларға климат өзгеруінің кесірінен күшейе түсетін су ресурстарының азаюымен күресу, орнықты су ағындарын қамтамасыз ету үшін трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту, инфрақұрылымның деградациясымен күресу, суды басқару процестерін автоматтандыру мен цифрландыруды жақсарту және су ресурстарының антропогендік ластануына қарсы тұру жатады.
Үкіметті және жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігін қолдау үшін БҰҰДБ осы мәселелерді шешуге бағытталған бірнеше стратегиялық бастамаларға қатысады:
БҰҰДБ жаңа су кодексінің кешенділігі мен үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, оның қабылдануына ықпал етеді.
БҰҰДБ су есебін және мониторингті жақсартуға бағытталған жол картасын әзірлей отырып, су секторын цифрландыру барысын басқарады.
БҰҰДБ, серіктестерімен бірлесіп, мониторинг хаттамаларын енгізуді және климат өзгеруінің әсерін бағалау жұмысын жүргізуді, сондай-ақ, мұздықтар және теңіз жүйелері үшін ұлттық іс-қимыл жоспарларын және өңірлік стратегиялық бағдарламалар әзірлеуді қолдайды.
Сонымен қатар, климаттың өзгеруіне деген төзімділікті арттыру үшін, жергілікті қоғамдастықтардың өмірін жақсартуға назар аудара отырып, Арал және Каспий теңіздері өңірлерін қайта жандандыруға бағытталған жобаларды бастап жатырмыз.
БҰҰДБ ортақ күш-жігер аясында су ресурстарын орнықты түрде басқаруды ілгерілету және ОДМ 6 бағыты бойынша прогреске жету үшін Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастық құрып, таза су мен санитарияны баршаға қолжетімді қылуға ұмтылады.
Назарларыңызға рақмет.